Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің жалпы редакциясымен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және негізін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалаған, нығайту бағытын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып келе жатқан мемлекетіміздің шептерін қорғау ісіне лайықты үлес қосқан жедел қызметкерлер мен шекарашылардың қызметі туралы баяндайтын “Отандық арнаулы қызметтің хроникалары. Адамдар, оқиғалар, фактілер туралы хикаялар”, “Мемлекеттік шекара” деп аталатын кітаптар жарық көрді. Бұл еңбектер арқылы оқырмандар еліміздің тыныштығы, азаматтарымыздың алаңсыз өмірі үшін ыстық-суыққа төзіп, күні-түні қызмет атқарып жүрген бейбіт заманның батырларымен танысып, бүгінде құпиясы ашылған талай оқиғаларға қанығады. Біз бүгін сіздердің назарларыңызға “Отандық арнаулы қызметтің хроникалары. Адамдар, оқиғалар, фактілер туралы хикаялар” кітабына енген жедел қызметкердің естелігін ұсынып отырмыз.
1996 жылдың аяғында теңдесі жоқ операция өткізіп, бірнеше айдан кейін Комитетте алғашқылардың бірі болып “Айбын” орденінің иегері боламын деп ойлаған жоқ едім.
Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан кейін, кезінде тағдырдың тәлкегімен шетелде өмір сүрген біздің көптеген отандастарымыз өздерінің тарихи отандарына орала бастады. Барлығы өздері үшін, балашағалары үшін жақсы өмірді табуға ұмтылды.
Үлкен толқынмен ағылып келіп жатқан оралмандарға қатысты қарсы барлау қызметі сүзгіден өткізу жұмыстарын атқарып жатты. Елімізге терроршылар мен қылмыс әлемінің өкілдерін ғана емес, шетел шпиондарын кіргізбеу де маңызды еді.
Барлық аймақтардағы азаматтық алғысы келетін үміткерлермен жедел қызметкерлер жеке жұмыс істеді. Жұмыс нәтижесі әрбір қарсы барлаушының жедел қызметтегі тәжірибесімен ғана емес, сонымен бірге олардың әрбір адамның жеке өмірімен қаншалықты шынайы айналысатындығына байланысты болды.
Барлығы 1997 жылғы қаңтар айында ҰҚК Маңғыстау облысы бойынша департаментінің Орталыққа жіберген шифрлы жолдауынан басталды: сүзгіден өткізу кезінде екі адамнан ирандық барлаудың агентурасына қатыстылық белгілері анықталды.
Бұл хабардан төбе шашым тік тұрды деп айтпай-ақ қояйын. Ол кезде арнаулы қызметтер елімізде белсенді түрде жұмыс істеп жатты, сол уақытта да жағдайды бақылауға тырыстық.
Тәуелсіз Қазақстанның Қытаймен, Ресеймен ыңғайлы орналасуымен қатар, оның үлкен ресурстары, транзиттік және экономикалық әлеуеті бар екендігін бәрі түсініп отырды.
Бір-бірін танымайтын екі репатриантқа жүргізілген сауалнама нәтижесінде алдын ала дайындалған жаттанды жауап алынғандығы сол шифрлы жеделхатта айтылған болатын.
Олардың жүріс-тұрысында абыржушылық байқалғанына қарамастан, сауалнама алдында дайындықтан өткендіктері және бірдеңені шынымен жасырып тұрғандықтары байқалды.
Екеуі де Иранның әртүрлі екі аймағынан біздің елімізге әртүрлі уақытта, араға бірнеше ай салып келген: біреуі “Нұрлан” – жақсы білімі бар, орта жастағы, жігерлі, бірнеше тілде еркін сөйлейтін шашы ағара бастаған ер кісі, екіншісі “Азат” есімді жігіт оған түбегейлі қарама-қарсы тұлға – жас, спортпен шыныққан, жақында ғана этникалық иран қызына үйленген жігіт.
Екі азаматты тыңғылықты тексеруге осы белгінің өзі жеткілікті еді. Мүмкіндігінше тезірек, асқан ұқыптылықпен оларды “сүзгіден” өткізіп, олардың Қазақстанға келудегі негізгі ниеттерін анықтау керек болды.
Сыртқы бақылаудан бөлек, аталған адамдардың маңайына сенімді агенттер енгізудің сәті түсті, ал олардың телефондары мен пәтерлері бақылауға алынды. Сөйтіп, “Нұрлан” мен “Азат” қарсы барлаудың “қырағы көзіне” түсті.
Біршама уақыт өткенде біз “Нұрлан” мен әйелінің арасындағы елең еткізерлік әңгімені “ұстадық”. Ұйықтар алдында әйелі сыбырлап қана “ирандық достардың” байланысқа шыққан-шықпағандығын сұрады. Әйелінің әңгімесін аяқ астынан үзіп тастаған ол тезірек ұйықтауын өтінді.
Бірақ “Нұрланның” соңынан қойылған ұзақ мерзімді бақылау оның жүріс-тұрысынан күдіктенетін ештеңе таппады.
Жұмыстан кейін отбасына қайтып, бұрыннан араласатын адамдарымен байланыс ұстап отырды, ал ол адамдарды біз тыңғылықты тексерген болатынбыз. Агенттер оларды тек жақсы жағынан ғана сипаттап отырды.
Алайда әйелінің аузынан шығып кеткен сол бір ауыз сөз маған тыныштық бермеді. Оның тасасында бір құпия тарих, қорқыныш және қауіпті сезетін әйелдің сезімі жасырынып жатқандығын интуициям айтып тұрды.
Басшылықпен келісе отырып, бізге мәлім мәліметтерді білдірмей, “Нұрланды” мүмкіндігінше, барынша ашық әңгімеге тарту керек деп шешілді. Психологтың көмегі арқылы біз оның жанындағы нәзік нүктесін табуға тырыстық.
Бізге бұл істің сәті түсті. Ширығумен өткен екі сағаттық әңгімеден кейін “Нұрланның” шын мәнінде кім екендігін мойындауына тура келді, Қазақстанға келердің алдында бірнеше жыл бұрын оны Иранның арнаулы қызметі астыртын жұмысқа тартып, барлау мүддесіндегі жауапты жұмыстарын орындағандығын айтып берді.
Біздің елге келердің алдында шетелдік жетекшісі алдағы құпия жұмысы, барлаушылардың жұмыс тәсілі туралы тыңғылықты түрде нұсқама береді.
Атап айтқанда, Ақтау қаласына орныққаннан кейін, біраз уақыттан соң, ол алдағы кездесудің орны мен уақыты құпия түрде жазылған хат алуы тиіс болатын. Қолына шартты белгі болып табылатын азық-түлікке арналған қызыл түсті пакет ұстап, кездесу орнына кешікпей келу жағы талап етілді.
“Нұрлан” жылап тұрып, Қазақстанға шын берілгендігін айтып қарсы барлаушыларды сендірді, ирандық арнаулы қызметке жұмыс істегісі келмейтіндігін білдірді. Осыншама уақыт қорқынышпен өмір сүргендігін, барлығын қалай мойындау керектігін білмегендігін айтып ақталды.
Келесі күні таңертең оның кінәсін мойындауы туралы қағаздарын ұқыпты оқи отырып, бейнежазбаны бірнеше мәрте айналдырып, әңгіме барысындағы оның жүріс-тұрысын зерттедік. Өтірік айтып тұрмағандығы байқалды.
Белгілі болғанындай, жағдайға байланысты қысым жасалып, тәуелділікке түсіп қалғаннан кейін барып ол жасырын қызметке көмек көрсетуге келісіпті.
Анықталған шетелдік агентті қайтадан жасырын қызметке тартып, бірнеше апта бойы қарсы барлау тарапынан тыңғылықты жұмыс жүргізілді. Ол енді біздің жіті бақылауымызбен ирандық барлаушымен болатын болашақ байланысқа дайындалып жатты.
Ирандық барлау біздің еліміздің аумағында қандай нақты жұмыс істеп жатқандығын білу маңызды болды, әрине, ұлттық қауіпсіздікке келетін зиянды кез келген тәсілмен болдырмау керектігі айтпаса да түсінікті еді.
Ал “Нұрланның” өзі маған ұнады. Оның адамгершілік қасиеттері сенімді және шынайы екендігі ешқандай күдік тудырмады.
Осымен қатар жоғарыдағыдай тәсілдің арқасында “Азат” та анықталды, ирандық арнаулы қызметпен болған байланыстарына қатты өкінбей-ақ, Комитет жағына өтуге ниетін білдірді.
“Нұрлан” секілді ол да ирандық барлау тарапынан келетін жасырын белгіні күтіп, іс-шараға қатысуға дайын отырды.
Шындығын айтқанда, біз “Азатқа” аса қатты сенбедік, сондықтан шартты сенім бойынша жұмыс істедік. Оның соңынан қойылған бақылау бір минут та үзілмеді.
1997 жылғы көктем күндерінің бірінде, кезекті демалысқа дайындалып жатқан кезімде, Қарсы барлау департаментінің бастығы Тілебалдинов Р.Т. кенеттен мені өзіне шақырды.
Бас изеп амандасқаннан кейін, отыруымды өтініп, “Өте шұғыл!” деген белгісі бар ҰҚК Маңғыстау облысы бойынша департаментінен келген шифрлы жеделхатты қолыма ұстатты. Мен оған қарамай-ақ ақпараттың мазмұны не туралы екендігін түсінгендей болдым.
Жақында “Нұрлан” Ирандағы туыстарынан жөнелтпе алған болатын, оның ішінде барлау өкілімен болатын кездесудің уақыты құпиялы түрде жазылған еді: 12 наурыз, 19:00, “Шапағат” базарының босағасында.
Басым айналып кеткендей болды. Пойызға сатып алынған билеттерге, отбасымның үйде күтіп отырғанына қарамастан демалыс туралы ой сол заматта-ақ санадан ұшып кетті. Олардың мені түсінетіндігіне және қолдайтындықтарына сенімді едім.
Кабинетіме келе жатып бұл алда болатын күрделі, көпсатылы, құпия атауы “Виктория” деп аталатын операцияның басы ғана екендігін іштей сезіндім.
Жаңадан құрылған қарсы барлау қызметі шетелдік арнаулы қызметті қалай да жеңіп шығуы керек, сөйтіп, Отанымды қорғауға нақты үлес қосуым керек деген таудай талап ішімде бұлқынып жатты.
Дайындыққа санаулы ғана күндер берілді. Аталған күні “Нұрланның” шетелдік барлаушымен кездескенін қарсы барлаушылар жасырын түрде жазып алды.
Бір ауыз сараң сөздің астарында мол мағына және интеллектуалды, қозғалысты талап ететін тынымсыз еңбек жататындығын кез келген адам түсіне бермейді. Тынымсыз еңбектенуге тура келді.
Алдағы болатын кездесу орны толықтай бақылауға алынып, қалаға келетін барлық жолдар жасырын түрде “жабылды”.
Кездесуге иран арнаулы қызметінің полковнигі “Абур” есімді орта жастағы адам келді, Ақтауға Түркіменстан арқылы бизнесмен кейпінде келіпті.
Ол адам бізге кәсіпкер ретінде бұрыннан таныс еді, бұған дейін елімізге бірнеше мәрте келіп, іскерлік байланыстар орнатқан болатын. Қалалық департамент оның байланыстарын тыңғылықты түрде зерттеген еді, бірақ ирандық барлаушы деген ой ешкімнің басына келмепті.
Сырттай қараған адам “Абурдың” шетелдегі барлау жұмысында мол тәжірибесі бар, мақсатына кез келген жолмен жетуге дайын адам деп әсте ойламайды.
Ақтауға әртүрлі жолдармен келген “Абур” екі әріптесінің жасырын көмегімен кәсіби түрде қимыл жасаған, агенттерді қаржылай қамтамасыз етіп отырған, құпия байланыс, жедел тапсырмалар мен жүріс-тұрыс тәсілдерін пысықтаған.
“Нұрланға” берілген тапсырма, тез арада тамыр-таныстарымен байланысын кеңейтіп, батыс бизнесмендері туралы және Қазақстандағы жағдай туралы мәлімет жинау болды.
Операция белсенді фазасына өтті. Арада бір ай өткенде бұл іске “Азат” та кірісті, онымен ирандықтар басқаша тәсіл арқылы байланыс орнатты.
Ирандық барлаушылар да “Азатқа” біз секілді толық сенбеді, сондықтан онымен өте абайлап жұмыс істеп, нақты мақсаттарын толығымен білдірмеді.
Ол Ақтауға келетін ирандық “бизнесмендермен” тұрақты түрде кездесіп, солардың тапсырмаларын орындап отырды.
“Нұрлан” мен “Азаттың” арқасында барлау орталықтарында дайындықтан өткен ондаған ирандық агенттер анықталып, олардың жолдары кесілді және шетелдік арнаулы қызметтің жасырын мақсатын толығымен түсінудің сәті түсті. Осы уақыттан бастап олардың іс-қимылы толығымен біздің бақылауымызға көшті.
Ирандық агентуралық жүйенің негізгі міндеті исламдық фундаментализм идеяларын насихаттау және біздің азаматтардың арасынан жаңа насихатшылар табу екен.
Алайда “Абурдың” біздің “Нұрланмен” жүргізіп жатқан құпия жұмыстары бізді шынымен мазасыздандыра бастады. Сол уақытпен салыстырғанда оған қомақты қаржы төлеп отырды, сонымен қатар сыйлық алып беруге, басқаша да көңіл аударып отыруға сараңдық танытпады.
Қарсы барлаудың талдаушылары ирандық арнаулы қызмет агентті маңызды тапсырма орындау үшін дайындап жатыр деген тұжырым жасады. Менің өзімде де бұған ешқандай күмән болмады.
1997 жылдың ортасында, ирандық арнаулы қызмет “Абурдың” Ақтауға баратын кезекті сапары қарсы барлаудың күдігін тудыратын болғандықтан, олар “Нұрланмен” жүргізілетін жұмыстарды әсем қала Алматыда өткізу туралы шешімге келеді.
Қарсы жақтың көзқарасы бойынша, ол жақта елшілік резидентурасының қолдауымен және бүркемелеп отырумен жұмыс істеу жеңілдеу болатын еді. Бұдан былай “Нұрланмен” болатын кездесулер тек қана Алматыда, өте құпия жағдайда өтетін болды.
Оларды жасырын бүркемелеу іс-шараларына резидентураның барлық құрамы қатыстырылды. Резиденттің басшылығымен барлаушылар қарсы барлаудың назарын басқа жаққа аудару үшін түрлі амалайла мен қулық-сұмдық ұйымдастырып отырды.
Сол кезде олар теңдесі жоқ “Виктория” операциясының басты орындаушысы “Нұрлан” екендігін, ол біздің бақылауымызбен қимылдап жүргендігін тіпті сезбеді.
Толығымен зерттеліп, бірнеше мәрте тексеруден өткендіктен біз оған толығымен сенім арттық. Бала-шағасының болашағын тек қана Қазақстанмен байланыстыруы біз үшін өте маңызды болды.
Бір күні “Абур” астанаға ұшып келді. Жалға алынған пәтерге орналасып алған соң, алдағы уақытта “Нұрланмен” болатын байланыс шарасының бағдарын тексеруге шықты.
Ол үшін соңында бақылаудың жоқ екендігіне көз жеткізу маңызды болса, біз үшін оның заттарын тексеріп алудың сирек мүмкіндігі маңызды еді. Пәтер кілттерінің көшірмесі дайын болып, кішкентай ғана шаруа қалғанды.
Тәуекел етіп жүріп, оның заттарын жедел зерделеп, суретке түсіріп үлгердік, күдік тудыратын ештеңе таппаған соң шығуға беттеп бара жатқанбыз.
Кенет, қаламсаптың қалпағына жасырылған бір жапырақ қағазды байқап қалдық: агентке беруді жоспарлаған кезекті тапсырманың мазмұны екен. Біз жағамызды ұстадық. Бұл деген енді шектен шығушылық еді…
Біз ойлаған қауіп-қатер шындыққа айналды. Келесі кездесуінде “Абур” оған әрі жауапты, әрі қауіпті тапсырма берді.
Ол тапсырма ойдағыдай орындалғанда еліміз нақтылай зиян шегумен қатар, келеңсіз халықаралық себеп-салдарға ұрынған болар еді.
Мемлекет басшысына бұл туралы баяндалғаннан кейін басшылық ирандық барлаушылардың қылмыстық істерінің тез арада жолын кесу туралы шешім қабылдады. Мұндай шешімді тек жақын арада айғақ заттарымен ұстау арқылы ғана жүзеге асыруға болатын еді.
Келесі күні полковник Тілебалдинов Р.Т. ҰҚК Маңғыстау облысы бойынша департаменті бастығының және Тергеу департаменті өкілдерінің қатысуымен шұғыл кеңес өткізді.
Мен оның кабинетіне қарсы барлау операциясының барлық томдарын көтеріп кіргеннен кейін арада төрт сағат өткенде бір-ақ шықтым. Алдағы уақыттағы ирандық шпиондарды ұстау іс-шарасының қыр-сыры “басты қатыратын” шиеленісті ауанда талқыланды, тіпті дауыстарымыз қатты шығып та кетіп жатты.
Мемлекет қауіпсіздігі тәуекелдің тұғырында тұрғандығын бәріміз де жақсы түсіндік.
Түнге дейін болған кеңестен кейін біз арнайы операцияны ұйымдастыруға аттандық. Екі күннен кейін барлаушының “Нұрланмен” кезекті кездесуі болатын еді.
Осының қарсаңында бізді алдап соғу үшін әрі агентпен болатын маңызды кездесу кезіндегі біздің күшімізді алдарқату мақсатында елшіліктегі резидентура басшысы күтпеген жерден батыс аймақтарға ұшып кетті. Бірақ біз ол бойынша да, іс-шараның басты ойыншысына қатысты да сәтті жұмыс атқара білдік.
24 ақпан күні үйінен шыққан “Абур” екі сағат бойы бағыт-бағдарын тексеріп өтіп, Никольский базарының аумағына енді. Ол жерде оны екі әріптесі күтіп тұр еді, олардың негізгі жұмысы бастықтарының іс-қимылын жасыру болатын.
“Нұрланмен” көз түйістіргеннен кейін, барлаушы оған ирандық дипмиссия жақтағы базардың шыға берісін нұсқады.
Олар шынымен-ақ елшілікке кетіп бара жатыр ма? Жон арқамнан суық тер бұрқ ете қалды. Айта кетейін, осы операция самайымдағы бірнеше шашымды ағартты.
“Нұрлан” ғимаратқа кіретін болса, ұстау операциясының жүзеге аспай қалатындығы былай тұрсын, тіпті оның өзінің кім екендігі толығымен ашылатындай қауіп төнді. Әрине, оның бойындағы тыңдау құрылғысы тексеру барысында сөзсіз табылған болар еді.
Бір жағынан алғанда, заттай айғақ болмағандықтан, яғни кетіп бара жатқан барлаушыға негізгі құжаттарды әлі бермегендіктен оны ұстау да мүмкін емес еді.
Тағдыр бізге істің сәтін салды. Агентпен бірге базарды айналып келген “Абур” оны сырт көзден тасалау жерге бағыттап, әңгімесін жалғастырды. Бірнеше минуттан кейін ол агенттің берген құжаттарын қолында ұстап тұрды. Ұстау туралы бұйрық сол заматта берілді.
Жүгіріп келген ұстау тобы “Абур” мен оны жан-жағынан қорғап тұрған екі әріптесінің қолын қайырды. Оқиғаның алдағы себеп-салдарын ойлаған шпиондар үрей мен қорқыныш құшағында тұрды.
Жарты сағаттай уақыт өткенде олар ҰҚК Тергеу изоляторында көңіл-күйлері болмай, ықылассыз түрде жауап беріп жатты.
Шындығын айтқанда, сыбайластар істің соңына дейін тергеуді шатастырып, жалған сүрлеуге салғылары келді.
Ұстау кезінде көз қылып, “Нұрланның” өзін “мыжып” алуға тура келді, жаны шығардай көзі бақырайып, түрі сазарып кетті. Ол көпке дейін бұл оқиғаны өкпелеп еске алып жүрді.
Сол күні ҰҚК Тергеу департаменті “Шпиондық” бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Айыптыларға қазақстандық түрмелерде ұзақ жылдар бойы отыру қаупі төніп тұрды.
Арнайы операция нәтижесінде ирандық барлау қызметінің толықтай шектелгендігін ескере отырып, Мемлекет басшысының ізгілікті ықыласының негізінде, істің фигуранттарына рақымшылық жасалып, республикадан шығарылды.
Арада екі айдай уақыт өткенде арнайы операцияның ұйымдастырушылары мен дайындаушылары, барлығы бес адам ҚР Президенті резиденциясының салтанатты залында демімізді ішке тартып, Нұрсұлтан Назарбаевтың келуін күтіп тұрдық.
Бес орден, екі генерал атағы, Президенттің қолын алу құрметі және алғыс алу – осы іс-шара барысында жұмсаған барлық күш-жігеріміз бен жұқарған жүйкеміздің өтеуі еді, ең бастысы, тұрақтылықты сақтауға өз үлесімізді қосқанымыз үшін бойымызды мақтаныш сезімі кернеді.
Аталған операцияның нәтижесі мен үшін тек қана орден және отбасымның мақтаныш сезімі ғана емес, сонымен бірге алдағы жедел қызметте және күнделікті өмірдегі жеңістерге деген шабытымды оятты.
Отан игілігі үшін әлі де қызмет етіп келемін…
(Жедел қызметкердің естелігінен).