“Ат – ер қанаты” деуші едік, қазір бір үйде бір көлік болмаса тірліктің де қиюы келмейтін тәрізді. Сол үшін әркім өзіне лайық “темір тұлпар” тақымдағысы келеді. Алайда Қазақстанда тіркелмеген көлік тізгіндегендердің ұйқысы бұзылғалы біраз болды. Өйткені бөтен нөмірлі көлікті полиция қызметкерлері жолда жиі тоқтата бастады. Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары Ресейден әкелінген автомобильдердің кейбірін арнайы автотұрақтарға тоғытса, екіншілеріне айыппұл арқалатуда.
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, Ресей нөмірін таққан көліктерді жіті тексерудің өзіндік себебі де жоқ емес. Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіповтің сөзінше, көрші елдерден келетін көліктерді тексеру шаралары биыл тамыз айынан бастап қолға алынған. Себебі сол кезде Қазақстанға криминалдық жолмен біраз көлік әкелінгені анықталыпты. Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, жалған құжат негізінде арқылы әкелінген 10 машинаны кіргізу фактісін және Ресейде тіркеуден шығарылған, ал Қазақстанда тіркелмеген 150 көлікті анықтаған. Ресейлік нөмірмен жүрген жүргізушілер туралы ақпарат сақтандыру компаниялары арқылы анықталуда. Ресейдің ішкі істер органдарының мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 88 мың көліктері тіркеусіз жүрген сыңайлы.
– Бұл көліктер заң бойынша тіркелмеген. Қазақстан азаматтарына сатылғаннан кейін бұрынғы иелері – Ресей азаматтары тіркеуден шығарып тастаған. Ал заң бойынша тіркелген көліктер ғана жолда жүруге құқылы. Қазіргі кезде осы санаттағы көлік иелерімен тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Сосын Ресей жақ Қазақстанда жүрген 606 көлікке іздеу жарияланғаны туралы ақпарат берді. Бұл – көліктердің белгілі бір қылмысқа қатысы бар немесе сол қылмыстың нысаны болып саналатынын айғақтайды. Біз сондай көліктерді анықтау жұмысын бастап кеттік. Осы уақытқа дейін 200 көлік табылды”, – деген еді жақында Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов Ресей нөмірлі көлік иелерімен кездесу сәтінде.
Ресейлік көліктердің тиісті құжаттары мен нақты тіркеуі болса, оларға ешқандай шара қолданылмайды. Бірақ заңда көрсетілген талаптарды сақтау қажет. Яғни көліктер біздің елде тіркелмей бір жыл ғана жүре алады, 12 айда бір рет тіркелген жеріне апарып отыру керек.
– Қазір Ресейдің нөмірі бар көліктер қаптап кетті. Әсіресе такси қызметімен шұғылданушылар тақымдап жүр. Оның себебі – бұл көліктер біздің нарықтағыдан арзан. Қарапайым жұрт қалтасы көтергенін алады ғой. Ал ескі көлікті біздің елде тіркеуге қою қиын. Естуімше, үш миллион теңгеге жуық қаражат керек екен. Бұл ақшаға тағы бір көлік сатып алуға болады ғой. Қазір қымбатшылық қыспаққа алып тұрғанда мұндай қомақты қаражат қарапайым халықың қалтасынан шыға қоймайды. Жауапты министрлік бастапқыда мұндай көліктерді шекарадан кіргізбеудің қамын жасауы керек еді, енді мәселені ушықтырмай, кірген көліктерді оңай жолмен заңдастырып берсе. Көлік өзімізде қолжетімді болса, өзге елге телміріп неміз бар?! – дейді Мамлютка қаласының тұрғыны Сырым Жүкібаев.
Қазір автосалондардағы баға тым жоғары. Оның үстіне жыл сайын еселеп қымбаттауда. Қарапайым халық оны қалай сатып алады деген сауал туындайды.
Амалсыздан Ресейден, Қырғызстаннан, Армения мен Грузиядан арзан көлік әкелуге мәжбүр. Жүргізушілердің айтуынша, шетелден әкелінген көліктерді тіркеуді арзандатса, жағдай түзелер еді. Олар, біріншіден, утильдеу алымын алып тастауды немесе азайтуды сұрауда. Себебі, экологиялық мәселелерге келгенде мұқият Еуропа елдерінің өзінде утильдеу алымдарының мөлшері өте төмен екен. Ал бізде бұл миллиондаған теңгені құрайды. Алымдар азайтылса, жұрт шетелдіктердің тозығы жеткен арзан көлігіне жүгірмей, қоршаған ортаға зияны аз жаңа әрі сапалыларын әкеліп мінер еді.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.