«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАМЫРЫ ТЕРЕҢДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі таңда «Жәлел Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжі» өңіріміздегі ауыл шаруашылығы саласына мамандар даярлауды жүзеге асыратын оқу орындарының бірі.  Соңғы жылдары колледж білім беру жүйесін қайта жаңартты. Нақты айтсақ, жаңа мамандықтар құрылып, оқытудың жаңа әдістемелері әзірленіп, енгізілді. Оқытушылар мен колледж қызметкерлерінің барлық күш-жігері еліміздің ауыл шаруашылығында сұранысқа ие сапалы мамандар даярлауға жұмылдырылуда.

Оқу орны 1885 ж. төменгі қырғыз ауыл шаруашылық мектебі  болып құрылған болатын. 1894 жылы  мектеп ауыл шаруашылық училищесі, 1923 жылы ауыл шаруашылығы техникумы болып қайта құрылды. 2001 жылдан бері жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатов есімімен аталады.  

 Бізідң оқу орнымыз іргесі қаланғаннан бергі уақытта ауыл шаруашылығы үшін 10 мыңнан астам маман даярлады. Колледж түлектерінің арасында көптеген танымал адамдар бар. 60-80-ші жылдары олардың бір бөлігі Қазақстан Республикасының министрліктерінде, облыстарында және аудандарында жоғары қызметтер атқарды, Жоғарғы Кеңестің депутаттары болып сайланды, ғылымға қызмет етті, көпшілігі ғылым саласында жоғары шыңдарға жетті, кандидаттар мен доктор болды. Біз Ж.Қизатов, Б.Ә.Әшімов, М.Р.Сағдиев, Н.А.Болатбаев, С.К.Әбілев, А.С.Донченко, Е.И.Викторов, В.К.Дремасов, Т.А.Омаров, М.В.Трошихин, В.И.Корабельников, Н.Ф.Куликов, И.К.Шоль және басқа да түлектерімізді мақтан тұтамыз. 

Колледж өңірдегі ауыл шаруашылығы бағытындағы мамандарды кәсіби даярлау мен олардың біліктілігін арттырудың орталығына айналды. Президенттің жастардың кепілді бірінші мамандық алуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау туралы тапсырмасын орындау мақсатында 2017 жылы «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жаңа жобасы бастау алды. Қазіргі таңда агрономия, ветеринария, ауыл шаруашылығын механикаландыру, орман шаруашылығы, ет және ет өнімдерін өндіру, есеп және аудит, сүт және сүт өнімдерін өндіру, тамақтандыруды ұйымдастыру, дәнекерлеу ісі сияқты мамандықтар бойынша кадрлар даярлаймыз.

2015 жылдан Жәлел Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжінде еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен келген жастарды әлеуметтік қолдау мақсатында «Серпін – 2050» –  «Мәңгілік ел жастары- индустрияға» жаңа әлеуметтік жобасы қолға алынды, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан 75 адам және 2016 жылы 60 адам оқыды. Осылайша аталмыш  бағдарлама бойынша студенттердің жалпы саны 135 адамды құрады. 2018 және 2019 жылдары «Серпін – 2050» – «Мәңгілік ел жастары-индустрияға» жобасының 106 адамнан тұратын студенттері бітіріп шықты, оның ішінде 15 адам Солтүстік Қазақстан облысында жұмысқа орналастырылды.

Оқу орны құрылған уақыттан бері екі оқу корпусынан, оқу залы бар кітапханадан, акт залынан, ветеринариялық емханадан, спорт кешенінен, екі жатақханадан, медициналық пункттен, асханадан тұратын берік материалдық-техникалық база құрылды, колледжде колледж тарихының мұражайы, ветеринариялық бөлімнің мұражайы жұмыс істейді. Оқу орнының оқу-өндірістік шаруашылығы 391 гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын құрайды. 2015 жылы өз қаражаты есебінен мал шаруашылығы фермасын салып алды.

2013 жылы колледж «Ветеринария» мамандығы бойынша институционалдық дамуға бағытталған Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің грантын алуды көздейтін «Техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту» республикалық жобасына қатысқан болатын. Конкурс қорытындысы бойынша колледжге Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен 380 мың доллар сомасында Халықаралық Қайта Құру және даму банкінің гранты бөлінді. Бұл қаражатты игеру студенттерге теориялық білімдерін тәжірибеде бекітуге және өндіріске жақын жағдайларда негізгі жұмыс дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік беретін мамандық бойынша оқу-әдістемелік әдебиетті, оқу кабинеттері, зертханалар, сондай-ақ ветеринарлық клиника, оқу фермасы үшін қазіргі заманғы жоғары технологиялық жабдықты сатып алуға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ жобаны іске асыру шеңберінде 2 адам «EBG» халықаралық оқу орталығының (Германия Федеративтік Республикасы: Берлин, Дрезден, Хале, Магдебург қалалары) және 5 оқытушы республикалық кәсіптік білім беру институтының (Беларусь Республикасы, Минск қаласы) базасында біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

Қазіргі жағдайда білім тез ескіреді. Сондықтан XXI ғасырда   үздіксіз білім беру үдерісінің ерекшеліктеріне ие болуы керек. Жәлел Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжі осы талаптарға сай келетін бірден-бір оқу орны екенін мақтанышпен айта аламыз. 

 Бейімбет БҰҒАСОВ,

Жәлел  Қизатов атындағы жоғары

ауыл шаруашылығы колледжінің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp