«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ ҒАРЫШКЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар Әубәкіров десе – бәріміздің көз алдымызға жайдары жүзді, құрыш денелі, сұңғақ бойлы қағілез-қайсар азаматтың шуақ шашқан нұрлы бейнесі жылыұшырап келе қалады, осыдан отыз жыл бұрын бар қазақтың туын көтеріп, рухын асқақтатып, оның ғарышқа аттанған ұмытылмас сәті еске түседі. Бүгінде жігіт ағасына айналған қалыбы қыран тектес қайсар жанға деген қазақтың ілтипаты әлі күнге дейін бір мысқал кеміген емес!

Ол – дыбыстан да озған ең қуатты кеңестік 50 әскери ұшақтың тұсауын кескен атақты сынақшы-ұшқыш. Сол кеңес заманының өзінде әскери авиациядағы айрықша жетістігі үшін Гиннестің рекордтар кітабына кірген. Ол – Дүниежүзілік авиация музейінде (АҚШ) есімдері мәңгілікке мәрмар тасқа қашалып жазылған ірікті он әскери ұшқыштың үшіншісі. Қазақ үшін мұның ешқайсысы ешқашан да көптік еткен емес.

Бала жасынан ұшқыш болуды армандаған Тоқтар жай ғана ұшқыш болмай, сынақшы болуды алдына мақсат тұтқан. Осы арман-мақсат үдесінен шығу үшін маңдай терін төгіп, уақытын сарп етуге тура келді. Ақыры, асыл арманының алғашқы асуына да қадам басты. Сөйтіп, ол 1975-1976 жылдары Мәскеу ұшқыш-сынақшылар мектебін және ондағы Авиация институтын бітірді. Енді осы өзі армандаған ұшқыш-сынақшылар мектебінен сүрінбей өту үшін Мәскеудегі А.Микоян атындағы Тәжірибелік конструкторлық бюросында білім алып, еңбек жолынан өтті. Оның осы жолы кейін ғарышкерлік өмірінің алтын арқауына айналып, үлкен өмір жолына ұласқан еді.

Кеңес Одағының Батыры, «Халық Қаһарманы» Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 1991 жылғы 2-10 қазан аралығында «Мир» орбиталық кешенінде экспедицияның зерттеуші-ғарышкері ретінде ғарышқа ұшты. Бұл Қазақстан үшін тарихи күн болды. Ғарыш кемесі жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал теңізі аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осылайша 45 жасында ғарышкер атанды.

Кеңес Одағы басшылығымен өзінің алғашқы ғарышкерінің кезектен тыс ұшуы туралы келісем алған Қазақстан осы маңызды оқиғаға мұқият дайындалды. 1991 жылы Қазақ КСР-ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Байқоңырға үш рет ат басын бұрды. Қаңтарда қазақ ғарышкерінің ұшуы туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, сәуір айында Қазақстан Байқоңырда Юрий Гагариннің ғарышқа ұшуының 30 жылдығына арналған орасан зор мереке ұйымдастырды, ал қазан айында Мемлекет басшысы ғарыш айлағына тұңғыш қазақты ғарышқа ұшыруға келді.

1991 жылы 2 қазанда Байқоңыр жұртшылығы көптеген қонақтарды қарсы алды. Қазақстан Президентінің шақыруымен ғарыш алаңына одақтас республикалардың басшылары ұшып келді. Бұл, шамасы, Қазақстанды ғарыштық серпіліспен құттықтауға себеп қана емес, сондай-ақ көз алдымызда ыдырап келе жатқан ұлы КСРО-ның жағдайын талқылауға мүмкіндік болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөздерінде Қазақстан аумағында орналасқан кеңестік ғарыш айлағының болашағына алаңдаушылық сезілді. Ғарыш кемесі борттағы алғашқы қазақ ғарышкерімен бірге ұшырылар алдында жасаған мәлімдемесінде ол барлық бұрынғы одақтас республикаларды бірегей ғарыш кешенін жоғалтпау үшін Байқоңырды бірлесіп қолдауға шақырды.

Содан кейін Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Александр Викторенко мен австриялық Клеменс Лоталлер журналистермен сұхбаттасып, теледидар мен радиода Қазақстан үшін бұл тарихи оқиғаның маңызы зор екенін айтты. Бұл күні Қазақстан өзінің тұңғыш ғарышкерін сапарға шығарып салып қана қоймай, өзін «Байқоңыр» ғарыш айлағының иесі болған мемлекет ретінде жариялады. Өйткені бір ай бұрын, 1991 жылғы 31 тамызда Байқоңыр Қазақстанның меншігіне алынған еді.

Иә, осы тарихи сәттен кейін желтоқсан айында еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізіп, көк байрағы бейбіт аспанда желбіреді. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының толыққанды мүшесі атанып, өркениетті елдермен иық түйістірді. Тарих үшін қысқа мерзім ішінде еліміз барлық салаларда қомақты табыстарға қол жеткізді. Тоқтар Әубәкіровтің жолын Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов жалғастырып, Қазақстан ғарыш кеңістігін игерген елдердің қатарына қосылды.

Д.СЫРЫМБЕТОВА,

Т.ӨМІРЗАҚОВА,

А.ЖҰСЫПОВА,

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан

университетінің оқытушылары.

А.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp