«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАМНЫҢ ӨМІРІ ОЙЫНШЫҚ ЕМЕС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әлемді бір тарының қауызына сыйдырған «COVID-19» вирусымен күрес дүниежүзі елдеріне жеңіл болмай тұр. 2019 жылы аспан асты елінен таралған қауіпті індет салдарынан әлемде мыңдаған адам көз жұмды. Вирустық инфекцияның бұл түрі дүйім дүниені дүрліктіріп, әлемдік медицинаны тығырыққа тіреді. Алайда бірқатар елдер инфекцияның таралуын тоқтату үшін нақты шаралар қабылдап,  қауіпті індеттің бетін қайтару мақсатында екпе ойлап табуға кірісті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да дабыл қағып, адамзатқа ортақ ұжымдық иммунитет қалыптастырудың маңызы зор екенін әлдеқашан мәлімдеген болатын. Сондықтан мүмкіндігі мен әлеуеті бар барлық елдер күш-жігерін коронавирусқа қарсы вакцина жасауға бағыттады.

Ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, үстіміздегі жылдың басында Ұлыбритания «COVID-19» инфекциясының таралуы бойынша әлемде төртінші орынға шығып, 4 миллионға жуық адам індетті жұқтырған. Британдықтар локдаун режімінде өмір сүріп, қоғамдық орындардың жұмысына шектеу қойды. Ал Ирландия үкіметі ел аумағында эпидемиологиялық қауіптің жоғары деңгейін жариялап, пандемия басталғаннан бері ең қатаң карантин енгізді. Ирландиялықтарға үйінен 5 шақырым қашықтыққа ұзап шығуға тиым салынды. Франция билігі болса барлық саланың қызметкерлеріне асхана мен дәмханаға бармай-ақ жұмыс орнында түскі ас ішуге мүмкіндік беру үшін еңбек заңнамасын қайта қарады. Әлемнің өзге елдерінде де карантин талаптары қатаң сақталып, вакциналау шаралары белсенді жүргізілді. Сонымен қатар Германия сияқты алпауыт елдерде вакцина салдырғаны туралы жалған құжат жасатушылармен күрес белсенді жүргізілуде.  

Соңғы аптадағы жағдай бойынша әлемде коронавирустан қайтыс болған адамдар саны 5 миллион адамнан асып жығылған. Тіркелген өлім жағдайларының жартысына жуығы табысы орташадан жоғары немесе жоғары елдер үлесінде (АҚШ, ЕО елдері, Бразилия). АҚШ-тың өзінде қауіпті вирустан 740 мыңнан астам адам қайтыс болған. Бұл елде балалар арасында инфекция жұқтыру көрсеткіші өсті. Сондықтан 5-11 жас аралығындағы балаларды коронавирусқа қарсы егу үшін америкалық «Pfizer» және немістің «BioNTech» компанияларының вакциналарын қолдану ұсынылды. Бұл орайда әлемдік тәжірибеде АҚШ, Израиль, Мальта сияқты елдер ұжымдық иммунитет қалыптастыруда үлгі болғанын айта кеткен жөн. Өкінішке қарай, өркениеті дамыған Еуропаның бірқатар елдерінде екпеге қарсы наразылықтар орын алғаны жасырын емес. Сондықтан қазір қауіпті инфекция вакциналауға қарсы теріс ақпарат тарап, халқы билік көздеріне сенімсіздік танытқан Ресей, Украина және Шығыс Еуропаның басқа елдерінде тез таралып жатыр. Әсіресе көрші Ресейде қауіпті індет қайта күшіне енгендей. Оңтүстік Кореяда да коронавирус жұқтырғандар күрт көбейіп, Қытайда ауру қайта өршіді. Коронавирустың таралу қаупіне байланысты қараша айында Бейжіңде өтуі тиіс болған бірқатар халықаралық форум кейінге қалдырылды. 2020 жылдың желтоқсанында басталған жалпы вакциналау науқанының барысында Қытай дәрігерлері коронавирусқа қарсы 2,28 млрд.-тан астам екпе салған. Вакциналау демекші, біздің елімізде де екпе егу науқаны 2021 жылдың ақпан айында басталған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша отандық ғалымдар КВИ-мен күресте жоғары нәтижелер мен тиімділік көрсеткен «QazVac» брендімен шығарылатын «QazCovid-In» коронавирусына қарсы қазақстандық вакцинаны әзірледі. Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты базасында дайындалған вакцина тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие болғанын айта кеткен жөн. Отандық дәрігерлер бұл вакцина қазақстандық медицинаның ең үлкен жетістігі екенін айтуда. Сондықтан екпе жұқпалы ауруға қарсы ең тиімді қорғаныс шарасы болып табылады.
Бүгінде мамандар коронавирусқа қарсы екпе алғандардың «COVID-19»-ға шалдығу ықтималдығы 10 есе аз дейді. Талдаудың бұл нәтижесін «Олимп» клиникалық-диогностикалық зертханасы мәлімдеді.

Вакцина алмаған пациенттердің19,8 пайызында коронавирусқа ПТР-тесті оң нәтиже көрсеткен. Ал вакцина алғандар ішінде коронавируспен ауыру дерегі тек 1,8 пайызында кездеседі. Елге жақын уақытта Америка мен неміс компаниясы бірігіп әзірлеген «Pfizer» вакцинасы жеткізілмек. Оны тек аяғы ауыр әйелдер және 12 жастан бастап балаларға салу жоспарланып отыр. Ал екпені алу әркімнің құзырындағы шаруа. Десе де қатерлі инфекцияның таралуын тежеп, өзіміздің денсаулығымызға жауапкершілікпен қарау үшін ақхалаттылар вакцинадан бас тартпауға шақырады. Ал жоғарыда айтып өткенімдей кейбір елдерде қолдан екпе құжатын жасағандар да, жасатушылар да қатаң жазаға тартылуда. Бұл тәжірибе біздің елімізде де бар. Алайда екі тарапты жазаға тартуда айыппұл төлеумен шектемей, жасанды екпе құжатын жасап сатушылар мен сатып алушыларға қатаң жаза қолданылса артық емес. Өйткені адамның өмірі ойыншық емес.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp