«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Зейнет демалысына шықты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев зейнет демалысына шықты. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов әкімдікте өткен салтанатты жиын барысында мерейтой иесінің кеудесіне «Еңбек ардагері» медалін тақты.  Асқар Жоламанұлын әріптестері, зиялы қауым өкілдері де құттықтады.

Асқар Сақыпкереев 1958 жылы 2 қарашада бұрынғы Сергеев ауданының Марьевка ауылында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын, Алматы саясаттану және басқару институтын, Қазақстан-Ресей университетiн ғалым-агроном, саясаттанушы, юриспруденция бакалавры мамандықтары бойынша тамамдаған. Еңбек жолын 1981 жылы бұрынғы Булаев ауданында агроном болып бастаған. Түрлі ұйымдарда басшылық қызмет атқарды.  2004 жылы мемлекеттік қызметке келіп, 2017 жылға дейін облыстың жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының басшысы болды. 2017 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары ретінде экономика, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, еңбек инспекциясы, дене шынықтыру және спорт салаларына жетекшілік етті.

– Асқар Жоламанұлының еңбек өтілі 40 жылды құрап отыр. Осы уақыт ішінде ол елімізді, облысымызды дамытуға үлесін қосты. Оны белсенді, парасатты, адал ниетті, жауапкершілігі мол азамат ретінде білеміз. Облыс тұрғындарының тұрмысын жақсартуға көп еңбек сіңірді, мұны соңғы жылдардың жұмыс қорытындысынан да көруге болады. Түрлі бағдарламалар әзірлеп, оның қажеттілігін дәлелдеп, жүзеге асыра білді. Асқар Жоламанұлына атқарған еңбегі үшін алғыс білдіремін, – деді Құмар Ақсақалов.  

Салтанатты шараға қатысқан мерейтой иесінің әріптестері, зиялы қауым өкілдері де Асқар Жоламанұлын құттықтап, игі тілектерін арнады.

– Бүгіннен бастапзейнеткермін. Бұл күнге жеткенде,жетпегенде де бар. Өзімнің атымнан, отбасымныңатымнан Құмар Іргебайұлына, әріптестеріме алғыс айтамын. Менің бар саналы ғұмырым осы өңірде өтіп жатыр. Бұл жолда жақсы ұстаздар кездестіргеніне, ізетті ізбасарларымның болғанына тағдырыма ризамын. Мен ешқашан үйренуден қорыққан, ұялған емеспін, кейде тіпті білмегенімді қарамағымдағылардан сұрап отырдым. Құмар Іргебайұлы, Сіз алдымызға өңірдің экономикасын көтеру үшін жоғары меже қойдыңыз. 2025 жылға дейін облысты кешенді дамыту жоспары қабылданды. Алда атқарар жұмыс көп. Жақсы нәтижеге қол жеткізулеріңізге тілектеспін, –  деді Асқар Сақыпкереев.

Асқар Сақыпкереев Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың Алғыс хатымен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен және Министрдің алғыс хатымен марапатталды.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp