«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РУХАНИ БОЛМЫСЫМЫЗДЫҢ АЙНАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” атты биылғы Жолдауының басты ерекшелігі – тәу етер тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келуінде. Президент Тәуелсіздік біздің ең басты құндылығымыз екенін атап өткен болатын. “Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы”, – деді Мемлекет басшысы.

Тәуелсіздікті нығайту үшін Жолдауда жүктелген міндеттерді абыроймен орындау бәрімізге зор жауапкершілік артады. Рухани орталыққа айналған кітапханада өткізілетін әрбір тәрбиелік шараның мақсаты өскелең ұрпаққа рухани құндылықтардың маңызын түсіндіріп, ата-бабамыздың асыл арманына айналған азаттықтың қадірін ұғындыру болып табылады. Бұл орайда кітапханада жыл басынан бері түрлі форматта қоғамдық маңызы бар көптеген іс-шаралар өткенін айта кеткен жөн. Оқырмандардың назарына елдің тарихи шежіресін баяндайтын, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасу тарихына шолу жасайтын, сындарлы жылдар ішінде Қазақстан Республикасының жеткен жетістіктері мен еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани өзгерістер белесін көпшілікке танытатын көптеген кітап көрмесі ұсынылды. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістерінің қатысуымен “Дауылпаз баба Қожаберген” қойылымынан үзінді көрсетіліп, Алаш үкіметі мен Алаш партиясының құрылғанына 100 жыл толуына орай және ұлы қолбасшы Абылай ханның 310 жылдығына арналып “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенімен бірлесіп өткізілген “Абылай хан: уақыт және тұлға” тарихи панорамасы және тағы да басқа шараларды атап өткен жөн.

Президентіміз биылғы тарихи құжатта қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала беретінін шегелеп айтты. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде кітапханаларға артылған сенім зор. Қазақтың қазақ екенін білдіретін ерекшелігі – тілі ғана. Тіл – ең ұлы қару. Тіл – ең асыл құндылық. Тіл өлсе, ұлттың да өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан шұрайлы тіліміздің қадір-қасиетін барынша түсініп, дамыту керек. Оқырмандарға мемлекеттік тілді насихаттау, қазақтілді әдебиеттерге сұранысты арттыру, тілдің мәртебесін көтеру мақсатында 2021 жылы кітапхана жанынан бірнеше жаңа клуб ашылғанын айта кеткен жөн. Алпыс жастан асқан тұрғындар үшін “SANA” әдеби-музыкалық клубы, сонымен қатар жастарға арналған “Жастар және уақыт” зияткерлік клубы құрылды. “Сиқырлы қазан” ертегілер клубы да (халық ауыз әдебиетіндегі ертегілермен, ертегі кейіпкерлерімен таныстырып, ұлттық рухани біліммен қаруландыру) өскелең ұрпақтың сұранысын қанағаттандырмақ. Бүгінде бұл клубтар белсенді жұмыс істеуде.

“Халқымыз үшін зиялы қауымның орны қашанда ерекше. Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастаған. Адасқанға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар берген. Ел ағалары бір ауыз сөзбен тен-тегін тыйып, тектісін төрге оздырған. Біз қанымызға сіңген осы қасиеттен айырылмауымыз керек”, – деп Президентіміздің аға буынға ерекше сенім білдіруі “SANA” клубын ашуға негіз болды. Клубта ел ағалары, тіл жанашырлары бас қосып, болашақ ұрпаққа бағыт-бағдар беруге тырысады. Алда аталмыш клубтардың ұйымдастыруымен көптеген танымдық шаралар өткізіледі. Қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған жазушылар мен аймаңдай ақындардың, өнер қайраткерлерінің мерейтойларын атап өту, жергілікті қаламгерлердің жарық көрген кітаптарының тұсаукесер рәсімдерін өткізу, жастар мен балаларға арналған әртүрлі тақырыптық сайыстар мен мерекелік кештер өткізу – мұның барлығы осы клубтардың дәстүрлі түрде ұйымдастыратын іс-шараларының қатарында.

И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапхана заманауи технологиялардың дамуына байланысты жаңа заман талабына сай қызмет етуде. Қазіргі заманауи электрондық жүйемен жұмыс істейді. Электронды жүйе оқырмандар үшін өте қолайлы. Әсіресе уақыт үнемдеу мен керек кітапты жылдам табуға көмектеседі. Кітапхананың сайтынан оқырмандар қажетті туындылардың электронды нұсқасын еркін оқи алады. Біздің кітапхананың қоры бай. Осының арқасында оқырмандар тарапынан кітапханаға, кітапқа деген қызығушылық артып келеді. Жігерлі жастарды бір арнаға тоғыстырған мәдени орда – “Коворкинг” орталығы жұмыс істейді. Ал “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы аясында өлкеміздегі ақын-жазушыларымыздың шығармалары толық сандық нұсқаға көшірілуде. Кітапхана сайтында, әлеуметтік желілерде рухани ордада өтетін іс-шараларды, жаңа келіп түскен кітаптарды, әдеби жаңалықтарды жариялап отырамыз. Оқырмандар тарапынан да кері байланыс бар.

Қай кезеңде, қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы болған. Мәдениеттің дамуы – елдің өсуі, ұлттың өсуі. Мемлекет басшысының мәдени сала қызметкерлеріне лайықты көңіл бөлінбей отырғанын айтып, ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлерінің айлығын көтеру туралы шешімі дәл осы саланың мамандарын бір серпілтіп тастады. Өйткені жалақы аз. 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады. Президент тарапынан көрсетілген мұндай қолдау біздерді жігерлендіріп, зор жауапкершілік жүктейтінін атап өткен жөн.

Ләззат ЕРҒОЖИНА,

И.Шухов атындағы қалалық кітапхананың №2 филиалының меңгерушісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp