«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЛКЕТАНУ ЭКСПЕДИЦИЯСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушылары арасында республикалық «Туған жерге тағзым» атты акция өтіп жатыр. Петропавлдағы химия-биология бағытындағы зияткерлік мектеп оқушылары бірегей жоба аясында Бурабайға, облысымыздың Айыртау және Мағжан Жұмабаев аудандарындағы қасиетті жерлерге аттанады.

Сапар алдында мектеп оқушылары үшін салтанатты шара ұйымдастырылып, балаларға алдағы төрт күннің жоспары ұсынылды.

– Биыл қала мен облыстың өндірістік кәсіпорындарымен танысу мүмкіндігі туып отыр. Бірінші күні біз бірнеше зауытты аралап көреміз. Алда сендерді Айыртау ауданына және Бурабайға қызықты экскурсия күтіп тұр. Одан кейін Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар ауылына – ақиық ақын Мағжанның туған жеріне саяхаттап барасыңдар. Экспедицияны жақсы өткізулеріңе тілектеспіз, – деді Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының орынбасары Сәулет Мұқанова. 

Оқушылар бұл шараны тоқсан бойы асыға күтті. Қызықты саяхатқа шығу мүмкіндігін мектеп үздіктері – «Керуен» және «Сәбит Мұқанов» шаңырақтары иеленді. Экспедиция барысында балалар тарихи, мәдени және өндірістік нысандарды аралап қана қоймайды, сонымен қатар тарихи ескерткіштер мен сәулет құрылымдары, инновациялық жобалар, Қазақ халқының мәдениеті, салт-дәстүрлері мен тыныс-тіршілігі туралы қызықты деректер жинайды. Болашақта бұл деректерді эссе не зерттеу жұмыстарын жазуда пайдаланады.

– Біз бүгін екі зауытты аралап шықтық. Фанераның қалай жасалатынын көріп, сүт өндіру процесімен таныстық. Бір күннің ішінде көптеген пайдалы әрі қызықты мағлұматқа қанықтық. Мұндай жобалардың балаларға берері мол. Өңіріміздің ерекшеліктерімен танысқан мектеп оқушыларының отансүйгіштік сезімі арта түсері анық. Мысалы, мен еліміздегі ең ірі фанера зауытының біздің қалада орналасқанын мақтан тұтамын. Бұл бірегей өндіріс орны, – деп алған әсерімен 9-сынып оқушысы Дияра Ағзамова бөлісті.

Экспедицияға 11-сыныптарда оқитын 39 оқушы аттанды. Коронавирустық ахуал жақсарса, балалар еліміздің өзге өңірлеріне де саяхаттап бармақшы.

Сержан НҰРДОЛҚЫНҰЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp