«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУРУДЫ АСҚЫНДЫРМА, ЕКПЕ АЛ!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Коронавирус жүрек-қан тамырлары ауруларының асқынуына әкеледі. Қан ұюының бұзылуы тромбтардың пайда болуына әсер етеді. Солтүстік Қазақстан облыстық көпсалалы аурухананың кардиологиялық блок жетекшісі Мақсат Құдраттоллаев қауіпті дерттің алдын алу үшін жүрек-қан тамырлары ауруы барларға коронавирусқа қарсы екпе алуға кеңес береді.

– Кардиологиялық аурулары барларға коронавирусқа қарсы вакцина алуға болады. Екпе қойғызудың еш зияны жоқ. Кей сырқаттарда коронавирустан кейін кардиологиялық аурулары асқынады. Тәуекел тобындағы адамдар зардап шегеді. Ишемиялық ауру, артериялық гипертензия сияқты созылмалы аурулары барларда тромб түзілуі жоғары. Сол себепті жасы 60-тан асқандар міндетті түрде екпе қойдыруы қажет. Вакцина алмастан бұрын кез келген адам терапевтің тексеруінен өтуі керек. Жағдайы жақсы болса вакцина қойдыруға рұқсат беріледі, – дейді облыстық көпсалалы аурухананың кардиологиялық блок жетекшісі Мақсат Құдраттоллаев.

Қазіргі уақытта кардиологиялық орталыққа жоспарлы ем алу үшін жататындардың қолында ПТР тестің қорытындысы немесе вакциналау паспорты болуы керек. Ал мәртебесі анықталмаған сырқаттар алдымен тексеруден өтеді.

– Ауыр халде, мәселен, инфаркт алып, “Жедел жәрдем” арқылы түсетін сырқаттар бар. Олар бірден ПТР тест тапсырады. Мұндай сырқаттар мәртебесі анықталғанға дейін оқшаулау бөлімшесіне орналастырылады. Келесі күні тест нәтижесіне қарай ем-домды бастаймыз. Егер де вирус жұқтырғаны анықталса, оның жағдайына қараймыз. Бұл уақытта кардиологиялық ем-дом қатар жүргізіле береді. Егер де ауру жеңіл өтсе, орталықта қалдырамыз. Коронавирустың асқынған түрі болса, инфекциялық стационарға ауыстырылады. Сол жерде вирустан және кардиологиялық аурулардан қатар емделеді, – дейді кардиолог дәрігер.

Кардиологиялық орталық дәрігерлері ақпан айында алғашқылардың бірі болып коронавирусқа қарсы екпе алған екен. Қазір ревакцинацияның басталуын күтіп отыр. Өйткені вакцинаның әсері 6-9 айдан кейін төмендей бастайды екен.

– Қазір біз сырқаттарға вакцина алу қажеттігін айтып жатырмыз, өйткені тәжірибе көрсеткендей, қауіпті инфекция жұқтырған науқастарымызда тромбоздық асқынулар жиі байқалады. Оның салдары ауыр. Қанның ұйып, имплантталған стендтер, тағы да басқа қойылған құрылғылар бітеліп қалуы мүмкін. Сол себепті біз сырқаттарымызға вакциналаудың не үшін қажет екенін түсіндіреміз. Егер де жүрек-қан тамырлары ауруына коронавирус қосылатын болса, жағдай ушығып, соңы өліммен аяқталуы мүмкін. Вакцинация өзімізді қорғау үшін керек. Бізде ұжымдық иммунитет пайда болмайынша, коронавирус қатер төндіре береді, – дейді Мақсат Құдраттолаев.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp