«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАЙРАНЫҢ «ҚОШТАСУЫ»

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Майра Шамсутдинова – халық әншісі,  композитор1896 жылы Кереку (қазіргі Павлодар) қаласында дүниеге келген. Жастайынан гармон тартып, ән салған. Кереку, БаянауылСемей аймағындағы жәрмеңке, той-думандарда өнер көрсетіп, есімі елге танылған. Көзі тірісінде қазақ, татар, орыс тілдерінде  кәсіби орындаушылығымен көпшілікті таңғалдырған әншінің “Майра”, “Қызыл гүл”, “Өкшесі етігімнің айнала жез”, “Бақша” сияқты көптеген туындылары бар. Майраның әндерін композиторлар Евгений Брусиловский “Қыз Жібек” операсында, Александр Зильбер “Қайта туған Қазақстан” симфониясындаБақытжан Байқадамов “Майра” хор капелласында пайдаланды. Әбділда Тәжібаев “Майра” атты пьеса, поэма жазды. Майраның әндері Ахмет ЖұбановтыңМақсұтбек Майшекинніңназарына ілігіп, жазбаға түсіп өңделген. Бүгінде оның 20-ға тарта әнібелгілі болып отыр.

Қазақ КСР-нің  еңбек сіңірген өнер қайраткері Мақсұтбек Майшекин өзінің бір жазбасында Қоянды жәрмеңкесінде ән айтқан Майра Уәлиқызы туралы мынадай  дерек келтірген. «…Басында оқалы тақия, үстінде ақторғын көйлек, жасыл барқыт қамзол, аяғында қызыл сақтиянмен оюланған қара хром етігі бар, аса сәнді киінген, айдай сұлу Майра жұрт алдына шыға келді. Ол жан-жағына қыдырта көз тастап, жиналған жұртқа сәлемдесу ишарасын білдіре, әдеппен басын иді де, ортаға қойылған орындыққа отыра қалып, «Қызы едім Уәлидің атым Майра» деп басталатын атақты әнін шырқай жөнелді. Құлашын кере тартқан қолындағы он төрт баспалы гармонның әдемі үнімен қосыла шыққан Майраның сынаптай толқып, сандуғаштай сайраған сұлу даусы саңқ етіп шығысымен-ақ, жұрт тым-тырыс, ұйып тыңдай қалған еді. Ән аяқталғаннан кейін олар тұс-тұстан үн қоса, алғыс айта бастады. Сонан соң Майра комиссияның жаңағы ұйғаруы бойынша, әр жаққа қарай бұрыла отырып, «Ақ дариға», «Ахау, Үрия-ай», «Ахау, Семей» атты халық әндерін кемеліне келтіре, керемет жақсы айтып берді».

Майра Уәлиқызы осыдан көп жыл бұрын Талдықорған облысы, Ақсу ауданы Қарағаш деген жерде бір жылдан астам тұрыпты. Қожақмет Сейітбатұлы деген қарттың естелігі бойынша Майраның Ақсуға келу тарихы да қызық.

Әнші Майраның туып-өскен ортасы Павлодар өңірі де, жүрген-тұрған жері Ертіс бойы екені жұртқа аян. Сонда осыдан жетпіс жыл бұрын Майра Жетісу еліне, оның ішінде Ақсуға қалай келді деген заңды сұрақ туады. Оның мәнісі былай екен. Ол кезде Қарағашта сегіз жылдық медресе ашылады. Медресеге сырт жақтан мұғалімдер шақырылып, соларға ілесіп 1909 жылдың тамыз айында Майра да осы жаққа келіп жетеді.

Ақсу өңірінде өткен бір жыл ішінде Майра Қапал, Ақсу, Тасбекет, Баянжүрек, Күреңбел, Басқан, Айынарық, Сағабүйен бойындағы елдерді аралап, өзінің әншілік өнерімен жұрттың сүйіспеншілігіне бөленіпті.

Майра бір жыл тұрған соң кететін болады. Бірақ өзінің туған еліндей болып кеткен Ақсу жұртын қимайды. Осындай толқу үстінде «Қоштасу» әнін шығарады.

Қош боп тұр, туған жерден алыстағы ел,

Той жасап, думандатып танысқан ел,

Лепірген асау Ақсу өзеніндей,

Өнері дәулетімен жарысқан ел.

Қарағаш, ән шырқадым баурайында,

Сөзімді игілерге арнадым да,

Қалғандай өмірімнің бір қызығы,

Бүркітті, Баянжүрек тауларында,

Ақсуым, болсын деймін елің аман,

Жаз жайлау, жұпар желді жерің аман.

Аялап еркелеткен серілерің,

Болғай да ел бастаған ерің аман.

Жан емен келіп-кеткен әлде кімше,

Сақтармын жүрегімде өлгенімше.

Ұмытпа ақ Майраның әнін сен де,

Қош боп тұр, қайта айналып келгенімше!

Майрамен қоштасу таң біліне тарқайды. Бірақ мұғалімдер қайта жиналады. Салтанатты кештен алған әсерлерін ортаға салған, бәрінің ауызындағы сөз – Майраның жаңа әні болады. Осы кезде мұғалімдердің бірі тұрып: – Майраның әні мен өлеңіне жауап беру керек шығар, – дейді.

– Жансүгірдің Ілиясынан басқа кім бар? Нар тәуекел делік те, осы міндетті Ілиясқа жүктелік, – деседі қалғандары. Содан бұлар жіберген жігітке еріп жас Ілияс ақын келеді. Мән-жайға қаныққан Ілияс көп кідірмей, Майраға жауап ретінде мынадай өлең оқиды.

Майра апай, сіз бе едіңіз өнері асқан?

Құмар ем сөзіңізге бала жастан,

Сайраған үніңізді естігенде,

Тіл қаттым, жастығыма қарамастан.

Мен де бір талаптанған ініңізбін,

Жарқ еткен ұшқынымын жырыңыздың.

Қабыл ал, өлеңменен өзіңізге,

Тарту ғып жас жанымның гүлін үздім.

Сайрап ед Керекудің жыр құсы кеп,

Мәз болып қалған жоқ па құрбысы көп.

Сіз бізге жат емессіз, санаймын мен,

Сарадай апаңыздың сіңлісі деп.

Өнердің қанат қағып өріне сіз,

Шықтыңыз құрметпенен төріне сіз.

Еліме қайтып барам десеңіз де,

Ұзатқан қызымыздай көрінесіз.

Майра апай, бізді де сіз ұмытпаңыз,

Көңілді бізге деген суытпаңыз.

Көгімде әніңізді қалықтатып,

Ақсуды тағы келіп қызықтаңыз!

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,

күйші.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp