«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СҰЛУЛЫҚ САУЛЫҚ ЕМЕС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазіргі таңда жастар арасында көркем немесе косметикалық тату кең қолданысқа ие. Алайда оның адам денсаулығына жағымсыз әсері барын көп адамдар біле бермейді. Зарарсыздандырылмаған құрал-жабдықты қолдану арқылы жараның бетіне герпес немесе В және С гепатиттері, АИТВ сияқты қауіпті ауруларды жұқтырып алу қаупі жоғары.

Суретті меңге, қалға жақын немесе оның үстіне салуға болмайды. Өйткені олардың жарақаттары терінің неоплазмаларының, соның ішінде қатерлі ісіктердің дамуына себеп болуы мүмкін. Псориаз, герпес, дерматит және басқа да тері аурулары бар адамдарға татуировка жасауға медицинада тыйым салынған. Сондай-ақ аллергиясы бар адамдарға көркемдік немесе косметикалық татуировканы сақтықпен қолдану керек.

Созылмалы аурулардың өршуі барысында, жоғары температурада татуировка және татуаж жасау ұсынылмайды. Жүктілік кезінде татуировка мен татуаж жасауға қатаң тыйым салынады. Сондай-ақ созылмалы жүрек аурулары, бронх демікпесі, эпилепсиямен ауыратын науқастарға татуаж немесе татуировка салу кезінде ауырсыну ұстаманы тудырып, аурудың өршуіне әкелуі мүмкін. Қант диабеті, онкологиялық аурулар, гемофилия, қанның ұюы, дәнекер тінінің аурулары көркем немесе косметикалық татуировканы қолдануға қарсы көрсетілім болып табылады.

Денеге сурет салмас бұрын алкогольді ішімдіктерді қолдануға рұқсат етілмейді. Өйткені алкоголь ұсақ қан тамырларын кеңейтеді және қан кетуді тудырады.

Татуировка кезінде қолданылатын сияда кейде улы заттар мен канцерогендер болады. Мысалы, көптеген татуировка түстерінде терінің қатерлі ісігін тудыратын бензопирен бар. Қара сияда экзема, дерматит, аллергиялық реакциялар тудыратын парафениленодиамин кездеседі.Түсті сияларда ауыр металдар мен титан, қорғасын, кадмий, никель, алюминий, кобальт, хром, мышьяк сияқты химиялық элементтер бар, олар ауыр металдардың тұздарымен созылмалы улануды тудырады.

Инемен механикалық зақымдау терінің қабыну процесін тудырады. Бұл табиғи қорғаныс реакциясы. Ауырсынудың ұзақтығы татуировканың орналасуы мен мөлшеріне байланысты. Орташа алғанда, бұл үрдіс 10 күнге дейін созылады. Содан кейін жазылады. Инфекцияны екінші рет болдырмау үшін пайда болған қабыршықты тесуге, шұқуға болмайды. Аллергиялық реакцияларға бейім және созылмалы аурулары бар адамдарға татуажды жасатпас  бұрын  дәрігермен кеңескен жөн.

Өндірушілер бояу реңінің тұрақтылығына 15 жылдық кепілдік береді. Алайда мұндай қадамға барған әрбір адам қара бояудың күн сәулесінде күйіп кететін органикалық өнім екенін білуі керек. Сондықтан жағымсыз салдарларды болдырмас үшін күнге күюден қорғану абзал. Монша, хауыз, су қоймаларында шомылудан аулақ болған жөн.

Егер татуировка жасауды ұйғарсаңыз, сертификатталған жабдықты пайдаланатын, бояуларға рұқсат беретін құжаттары, бір рет қолданылатын стерильді шығын материалдары бар арнайы сән үйлеріне барған абзал. Тату-салонның қызметкерлерінде арнайы оқудан өтуі, сәйкестік сертификаттары, белгіленген үлгідегі медициналық кітапшалары болуы тиіс.

Татуировканы алып тастау  (лазерлік хирургия) өте қымбат. Барлық медициналық мекемелерде лазерлік жабдықтар кездесе бермейді. Сондықтан жастардың татуировка жасатпас бұрын жан-жақты ойланғандары абзал.

Гүлнәра ДЖАҚСЫЛЫҚОВА,

облыстық санитарлық-эпидемиологиялық

бақылау департаментінің

бөлім басшысы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp