Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиында тұрғын үйді басқарудың жаңа жүйесіне көшу (мүлік иелері бірлестігі) мәселесі қаралды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту саласындағы өзгерістер туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бахыт Ілиясов айтып берді.
Басқарудың жаңа нысанына көшу кезінде меншік иелері қатарынан мүлік иелері бірлестігінің төрағасы (1 жыл мерзімге), сондай-ақ үй кеңесі (кемінде 3 адам) және тексеру комиссиясы (кемінде 3 адам) 3 жыл мерзімге сайланады. Сондай-ақ кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін басқаруға және күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындар бойынша ақшаны есепке алу үшін шот және күрделі жөндеуге ақша жинақтау үшін жинақ шотын міндетті түрде ашу қажет. Бұрын ПИК-тің бірнеше көппәтерлі тұрғын үйге арналған небәрі жалғыз есепшоты болса, енді меншік иелері бірлестігін немесе жай серіктестік құрған кезде шоттар (ағымдағы және жинақ) әрбір үйге жеке ашылады. Қаражатты жұмсау мен бақылау үй кеңесі арқылы жүзеге асырылады, бұл тұрғындарға жиналған қаржының қайда жұмсалғанын білуге мүмкіндік береді. (Әкімдік отырысы туралы толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар).
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.