«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Косметикалық және көркем тату денсаулыққа қауіпті ме – санитар дәрігердің жауабы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы кезде сәнге айналған косметикалық және көркем тату В және С гепатиті, адамның иммун тапшылығы вирусы сияқты қауіпті ауруларға әкелуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Гүлнара Жақсылықованың айтуынша, көркем немесе косметикалық татуды қолданбас бұрын оның салдарын білген жөн. Стерильді емес жабдықтарды қолданудан жара арқылы герпес, В және С гепатиттерін, адамның иммун тапшылығы вирусы сияқты ауыр жұқпалы ауруларды жұқтыру қаупі жоғары. «Суреттерді мең, қалға жақын немесе оның үстіне салуға тыйым салынады, жарақат қатерлі ісіктердің дамуына себеп болуы мүмкін. Псориаз, герпес, дерматит және басқа да тері аурулары бар адамдарға татуировка жасауға болмайды. Сондай-ақ, аллергиясы барларға көркемдік немесе косметикалық татуировканы сақтықпен қолдану керек. Ол созылмалы аллергиялық реакцияларды тудыруы мүмкін. Бояулардың компоненттері анафилактикалық шок болмауы үшін алдын ала тексеріледі. Жалпы созылмалы аурулар асқынғанда, дене қызуы жоғарылағанда татуировка және татуаж жасауға болмайды», – дейді Гүлнара Жақсылықова. Маманның айтуынша, жүктілік кезінде татуировка мен татуаж жасауға қатаң тыйым салынады. Сондай-ақ, созылмалы жүрек аурулары, бронх демікпесі, эпилепсиясы барларға болмайды, өйткені сурет салу кезінде ауырғаннан ұстамасы басталып немесе ауруы өршуі мүмкін. «Көркем немесе косметикалық татуды қант диабеті, онкологиялық аурулар, гемофилия, қанның ұюы, дәнекер тінінің аурулары болған жағдайда мүлдем жасауға болмайды. Процедураның алдында алкогольді ішімдіктерді қолдануға тыйым салынады, өйткені алкоголь ұсақ қан тамырларын кеңейтеді, салдарынан қан кетуі мүмкін. Тату суретін салуға қолданылатын сияда кейде улы заттар мен канцерогендер болады. Мысалы, көптеген татуировка түстерінде терінің қатерлі ісігін тудыратын бензопирен бар. Қара сияда экзема, дерматит, аллергиялық реакциялар тудыратын парафениленодиамин бар. Түсті сияларда ауыр металдар мен титан, қорғасын, кадмий, никель, алюминий, кобальт, хром, мышьяк сияқты химиялық элементтер жиі кездеседі», – дейді санитар дәрігер. Тату жасаған жер ең кемінде 10 күн ауырады. Инфекция түспеуі үшін оны қолмен ұстауға, қасуға, сулауға болмайды. «Өндірушілер бояу реңінің кетпей 15 жыл сақталатынына кепілдік береді. Бірақ тушь, күн сәулесінде күйіп кететін органикалық өнім. Сондықтан жаңа татуировканы арнайы күнге күю құралдарымен қорғау қажет. Моншаға, саунаға, бассейнге бармауға кеңес беремін. Егер тату жасатамын деп шешсеңіз сертификатталған жабдықты пайдаланатын, бояуларға рұқсат беретін құжаттары, бір рет қолданылатын стерильді шығын материалдары бар салонды таңдаңыз. Тату-салонның қызметкерлерінің арнайы оқудан өткен сәйкестік сертификаттары, белгіленген үлгідегі медициналық кітапшалары болуы тиіс», – дейді Гүлнара Жақсылықова. Жастықпен немесе сәнге еліктеп салынған тату уақыт өте келе ұнамауы мүмкін. Санитар дәрігердің айтуынша, денеге салынған суретті лазерлік хирургия арқылы өшіруге болады. Бұл процедура өте ауыр және қымбат. Татуды лазермен толық өшіру мүмкін емес, орны тыртық болып қалуы мүмкін. Сондықтан, косметикалық немесе көркем тату салғызбас бұрын оның салдарына да мән берген жөн.

 

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp