«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІЗГІЛІК НӘРІН СЕПКЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында білім беру мен тәрбие саласына ерекше назар аударылатынын айтты. Әрине, бұл жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан бүлдіршіндеріміздің болашағы үшін істелуде. Ең алдымен, тәрбиешілер мен ұстаздардың еңбекақысын көтеру қолға алынды. Елімізде бала туу көрсеткіші жылдан-жылға артып келе жатқаны байқалады. Мұның өзі мектепке дейінгі  мекемелерге деген сұранысты арттырып отырғаны анық.

Жамбыл ауданының орталығында орналасқан «Айнагүл» бөбекжай-балабақшасы 320 баланы қабылдауға қауқарлы. Ондағы  12 топқа қазір 250 бүлдіршін барып жүр. Алты топта мемлекеттік тілде, қалған алтауында бүлдіршіндер орыс тілінде тәрбиеленуде. Бөбекжайға сәбилер 1 жастан бастап қабылданады. Биыл мұндағы бүлдіршіндер саны өткен жылмен салыстырғанда 15 балаға көбейген.

Бауыр еті баласының тәлімді тәрбие алып, әдемілікті сезініп өскенін әрбір ата-ана көксейтіні анық. Этностильдегі балабақша логативінің жоғары жағында қазақ қызының суреті салынса, төменгі жағында әр ұлттың баласы, ал ортасында шаңырақтың суреті сызылған. Шаңырақ – бөбекжай бақшасындағы жылулықты аңғартса керек. 

– Балабақша меңгерушісі қызметке кіріскеніме үш жыл болды. Осы уақыт ішінде бірқыдыру өзгерістер орын алды. Бәрінен де  тәрбиешілердің еңбекақысының жылдан-жылға көтерілгені қуантты. 2022 жылдың басынан бастап жалақы тағы 25 пайызға артады деп күтілуде. Мұның өзі педагогтардың еңбек етуге деген ынтасының артуына айтарлықтай сеп. Бүгінгі таңда медиатор педагогқа – 30, сарапшы педагогқа – 35, зерттеуші педагогқа – 40 пайыз үстемеақы төленеді. Балабақшадағы 77 қызметкердің 34-і педагог. Оның 25-і жоғары білімді болса, 9-ы орта арнаулы білімге ие. Біз барлық аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі іс-шаралардан қалыс қалмаймыз, – дейді балабақша директоры Әлия Нұрмағамбетова мекеменің жай-жапсарына тоқталып.  

Іргетасының қаланғанына қырық жылға таяған мектепке дейінгі тәрбие мекеменің жарығын, балалардың ойын алаңы мен қоршауларын қалпына келтіруге биыл бюджеттен 7 млн. теңге қаражат бөлінген. Оған қоса ауласы да біршама абаттандырылыпты.  

Бүлдіршін мектепалды даярлық тобында толыққанды білім алса,  мектеп табалдырығын аттағанда оқуды еркін меңгеретіні анық. Бұл орайда, әсіресе, баланың ой-өрісін дамытатын, таным көкжиегін кеңейтетін көрнекі құралдардың, ойыншықтардың маңызы зор. Балабақша осыдан екі жыл бұрын түрлі ойыншықтармен, интерактивті тақта және 25 компьютермен толығыпты.

Күнделікті ас құрамында түрлі дәрумендердің мол болуының бала ағзасының қалыпты дамуына септігі мол. Бүлдіршіндер  мұнда бес мезгіл құнарлы тамақпен қамтылған.

Ауданда «үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер» қағидасын берік ұстанған қайырымды жандар да жоқ емес. Атап айтқанда, балабақшаға бұрын жергілікті тұрғын Виктор Сычёв демеушілік етсе, қазір оның баласы Владислав та әкесінің қайырымды ісін жалғастыруды өзіне міндет етуге алса керек. Қамқор жан балабақшада өтетін түрлі шаралардың басы-қасынан табылып, қолдан келген көмегін көрсетіп тұрады. Балабақшадағы «Шеберлер» тобы да айтулы даталарда көпбалалы аналарға, күнкөрісі төмен отбасыларға киім-кешек, тағамдармен қарайласуды өздеріне парыз санайды.

Балабақша ұжымы жыл сайынғы «Мектепке жол» акциясынан да қалыс қалған емес. Көмекке мұқтаж оқушылардың керегін алып беріп, қолғабыс етуді міндет санаған ұжымға көпшіліктің айтар алғысы мол.

Бүлдіршіндердің мектепке, мұражайға, кітапханаға саяхат жасауы зейін-зердесінің жан-жақты дамуына септеседі. Әсіресе, мектеп өмірін қызықтау олардың балғын арманын шыңдай түсетіні анық. Жас талды қалай исең, солай өседі. Бала тәрбиесі де осы тектес. Өскелең ұрпаққа жан-жақты тәрбие берілгенде ғана ертең қоғамға өз үлесін қосатын азамат қалыптасатыны анық. Бұл мақсатта ата-ана, тәрбиешілер мен демеушілер қоян-қолтық әрекеттескенде ғана оң нәтиже шығады.

Сәби өмірге келген соң жан жылуын алдымен ата-анадан сезінеді. Аяғын тәй-тәй басқанда мейірімді балабақшадағы тәрбиешінің бойынан іздейді. Бұл тұрғыда «Айнагүл» балабақшасы тәрбиешілерінің әр бүлдіршіннің бойына ізгілік нәрін сеуіп, анасындай қамқор болып отырғанына ата-аналар дән риза.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

«Soltüstık Qazaqstan».

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp