«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕШІЛМЕЙТІН МӘСЕЛЕ ЖОҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов онлайн форматта өңір тұрғындарының мәселелерін тыңдады. Қашықтан қабылдау барысында облыс әкіміне жол, жарық, мал азығының бағасы мен дәрігер тапшылығына қатысты сұрақтар қойылды. Петропавлдың шетіндегі “Солнечный 2” кентінің тұрғыны Инеш Бейсембаеваның айтуынша, ықшамауданда жол, жарық, интернет мәселесі өзекті. Жаңа үйлердің жылыту жүйесі дұрыс істелмегендіктен баспаналары суық көрінеді.

– Біздің шағынауданда проблема өте көп. Солардың бірі – суағарлардың жоқтығы болатын. Яғни өткен жылы келіп, жерді қазып, сол күйінде қалдырып кетті, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына шыққан материалдардан кейін ғана қалалық әкімдіктегілер бұл жұмыстарды істеуге кірісті. Асфальт жоқ, жауынды күндері сазбалшықтан аяқ алып жүру қиын, кешке жұмыстан қараңғы көшелер арқылы келеміз. Үйлеріміз болса суық, ұзақ уақыт жанатын пештер орнатылған, алайда оған әрбір 3 сағат сайын көмір салып отыру керек. Олай істемесек, қабырғалар қыраулана бастайды. Бірнеше рет қалалық әкімдікке жүгініп едік, мәселе шешілмеді, – деді қала тұрғыны.

Осы мәселеге қатысты қала басшысы Болат Жұмабеков жауап берді. Оның айтуынша, жуық арада асфальт төселмейтін көрінеді.

– Суағарлар орнату 2022 жылы толық аяқталады. Жерді қазған себебіміз, көктем мезгілінде үйлерді су басу қаупі туды. Әзірге бұл ықшамауданға асфальт төсеуге қаражат қарастырылмаған, сондықтан келесі жылы қиыршық тас төсемекпіз, көшелерді жарықтандыру мәселесіне келетін болсақ, 3 трансформатордан түрлі жабдықтарды ұрлап әкеткен. Қазір қаскөйлерді іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді шаһар әкімі.

Жылу мәселесі тек қалалықтарды ғана алаңдатып отырмаған сыңайлы. Бескөл тұрғындары да қарашаның қара суығында бүрсеңдеп отырғанын айтып шағымданды. Анастасья Саратовцеваның айтуынша, қазіргі таңда 14 көппәтерлі үйдің тұрғындары баспаналары суық болғандықтан амалсыздан электр жылытқыштарды пайдалануда. Салдарынан шығынға батқан.

– Былтыр үйлеріміз жылы болған. Биыл электр қуатына қосылатын жылыту қондырғыларымен ғана жан сақтап отырмыз. Тиісті мекемелерге айтсақ, олар жылу қалыпты деңгейде беріліп жатыр деп отыр, – деді ауыл тұрғыны. Қабылдауға онлайн қатысқан Қызылжар ауданының әкімі Жанат Сәдуақасов бұл мәселені жуық арада шешуге уәде берді. Өңір басшысы бір аптадан соң бұл үйлерге арнайы барып, жағдай қалай шешілгенін тексеруге уәде берді.

Қабылдауға жазылғандардың бірі – Уәлиханов ауданының тұрғыны Нұрмахан Қожанұлы. Оның айтуынша, ауданда дәрігер жетіспейді, мүгедек жандарға баспана беру мәселесі де шешілмеген, малға қысқа қажет жем-шөп дайындалмаған. Сондай-ақ 2020 жылы елді мекеннің 98 тұрғынының сиырлары бруцеллез жұқтырып, Қостанай облысына союға жөнелтілген. Яғни сойылған малдың еті арзан бағаға сатылып кеткен. Ал мал иелеріне өтемақы төленбепті. Облыс әкімі өтемақы төлеу мәселесі бойынша тескеріс жүргізіліп, тиісті мекемелердің мамандары хабарласатынын жеткізді.

Дәрігер тапшылығы – облыстағы өзекті мәселелердің бірі. Жыл сайын жас мамандарды тарту бойынша жұмыстар атқарылғанымен, жетіспеушілік әлі де бар. Дина Қарымсақова – педиатр неонатолог. Нұр-Сұлтан қаласынан шақырту бойынша келіп, сәуір айында Айыртау аудандық ауруханасына жұмысқа тұрған.

– Жұмысқа шақырғанда уәдені үйіп-төгіп беріп еді, келе түрлі проблемалардан басымды көтере алмай қалдым. Біріншіден, бір айдан астам тиісті көтермеақыны тостым, кейін аурухана жалға алып тұрып жатқан баспананың өтемақысын төлемей қойды. Оның үстіне, өзім коронавирус жұқтырып, екі айдай жұмысқа шыға алмадым. Қыркүйектің 1-і жұмысқа келсем аудандық аурухананың бас дәрігері өз еркіммен жұмыстан кетуімді талап етті. Олай істемесем заң бойынша жұмыстан кетіретінін айтты. Еш себебін түсіндірген жоқ, – дейді амалсыздан Нұр-Сұлтанға уқытша кетуге мәжбүр болған Диана Қарымсақова. Бұл сұраққа облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Айманов жауап берді. Оның айтуынша, бәрі де заң аясында істелген.

– Көтермеақыны уақтылы төлемеген себебіміз, көтермеақының мөлшерін арттыру үшін жергілікті мәслихаттың қаулысын күттік. Екіншіден, жалға алып тұрып жатқан баспананың ақшасын төлемегеніміздің себебі, сіз ол уақытта Нұр-Сұлтан қаласында емделіп жаттыңыз, яғни тиісті ережеге сай қаражат бөлінбейді. Кейін басқармаға сіздің жұмыстан кетемін деген өтінішіңіз келді, біз құжатқа қол қойып бердік, – деді Нұрлан Айманов.

Құмар Іргебайұлының айтуынша, қазіргі таңда өңірге 274 дәрігер қажет. Жас мамандар мен өзге өңірлерден дәрігерлерді облысқа тарту үшін биыл көтермеақының мөлшерін де арттырған, 1,5 миллионнан 2,5 млн.-ға дейін жетті. Сондықтан шағымданушы қайтып келгісі келсе, жұмысқа қабылданатынын айтты. Жиын барысында қойылған басқа да сұрақтар қаралып, тез арада жауабы берілетінін жеткізді.

Жанбота ЕСТАЙҚЫЗЫ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp