«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҰҚТАЖДАРҒА ҚАМҚОР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алексей Радионов – Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы, Бескөл ауылының тұрғыны. Электр құралдарын жөндеу, бейнебақылау камералары мен өрт кезінде дабыл қағатын құрылғылар орнату қызметін ұсынатын серіктестіктің құрылтайшысы. Электр қуатын дұрыс пайдаланбаудан болатын қауіпті жақсы білетін ол ауылдастарына көмектесуді өзіне міндет санайды.

Ауылдағы азаматтық бастамаларды дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру жөніндегі республикалық жоба аясында 500 мың теңгеден шағын гранттар беру байқауы басталғанын естіген Алексей көп ойланбастан өтініш қалдырған екен. Басты мақсаты – ауылда тұратын мұқтаж жандарға электр сымдары мен жабдықтарын диагностикалау мен жөндеуге тегін көмектесу. Жобасы «Электр. Қауіпсіздік. Өмір» деп аталады.

– Грантты жеңіп алған соң, сол қаржыға тестерлер, бұрағыштар, басқыштар, қысқыштар және тағы басқа жабдықтарды сатып алдық. Кейін Бескөл ауылы тұрғындарының әлеуметтік желідегі чатына мұқтаж адамдар үшін электр сымдарын диагностикалауға, құрылғыларды жөндеуге көмектесетініміз туралы хабарлама жаздық. Жарнама парақшаларын шығарып, дүкендерге іліп қойдық. Бірден өтініштер түсе бастады. Жерлестерім, соның ішінде қарттар мен жалғызбасты адамдар электр қуатын пайдалануға қатысты проблемалары туралы айтып, көмек сұрады, – дейді Алексей Радионов.

Алексейдің айтуынша, ауылда ара-тұра электр қуаты сөніп тұратыны көпке аян, салдарынан компьютерлер, тоңазытқыштар мен теледидарлар істен шығады. Сымдарға да зақым келеді.

– Жақында бізге бір күнде осындай оннан астам өтініш келіп түсті. Блоктарды диагностикалау кезінде кернеудің артуынан құрылғылардың сынғанын анықтадық. Істен шыққан қондырғыларды ауыстырып, қуат көзін қайтадан іске қостық, – дейді қайырымды жігіт.

Алексей Радионов жоба аясында елді мекеннің саябағындағы электр шамдарын да  өзі жөндеді. Көше бұзақылары сындырып кеткен жарық шамдарын көрген ол бюджеттен қаржы бөлінгенін күтпей, өзі ауыстырып берген. Алайда бескөлдік азамат атқарған жұмысы үшін ешкімге міндетсіген емес. Сергей Каменев пен Евгений Столяров есімді қос әріптесі әркез көмекке әзір.  

– Менің ойымша, біздің жобамыз сонша ауқымды емес, бірақ қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Жерлестерімізге барынша көмектескіміз келеді. Біз электр құрылғыларын қалай қолдануға болатындығын үйретеміз, түсіндіреміз, электр желілерінің қауіпті учаскелерін ауыстыруға тырысамыз, – дейді. Алексей бұл жоба аяқталғаннан кейін де көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға, мүгедек адамдарға көмектесе беретінін айтады.

Ауылда азаматтық бастамаларды дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру жобасын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы жүзеге асыруда.

Гүлсім НАЗАРБАЕВА,

журналист.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp