«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖӘРДЕМАҚЫЛАРЫ ӨСЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мамандар әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі оң өзгерістер жайында айтты. 

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Гүлбақыт Манабаеваның айтуынша, енді 1-топтағы мүгедек адамдарға күтім жасайтын барлық азаматтарға жәрдемақы төленбек. Бұрын мұндай жәрдемақы  тек бала кезінен 1-топтағы мүгедек атанған жандарды күтумен айналысатын адамдарға ғана берілетін. Алдағы уақытта отбасында екі және одан да көп бірінші топтағы мүгедек тұратын жағдайда, күтімді жасайтын адамға жәрдемақы олардың әрқайсысы үшін  тағайындалады. Тек мүмкіндігі шектеулі жан да, оған күтім жасайтын адам да бір елді мекенде тұруы тиіс.

«Жәрдемақы өтініш берген күннен бастап бірінші топтағы мүгедектік белгіленген бүкіл кезеңге тағайындалады және төленеді. Нәтижесінде облыс бойынша 1,6 мыңнан астам адам қосымша жәрдемақымен қамтылады. Ол үшін жәрдемақы тағайындау туралы өтініш пен қажетті құжаттарды тиісті мекемеге тапсыру қажет», – дейді Гүлбақыт Манабаева.  

Сондай-ақ сәби денсаулығының бұзылу деңгейін ескере отырып, заңда 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделген. Бұл көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалар ауруының ауырлық дәрежесіне қарай жәрдемақылар мөлшерін саралауға мүмкіндік бермек.

Бүгінде 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға берілетін жәрдемақының мөлшері бірдей, ол – 48 мың теңгені құрайды. Енді 7 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7 пайыздан 37 пайызға дейін ұлғайтылмақ.  

«1-топтағы мүгедек бала 65860 теңге алатын болады (+17837 тг), 2-топтағы мүгедек бала 54541 теңге (+6518 тг), 3-топтағы мүгедек бала өзгеріссіз, яғни 48023 теңге жәрдемақы алады. Қазір облыста7 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны – 1368»,  – дейді департамент басшысының орынбасары.  

Қазір департаменттің медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері 7 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедектік санатын медициналық жеке ісіндегі мәліметтер негізінде қайта қарастырып жатыр.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp