«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАСҚАН ҰЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жетпіске жасы таяған Жамал әжей күнде таңмен таласа тұрады. Бүгін де сол баяғы әдетінше ұйқысынан ерте оянды. Ол қабырғада ілініп тұрған марқұм жұбайы мен ұлының суретінен көз алар емес. Кейуананың ауызғы бөлмеден түскен жарықтың сәулесімен шағылысқан көз жасы тоқтар емес.

Отағасы қайтыс болғаннан бері бұл үйде түні бойы жарық жанып тұрады. Жұбайының жоқтығы жанын жегідей жей ме, әлде ұзақ жыл бойы хабар-ошарсыз кеткен ұлы кіріп келердей бола ма, Жамал әжей көрші-қолаңның айтқанына құлақ аспай жарықты бір сәтке де өшіртпей қойды.

…Қария терең ойдың құшағына еніп, төсегінде тұнжыраған күйі ұзақ жатты. Ол таң сәулесінің төңірекке жайылғанын да сезбей қалды.  Үйдің іші салқындап кетіпті. Қара суық түскен шақ. Басына қалың орамалын  тартып, үстіне тік жағалы бешпентін киіп тысқа шықты. Қораға жақындай бергені сол еді, тауықтардың дауысы үдей түсті. Әнеугүні көршінің баласы үйіп берген жемнен бір ожау толтыра жерге тастай салды.

Жамал кемпірдің әр таңы осылай басталады. Пешке от жағып, үйдің іші жылына бастаған соң, асықпай шай қамына кіріседі. Кейде өзі қатарлас Бақытты шайға шақырады немесе керісінше оған барады. Екеуі көрші тұрады. Ол да жалғызбасты қария. Өткен-кеткенді еске алып, ұзақ сырласады. Көп жағдайда Жамал ана ұлы Беріктің балалық шағы мен бақытты сәттерін сағынышпен еске алады. Беріктің қарашаңырақтан безінгеніне біраз уақыт болды. Оның өзіндік себебі де жоқ емес…

Жамал жары Нұрбаймен тату-тәтті өмір сүрді. Тұрмысқа шыққан соң, Берікті дүниеге әкелді. Алайда ауыр босанды. Дәрігерлер енді оның  екінші мәрте жүкті болуы екіталай екенін айтты. Одан кейін ол құрсақ көтермеді. Барын баласының аузына тосқан ерлі-зайыптылар жалғыздарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Әлгі ұл мектепке барғанша анасының омырауынан ажырамады. Әкесінің мейірімін, анасының аялы алақанын көріп өскен ұл тым ерке еді. Бірақ ата-анасының сөзін екі еткен емес. Мектепті де үздік тамамдады. Кейін әскери училищеге оқуға түсіп, әке-шешесін бір қуантты. Ұлдарының есейіп, жетістікке қол жеткізгенін көрген Нұрбай мен Жамал да бақытты еді. Қолына диплом алған соң, Берік жолдамамен батыс өңіріне жол тартты. Жылына бір берілетін еңбек демалысына шыққанда елге келіп, ата-анасының жанында аунап-қунап қайтатын. Кейін отбасын құрды. Арқа өңірінің бір сұлуын жар етті. Екі жастың бақыты үшін ата-ана аянып қалмады: ұлан-асыр думанды той жасады Жаңа өмірге қадам басқан жас жұбайлар қол ұстасып, Атырауға аттанды. Бастапқыда бәрі жақсы болды. Жұмыс орнынан пәтер беріліп, көлікке де қол жеткізді. Әйтеуір ешкімнен кем болмады. Тұңғыштары Әсем дүниеге келді. Ата-анасы сезгендей Берікке жол шалғай екенін айтып, туған жерге жақындауын әр хабарласқан сайын өтінетін. Бірақ ол жұмыс қауырт, әзірге ауысуға мүмкіндік жоқ деумен болды. Қош, жылыстап жылдар да өте берді. Соңғы жылдары Берік те өзгере бастады. Ата-анасына айлап хабарласпауды әдетке айналдырды. Бірде келіні Әлия қоңырау шалып, ажырасатындарын айтқанда ата-анасының үстінен жай түскендей болды. Нұрбай әке дереу жолға шығып, баласының жайын білмекке Атырауға аттанды.

Берік әлдеқашан жұмысынан шыққан екен. Әскери тәртіп қатал, қылтың-сылтыңға жол жоқ. Әлдебіреулердің арбауына түскен Берік жат ағымның жетегінде кеткен. Оның үстіне белшесінен қарызға батқан. Тіпті сатқан пәтері қарызын жабуға да жетпей қалған. Іштен шыққан баланы ата-ана жамандыққа қия ма? Қораларындағы бар малды сатқан соң әкей жүген ұстап қалды. Әйтеуір ұлының қарызынан құтылып, жүгенсіз кеткен ұлды елге алдырды. Бірақ Берік еш өзгерген жоқ. Ата-анасын жат дінге үгіттеп, қайта-қайта мазаларын алды. Бірде баласы мен әкесі сөзге келіп  қалып, үйде ұрыс орын алды. Ашуға булыққан Нұрбай баласынан бұрынғы қалыпқа келмейінше есікті қайтып ашпайтынын айтты. Санасы әбден уланған адамнан не күтуге болады? Сол кеткеннен ол үйге қайтып оралмады. Әкесі жүрек талмасынан қайтыс болғанда да жаназасына қатыспады. Бүгінде Жамал әжей ұлының қайда жүргенінен хабарсыз. Түбінде бір оралатынына сенімді. Ана жүрегі алдамайтын шығар…

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp