«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСПАНАЛЫ БОЛУ – БІР БАҚЫТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

«Үйі жоқтың – күйі жоқ» демекші, қазір пәтер жалдап жүргендердің қатарында әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар аз емес. Баспаналы болудың бірден-бір жолы – пәтерді ұзақ жылға жалға алу. 

Осы мақсатта Мамлютка қаласында салынып жатқан 30 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйдің құрылысы бітуге жақын. Скачкова көшесінде орналасқан бұл нысан көпбалалы аналарға, мүгедектерге және асыраушысыз қалғандарға ұзақ мерзімге ипотекалық жолмен берілмек. Бас мердігер – «International Construction сrоup» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ержан Сұлтанбекұлының сөзінше, биыл сәуірде басталған құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ. Тұрғын үйдің сәні мен сапасына «ЛИРА» ЖШС-і жауапты болса, техникалық жағын «NORD HOTEL GROUP» кәсіпорны  өз мойнына алған.

Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 90 пайызға жуығы аяқталды. Үйдің төбелері мен терезелеріне, едендері мен ішкі әрлеуіне қатысты жұмыстар ғана қалыпты. Айтқандайын, ішкі электр сымдары да жалғануда. Құрылысшылар күннің суығына қарамастан, үйдің сапалы салынуына күш салуда.

«Нысанның жалпы ауданы – 3120,25 м2. Құны 423,031 млн. теңгеге бағаланды. 30 пәтердің 14-і – бір, 10-ы – екі, ал алтауы үш бөлмелі. Нысан құрастырмалы бетон блоктардан, қабырғалары кірпіштен, құрама темірбетон плиталарынан тұрғызылса, сыртқы қабырғалары қызыл кірпішпен әрленген. Шатыры ағашпен көтеріліп, оның үстіне полимерлі профильді болат жабынды шегеленді. Қазір тұрғын үйдің негізгі құрылысына қоса, кәріз және сумен жабдықтау жүйесі де тартылды», – дейді Мамлют аудандық  сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы Елдар Қақабаев.

Тұрғын үй құрылысын шекті уақытта аяқтап, баспанаға кезекте тұрғандарға беруді жеделдету үшін бірқатар техника мен адам күші де жұмылдырылған. Дәлірек айтқанда, 2 кран, 2 жүк тиегіш, 1 самосвал, бульдозер, асфальт төсеуші, арнайы автокөлік, МКСМ және 46 құрылысшы қамтылған. Енді жұмысшылар ауланы көріктендіруге кіріседі.  Балалар ойын алаңы, футбол алаңы, көлік тұрағы салынып, оның айналасы көгалдандырылады. Қазірдің өзінде шыршалар отырғызылған. Бұйырса, жаңа жыл қарсаңында өз баспанасын ұзақ күткен жандар қоныс тойын тойламақшы.

Баспанаға қол жеткізгендер үкіметке ай сайын тиісті қаражатын төлеп отырмақ. Мәселен, үш бөлмелі пәтерге ие болғандар – 4000, екі бөлмеге жайғасқандар – 3000, бір бөлмелі пәтер бұйырғандар 2000 теңге төлейді. Тек коммуналдық шығынды әр отбасы өзі өтеуге міндетті.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp