«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСТАЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жылына бір рет келетін демалысты ел аралап, жер көруге арнағанға не жетсін шіркін! Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейінгі аралықты алып жатқан кең байтақ даламыз – тұнған тарих қой. Әрбір тасының айтар ақиқаты, бүккен сыры бар. Бағытымыз – Қызылжармен ежелден ауылы аралас, қойы қоралас Қостанай. «Темір тұлпар» «тізгінді» босатсаң жүйтки жөнелгісі-ақ келетіндей, әттең ойдым-ойдым шұңқырлар оған мүмкіндік берер емес.

Жазушы Сәбит Мұқанов «шыбынсыз жаз» деп атайтын нағыз мизамшуақ мерзім. Терек-қайыңы аралас өскен шоқ ормандар да түрлі-түске бояла бастаған. Жаз бойы егінге түсіп кетпесін де мал қорыған бақташының да тынысы кеңігендей, төрт түлік тұмсығын жерден алмай емін-еркін жайылып жүр. Қос облыс түйіскен тұстан сәл өте жолдың сол жағын ала Ақсуат деген ауыл бар. Шағын елді мекен болғанымен жол бойы ұзыннан-ұзақ созылып жатыр. Бір шетінен екінші шетіне дейін екі-үш шақырым болып қалар. Бұрын да бірнеше рет жүрген жер. Бұған дейін жанымда жөн сілтейтін адам болмаған соң аса бір назар аудармастан ары-бері өте беріппін. Бұл сапардағы серігім – қайын атам. Ірбіттегі жәрмеңкеде түйе балуан атанған Кәленнің ұрпағы. Университет бітірмесе де жер-су тарихына жүйрік, білетіні көп. Өмір бойы механизатор болып еңбек еткен адам.

– Бұл ауылдың іргесіндегі зиратта Спандияр Көбеев жерленгенін білесің бе? – деді соңғы жылдары тұрғындары қалаға қарай ағылып, үйлері селдіреп қалған Ақсуаттан өте бере. Басымды шайқадым. Шығармасын оқығаныммен, қаламгердің қайда жерленгенінен бейхабар екенмін. Зират жанынан бет сипамай өтпейтін қазақтың баласымыз ғой, бұл жолы арнайы тоқтап, Құран бағыштайық деп ұйғардық. Бұл – қазақтың  тұңғыш романы «Қалың малды» жазған қаламгерге, Ыбырай Алтынсариннен тәлім алған, ізін жалғастырған ұлағатты ұстазға деген құрметіміз еді.

Айтпақшы, қазақ әдебиетіндегі алғашқы романға баланатын «Қалың малдың» жазыла бастағанына биыл тура 110 жыл толып отыр. Аталмыш шығарманың қалай жарыққа шыққаны туралы Спандияр Көбеев кезінде былай деп жазған екен: «Надандыққа, феодалдыққа, ескішіл, өрескел сорақы салтқа қарсы күрес жүргізудің бірден-бір жолы халықты ағарту, балаларды оқыту, халықты сауаттандыру деп, оны мәдениет сатысына аяқ бастыру деп ұғушылардың бірі мен едім. Бірақ сегіз-тоғыз жыл оқытушы болғаннан кейін феодалдық салтпен күресу үшін тек бір ғана балаларды оқыту жеткіліксіз екеніне әбден көзім жетті. Бұл күресте санаға күштірек әсер ететін басқа да құралдар керек сияқты көрінеді. Іздене келе, мен осы мақсатқа жету жолында ағартушыға ыңғайлы күрес құралының бірі – көркем әдебиет екен деген ой түйдім… Мен осы ойымды жүзеге асыру мақсатымен 1911 жылдан бастап «Қалың мал» романын жазуға кірістім. Романға  себеп болған негізгі ойдың бірі – роман сияқты қазақ тілінде елдің тұрмыс жағдайынан алынып, көркем шығармалар жазылса, олар халық арасына неғұрлым көп тараса, ескіліктің, феодалдық әдет-ғұрыптың тамырына балта шабылар еді, еңбекші елдің санасы оянып, мәдениетке талпынар еді деген қорытындыдан туды».

Әдебиет зерттеушілерінің айтуынша, мектеп бағдарламасына енгізіліп, бүгінгі оқып жүргеніміз – «Қалың малдың» 1934 жылы екінші рет түзетіліп, кітап болып басылған нұсқасы. Автор ресми идеология ыңғайына орай біраз өзгерістер енгізген. Алайда соңғы түзетулер қаламгер күткен нәтиже берген жоқ, қайта көркем жүйедегі қайшылықтарды туғызды. Өйткені роман жазылып, жарияланған 1911-1913 жылдар мен түзетілген 1933-34 жылдардағы елдегі қоғамдық ахуал өзгеше еді. «Спандияр Көбеев революциядан бұрын жазылған романына 30-шы жылдары қайта оралғанда негізгі объектісіне жаңа көзқараспен келген. Сөйтіп, бүгінгі оқырманға жақсы таныс «Қалың мал» романындағы қақтығыс, елге тізесін батырып отырған озбыр бай – Тұрлығұл мен кедей тобы Медеу ауылы арасындағы таптық тартыс пайда болған. Контрасты стильде баяндалатын бұл қақтығыс 1913 жылғы «Қалың мал» романында өте солғын, онда бай-болыстармен, билердің момын елге істеп отырған қиянаттары ағартушылық-демократтық көзқараста ғана айтылады», – деп қазақтың алғашқы романы туралы әдебиетші ғалым Рымғали Нұрғали жазған болатын.

Саясатқа сай өзгеріске ұшырағанымен «Қалың мал» романы – тілінің тазалығы, көркемдігі жағынан өзімен тұстас прозалық туындылардан өзгеше шығарма. Жазушы туындыда халықтың сөз байлығын, мақал-мәтелдерді ұтымды пайдаланған, кейіпкерлер мінезін де даралап көрсеткен.

Спандияр Көбеевтің өмір жолына көз салсақ, Қызылжар қаласымен де тығыз байланысты екенін көреміз. Ол мұнда да ұстаздық еткен. Оқытушылық қызмет атқара жүріп, сол кездегi орыс халқының атақты жазушысы И.Крыловтың бiрнеше мысалын қазақшаға аударып, баспаға ұсынған. Аудармалары «Үлгiлi тәржiме» деген атпен 1940 жылы басылып шығады.

Спандияр Көбеев – биыл туғанына 180 жыл толып отырған ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің төл шәкірті, қазақ даласында ашылған алғашқы мектептің оқушыларының бірі. Қаламгердің балалық шағы, өскен ортасы, есею жылдары мен атқарған қызметтері туралы «Орындалған арман» мемуарлық шығармасында толық жазылған. Үзінді келтірейік.

«Бір күні балалармен ауыл сыртында доп ойнап жүр едім, әкем дауыстап шақырып алды.

– Үйге жүр, балам! Құлақ естігенді көз көреді деген рас екен! Мектеп ашылатын болыпты. Бағымызға қарай Жамалетдин де, тіпті Ыбырайдың өзі де келіпті. Баралық, құдай сәтін салса, ілігіп кетерсің, қарашығым, – деді.

Анам да айналып-толғанып, бар білетін тілегін айтып, мені киіндіре бастады».

Бұл 1887 жыл болатын. Кітапта баяндалғандай алғашында бұл мектепке пысықай байлардың балалары ғана алынып, тақыр кедей Спандиярға орын болмай қалады. Дегенмен әкесі ұлтымыздың ұлы ұстазы Ыбырайға айтып жүріп қайта алғызады. Кейін Спандияр Көбеев ұстазының жолын қуып, жер-жерде мектептер ашуға атсалысты. Соның бірі – туған ауылы Ақсуаттағы білім ошағы. «Ауылда революцияның алғашқы жылдарында ана тілінде мектеп жоқ еді. Қазір осы ауылда онжылдық мектеп бар. Мұнда қырық, бала жатып оқитын интернат бар, қазіргі уақытта бұл мектепте Пресногорковский, Меңдіқара, Ұзынкөл, Урицкий ауылдарының да балалары оқиды. Осы онжылдық мектеп бұдан жиырма-жиырма бес жыл бұрын кішкене ғана екі бөлмелі үйдегі бастауыш мектеп еді. Оны мен салдырып, мен ашып едім. Алғашқы ашылған жылы он, он бес бала ғана оқыды. Екі-үш жылға дейін мұнда бір-екі класс қана болды. Оқушылардың саны да он бес-жиырмадан асып кете алмады. Бірақ тағы да бір екі-үш жыл өткеннен кейін, жиырма бес, отыз бала оқитын толық төрт класты кәдуілгі бастауыш мектепке айналды», – деп жазған білім ошағы қазір де бар. Бірақ арада бір ғасырдай уақыт өткенде қаламгер айтқан алғашқы ашылған кейпіне қайтып келгендей. Орта мектеп бүгінде қайтадан бастауышқа айналған. Қаламгердің аты берілген оқу ордасының басшысы Айгүл Атымтаевамен телефон арқылы сөйлескенде білгеніміз қазір мұнда бар-жоғы бес оқушы ғана білім алады екен.

Ауылда отыз шақты түтін қалыпты. Алайда зираттың үлкендігіне қарап, кезінде тұрғындары көп болғанын аңғарасың. Ескі қорымдарды шөп басқан, төрт бұрышына қойылған айлар мен белгітастарының басы ғана қылтияды. Керісінше, кейін салынған мазарлар бірден көзге түседі. Қызыл кірпіштен өріліп тұрғызылған үйден бір кем емес. Бұрын ел қорғаған батырлардың, ұлтына қалтқысыз қызмет еткен ұлы тұлғалардың басына ғана там тұрғызылып, өзгелерден оқшаулау жерленсе, қазір бала-шағаң бай болса, алтыннан ескерткіш орнатып тастауға бар. Батырларыңның өзі көлеңкеде қалады. Бұлай жалғаса берсе, жүз жылдан кейін қорым басына келетін ұрпақ кімнің кім екенін айыра алмай жүрмей ме деген ой мазалайды.

Ертеңгі ұрпақты айтыппыз ғой, біздің өзіміз Спандияр Көбеевтің мазарын іздеп біраз жүріп қалдық. Екi дүркiн Ленин орденiмен марапатталып, еліміздің еңбек сiңiрген мұғалiмi атанған және Жоғарғы Кеңеске депутат болған адамның зираты да өзгелерден биіктеу шығар деген ойымыз қате болып шықты. Өздігімізден таба алмаған соң, амалсыздан мазар салып жатқан екі жігітке қарай жақындадық. Жүздері жылы. Аман-сәлемнен соң келген мақсатымызды айтып едік, шетте тұрған мұртты сары жігіт сөзге араласты.

– Мен Спандияр Көбеевтің немере інісімін, аты-жөнім Мейрамбек Көбеев, – деді ол күлімдеп. – Көбейден алты бала қалған. Мен Спандиярдан кейінгі, яғни кенжесі Тайкенженің немересімін. Қазір ауылда тұрамын. Өкінішке қарай, атамыз ашқан мектеп жабылудың сәл-ақ алдында тұр. Жұмыс жоқ. Жастар қалаға қарай ағылуда. Ата қонысты қимай отырған жайымыз бар.

Мейрамбек Көбеевпен әңгімелесе келе Спандиярдың артында үш ұл мен бір қыз қалғанын білдік. Ұлы Нәзір ұзақ уақыт әкесі салған мектепке басшылық етіп, дүниеден өтіпті. Бүгінде ата жолын немересі Қуанышбек жалғастырып, көрші ауылда ұстаздық қызметте екен.

Жол – мұраты жету. Көп аялдауға уақыт тапшы. Сондықтан аяулы азаматтың басына барып, Құран бағыштағымыз келетінін айттық. Жігіттер жол көрсетіп, ескі қорымдардың арасынан төрт бұрышы қызыл кірпішпен өріліп, қабырғаларының үсті көк түске боялған, аса биік деуге келмейтін зиратқа да жеттік. Ауыл балаларын қайтсем оқу-білімге жеткіземін деп бұл өмірден дамыл таппай өткен ұлағатты ұстаз мәңгілік тыныстаған орын осы. Дұғамызға қазақ қыздарының теңдігі үшін қалам қуатымен күрескен жазушының ауылы иесіз, зираты қараусыз қалмаса екен деген тілегімізді қоса айтып, аттанып кеттік.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp