«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЗ КІЛЕМДЕГІ АЙҚАС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдағы Спорт сарайында грек-рим күресінен еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, жерлесіміз Жаңаберген Қармандаевты еске алуға арналған облыстық ашық чемпионат өтті. Жарысқа 2005-2007 жылдары туған 150-ге тарта жас балуан қатысуға мүмкіндік алды. Біріншіліктің шымылдығын ашқан өңір басшысының бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов спортшыларға сәттілік тіледі.

– Жаңаберген Сүлейменұлы көзі тірісінде ел намысын халықаралық ареналарда қорғап, талай белді спортшыларды баптап өсірді. Оның ізін жалғастырып жүрген шәкірттері бүгіндері грек-рим күресінің хас шеберлері. Жерлесімізді еске алуға арналған турнирде жеңімпаз атанғандар әлемдік додалаларда Қазақстанның туын көкке желбіретіп, мемлекетімізді талай жарыстарда танытатынына сенімдімін. Биылғы біріншілікке қатысып жатқандар шыдамдылық пен ептіліктің арқасында биік шыңдарды бағындыра алады деп ойлаймын, – деді Марат Иманбайұлы.

Жаңаберген Қармандаев 1965 жылы Мамлют ауданындағы Бике ауылында дүниеге келген. Өмірін спортқа арнаған жан талай республикалық және халықаралық жарыстарға қатысты. Ол кәсіби балуан, отандық күрестің жанашыры, еліміздің спортқа еңбегі сіңген жаттықтырушысы атанған. Жерлесіміз әр жылдары басшылық қызметтерді атқарды. 2002 жылы Алматы қаласындағы республикалық спорт колледжінің бөлім басшысы, күрестен Ұлттық құраманың мемлекеттік бапкері, 2013 жылға дейін еліміздің күрес федерациясының бас хатшысы болып қызмет  етті. Өз ісінің білікті маманы ретінде танылған тұлғаға арналған жарысты тамашалауға туыс-жақындарымен қатар, жора-жолдастары да келді. Олардың қатарында Алматы облысының құрметті азаматы, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев пен екі дүркін Олимпиада жүлдегері Азиядағы күрес федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов бар.

– Қызылжар – небір дарынды тұлғаларды құндақтаған қасиетті өлке. Осы өңірден түлеп ұшқан көптеген спортшылар бүгіндері ел құрамасы сапында өнер көрсетуде. Жаңаберген Сүлейменұлының жолын жалғап жүрген азаматтармен мақтанамыз, – деді Дәулет Тұрлыханов.

Биылғы біріншілікке облысымыздан бөлек, Қостанай, Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Түркістан және Қызылорда өңірлерінен де спортшылар ат терлетіп келді. Жарыс 10 салмақ дәрежесі бойынша өтті. Ең жеңіл салмақта сынға түскен ақтөбелік Жарас Советов (48 кг) бірінші орынға қол жеткізді. Солтүстікқазақстандықтар Сұңқар Зарап (45 кг), Юсиф Алиев (48 кг), Рауан Бекімов (51 кг), Нариман Бекімов (55 кг), Даниал Сартаев (65 кг) пен Дархан Қабылбеков (92 кг) алтын жүлдеге ие болса, қостанайлықтар Рамзан Кәрібаев (71 кг) және Санжар Сәбитов (80 кг) өз салмақтарында жеңіс тұғырына көтерілді.

Аманжол НҰРТАЗИН,

«Soltüstık Qazaqstan».

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp