«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жыл соңына дейін облыста 340 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі. Бұл жайында облыс әкімдігінің отырысында өңір басшысы Құмар Ақсақалов мәлімдеді. 2017 жылы 164 мың шаршы метр үй салынса, содан бергі 5 жылда құрылыс қарқыны екі еседен асып отыр. «Нұрлы жер» бағдарламасының арқасында қоныстойын атқарып жатқан жерлестеріміздің қатары көбейіп келеді.

340 мың шаршы метр баспана дегеніміз 3,5 мың пәтер. Яғни, 10 мыңнан астам адам үйлі болады деген сөз. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыруға 27 млрд. теңге бөлінді, жартысынан көбі Ұлттық қордан берілген қаржы. Ол қаражатқа 680 пәтерлік 8 үй жалдамалы-коммуналдық үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін төртеуі тапсырылады.

– Ипотекалық үйлердің құрылысы да қатар жүріп жатыр. Бұл үйлерге 13,2 млрд. теңге бөлінген. 2387 пәтерлі 22 үй салынуда, жыл аяғына дейін олардың 15-і пайдалануға беріледі. Бұл пәтерлерді жергілікті әкімдікте кезекте тұрғандар  «Нұрлы жер», «Шаңырақ», Бақытты отбасы» бағдарламаларының қатысушылары «Отбасы банкі» арқылы несиеге алады, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қайролла Ғалеев.

«Нұрлы жер» бағдарламасына қатысу құрылыс компаниялары үшін тиімді. Жер телімі тегін беріліп, қажетті инженерлік желілер бюджет қаржысына тартылады. Ал құрылыс компаниясы қаржысын үй салуға ғана жұмсайды.

– Президенттің тапсырмасы бойынша кезекте тұрғандарға және ауылды жерлерде  өз жұмысшыларына үй салатындарға арналған субсидиялау механизмі қарастырылуда. Мысалға, ауылды жерде қызметкерге үй салған шаруашылықтың шығынының 50 пайызына демеуқаржы беріледі, тек қаржы 5 млн. теңгеден аспауы тиіс, – деді өңір басшысы.

Отырыста үйлерге су мен жылу тарту мәселелері да қарастырылды. Биыл өңірде ауызсу тартуға 11,5 млрд. теңге жұмсалса, оның 5,5 млрд. теңгесі «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы бөлінген. Бұл қаражатқа 13 нысанда жөндеу мен жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, биыл 46 шақырым құбыр алмастырылған.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Ілиясовтің айтуынша, жыл соңына дейін 10 ауылға су беріледі. Осының арқасында өңірімізе таза  ауызсумен қамту көрсеткіші 83 пайызға жетеді. Ал келесі жылы бағдарлама бойынша 16 жоба жүзеге асады, оған 5,6 млрд. теңге бөлінген.

– Преснов топтық су торабына Жамбыл, Мамлют, Есіл аудандарындағы 18 ауылды қостық. Кешенді дамыту жоспарына сәйкес бұл жұмыстар әлі де жалғасады, 2026 жылға дейін тағы 139 ауылға су беріп, таза сумен қамтамасыз ету көрсеткішін 100 пайызға жеткіземіз, – деді Құмар Іргебайұлы.

Жиын соңында облыс әкімі облысымызда пандемияға байланысты жағдайдың тұрақсыздығын айта келе, тұрғындарға үндеу жасады.

– Күн сайы жүздеген адам науқасқа шалдығады, сондықтан вакцина салдыруға шақырамын. Соңғы мәліметтер бойынша облысымызда әлі 120 мыңнан астам ересек адам екпе салдырмаған. Вакцина қойдырған 250 мыңнан астам адам екпе алған жағдайда аурудың жеңіл өтетінін айтып отыр. Зейнеткерлердің 21 пайызы ғана екпе паспортын алған, тіпті, созылмалы ауруы бар адамдарға да вакцина теріс әсер етпейтінін мамандар дәлелдеді, сондықтан  екпеден қашпайық, – деді облыс әкімі.  

Сағындық Мауғазин,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp