Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру шеңберінде Ішкі істер министрлігі полиция жұмысының сервистік моделінің ауқымын кеңейту бойынша жұмысты жалғастыруда. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтау мақсатымен өңірімізге Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Мұрат Баймұқашев келді.
Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия отырысында қоғамдық қауіпсіздіктің сервистік моделін енгізу мәселелері талқыланды. Жыл басынан бері өңірімізде балалардың қатысуымен 30-дан астам жол-көлік оқиғасы болған. Салдарынан 3 жеткіншек қаза тапқан. Ал 15 оқушыны жүргінші жолағынан өту кезінде “темір тұлпар” қағып, түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған. Бұл жайлы ведомствоаралық комиссия отырысында әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов мәлім етті. Статистикаға сүйенсек, көбінесе жазатайым жағдайлар білім беру ұйымдарының айналасында жол белгілерінің және жарық шамдарының болмауынан орын алады.
Апаттардың алдын алу үшін тәртіп сақшылары арнайы іс-шаралар ұйымдастыруда. Жол бойында немесе көшелерге жақын орналасқан 321 мектептің бірде-біреуі тиісті талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталған. Олқылықтарды жою үшін 536 ұйғарым беріліпті. Осы күнге дейін оның тек 125-і орындалған. Қалған талаптардың орындалмауына қаражаттың жоқтығы себеп болып отыр. Бұл мәселе Аққайың және Шал ақын аудандарында өткір тұр. Бүгінде аталған аудандағы 21 мектептің тек төртеуінің ғана айналасында жол белгілері бар екен. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жауапты басшыларға кемшіліктерді түзеуді тапсырды.
– Тапсырманы орындау үшін қандай да бір жұмыс атқармаған әкімдерге өз орнын босату жөнінде шара қабылдануы мүмкін. Жол белгілерін орнату бойынша жұмыстар әлі аяқталған жоқ. Бұлай қалдыруға болмайды. Істі қысқа мерзімде тындыру керек, – деді Құмар Іргебайұлы.
Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев стационарлық модульдік бекеттердің жұмысын тексеру үшін жергілікті полиция қызметі бөліністерінде болды. Бүгінгі таңда қалада полицияның үш модульдік бекеті жұмыс істеуде. Осындай тағы төрт бекетті жыл соңына дейін қолданысқа беру жоспарланып отыр.
Полиция генерал-майоры жедел басқару орталығының жөндеу жұмысымен танысып, ведомстволық музейдің қызметкерлерімен кездесті. Сондай-ақ Петропавл қаласы полиция басқармасындағы “Азаматтарды қабылдау бөлмесінде” болып, қалалық патрульдік полиция батальонының кавалерия бөлімшесі мен кинологиялық қызмет орталығына барды.
Министрдің орынбасары Мамлют ауданының Новомихайловка ауылындағы учаскелік полиция инспекторының қызметтік үйімен біріктірілген учаскелік полиция пунктіне де бас сұқты. Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Қазіргі уақытта өңірде құрамында Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің өкілі, Ішкі істер министрлігінің орталық аппараты және Б.Бейсенов атындағы Ішкі істер министрлігі академиясының қызметкерлері бар тренингтік топ жұмыс істеуде. Олар бұрын еліміздің басқа өңірлерінде сынақтан өткен полиция жұмысының сервистік моделін енгізу және ауқымын кеңейтумен айналысуда.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің аға инспекторы.