«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРІККЕН БІЛЕКТЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біздің ауданында егін өсірумен айналысатын 250-ге тарта агроқұрылым бар. Биыл шаруашылықтар қуаңшылыққа қарамастан дәнді және майлы дақылдардан мол өнім алып, бір марқайып қалды. Аудан экономикасының негізі ауылшаруашылығы болғандықтан орақ науқаны барысын қалт жібермей, серіктестіктегі жағдайларды бақылап отырдық. Ең бастысы, шаруашылықтар тек пайда табуға ғана емес, өздері орналасқан ауылдардағы әлеуметтік жағдайға да ерекше көңіл бөлетіні қуантады. Солардың бірқатарын оқырмандар назарына ұсынбақпыз.

Николаевка ауылындағы «Рустикус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жер аумағы 5322 гектарды құрайды, соның 3573-іне егін ексе, қалғаны жайылым мен шабындық. Серіктестік жыл сайын  гектар басы 30 центнерге дейін өнім алады. Қазіргі күні шаруашылықта 30-ға тарта адам еңбек етеді. Мұнда орташа жалақы 150 мың теңгеге жетті. Асхат Барлыбаев басқаратын бұл серіктестік  қой өсірумен де айналысуда. –

– Біз мемлекет тарапынан зор қолдауға ие болып отырмыз. Былтыр ғана 30 миллион теңгеден астам демеуқаржы алдық. Соның арқасында ісіміз оңға басып, көптеген мәселелер сәтті шешімін табуда, – дейді Асхат Барлыбаевтың өзі.  

Айтса айтқандай, шаруасын дөңгелетіп отырған құрылым  ауылдың әлеуметтік дамуына да өз үлесін қосуда. 2019-2020 жылдары Николевка ауылының көшелеріне жарық  орнатуға, ауыл ішіндегі жолды жөндеуге арналған жобалық-сметалық  құжаттарды әзірлеуге қаржы бөлді. Бұған қоса, ауылдық округтегі барлық қайырымдылық шараларына белсене қатысады. Оқушылар мен қарияларға көңіл бөліп, қолдау көрсетіп тұрады.

– Елдің бірлігі – адамдардың пейілінде. Бір-бірімізге қолдау білдіре алмасақ тұрақтылық та, өсу де болмайды. Менің мақсатым әрі міндетім  – мұқтаж жандарға қол ұшын беру, өзіміз тұрып жатқан ауылды көркейту, – дейді серіктестік басшысы Асхат Нағашыбайұлы.

Заградовка ауылындағы «Прометей-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де ауданның дамуына ерекше үлес қосып келе жатқан шаруашылықтардың бірі. Өткен жаздағы ыстықтың шаруаларды әбірге салғаны рас. Қуаңшылық ұрып, астықсыз қаламыз ба деген қауіптің болғаны да жасырын емес. Бірақ  серіктестік ғылым мен техникасының арқасында  жақсы өнім алды. Атап айтар болсақ, астықтың жалпы шығымы гектарынан 20 центнерден айналса, кейбір алқаптарда 40-тан да асып түсті. Майлы  дақылдар гектарынан 10-11 центнерден өнім берді. Осыдан-ақ заманауи әдістерді қолданудың пайдасы мол екенін дәлелдеді. Евгений Шоль басқаратын бұл ұжым жыл сайын машина-трактор паркін жаңартып отырады. Тағы да жаңа трактор-комбайндар алып, техникалық әлеуетін күшейтпек. Астық кептіру құрылғысы ауыстырылып, қырманға жаңадан асфальт төселді.

– Жалпы ескі атаулыдан құтылуымыз керек. Жаңаға, жаңашылдыққа ұмтылсақ қана ұтамыз. Бүгінде мемлекеттен қолдау зор. Жаңа техника алсаң, демеуқаржы береді. Бұл аграрлық саланың басымдыққа ие екенін көрсетеді. Ал мемлекеттің қолдауын сезген жұмысшы да басшы да еңбегін еселеп, жақсы нәтижеге ұмтылары сөзсіз, – дейді Евгений Шоль.

Соңғы төрт жылда серіктестік мал шаруашылығын дамытуға да айрықша ден қойып отыр. Қазіргі күні мұнда 400 шақты асыл тұқымды ірі қара бар. Сиырлардың дені қазақтың ақбас тұқымы. Етті тұқымға жататын бұл мал жаз бойы жайылымда жүреді. Серіктестік ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуға да өз үлесін қосып келеді.  Соңғы 2 жылда өз жұмысшыларына арнап 7 үй салды.

Міне, осылайша агроқұрылымдар ауылдардағы жағдайды жақсартуға өз үлестерін осылай қосуда. Олар жұмысшысының тұрмысы жақсы болса, кәсіпорынның да айы оңынан туатынын түсінді. Осының бәрі де мемлекетімізде жүргізіліп жатқан саясаттың бір көрінісі. Ең бастысы, шаруалар заман көшінен қалмай, заманауи технологияны дамытса, елдің әлеуметтік жағдайын нығайтса, өзінің де болашағы зор екенін түсінген.

Мейраш АБУОВ, 

журналист.

Есіл ауданы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp