«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көлік жүргізушісін 150 мың теңгеге алдаған екі полицейге айыппұл салынды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда патруль полициясы батальонының екі қызметкері алаяқтық жасап, көлік жүргізушісінен 150 мың теңге алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Петропавл қалалық полиция басқармасының патруль полициясы батальонының екі қызметкері Аслан Құсайынов пен Фархад Кәкеновке қатысты қылмыстық іске ұсынымды қарады. Іс-шара онлайн режимде өтті. «Сотқа дейінгі тергеу барысында белгілі болғандай, 24 сәуір сағат 10.00 шамасында полиция инспекторлары Құсайынов пен Кәкенов «Lada Vesta» қызметтік көлігімен қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қызметке түседі. Патрульдеу барысында олар Петропавлдағы Батыр Баян көшесінде «Lada Largus» көлігін тоқтатады. Екі полицей алдын ала келісім бойынша оның жүргізушісі Хисматуллинге жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, жол жүру ережесін бұзғанын айтады. Жүргізуші үзілді-кесілді бас тартқанымен, Құсайынов пен Кәкенов қызметтік жағдайын пайдаланып оның 6 айға жүргізуші куәлігінен айрылатынын айтып, қорқытады. Хисматулиннің абыржығанын пайдаланып, одан 150 мың теңге талап етеді, ал соманы қызметтік планшетке жазып көрсеткен», – дейді СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин. Хисматуллин көлік жүргізу құқығынан айрылып қалмау үшін полицейлердің сұраған қаражатын беруге мәжбүр болған. Көлігіне қайтып келіп, машинасындағы 100 мың теңгені және көліктегі танысы Резниктен 50 мың теңгені қарызға сұрап алып, екі қызметкерге 150 мың теңгені санап береді. Кейін көлігінің құжаттарын қайтарып алып, кетеді. «Біраздан кейін Хисматуллин полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекет жасап, өзін алдағанын түсінеді. СҚО ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасына келіп, арызданды. 24 сәуір сағат 18.30-да Хисматуллин арнайы операция барысында Кошуков және Сәтпаев көшелерінің қиылысына келіп, Құсайынов пен Кәкеновтен ақшасын қайтаруды талап етеді. Ол екеуі қылмыстық істің жария болуынан қорқып, 150 мың теңгесін қайтарып берді. Сотқа дейінгі тергеу барысында қызметкерлердің портативті бейнетіркегіштерді сөндіріп тастайтыны белгілі болды. Бұл өз кезегінде Ішкі істер министрінің нұсқауын бұзу болып есептеледі», – дейді Нұрлан Жахин. Петропавл қалалық сотының үкімімен Аслан Құсайынов пен Фархад Кәкеновке алған сомасының 10 есе артық мөлшерінде, яғни 1,5 млн теңгеден айыппұл салынды. Олар «полиция лейтенанты» және «полицияның аға лейтенанты» шендерінен және өмір бойына мемлекеттік органдар мен кәсіпорындарда қызмет ету құқығынан айырылды. СҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Қапез Дәулетбаевтың айтуынша, биыл қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа қатысты 5 қылмыстық іс қозғалған. 9 қызметкер жазаға тартылды, ішкі істер органдарынан шығарылды.

 

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp