Қазақстанға бірер күн бұрын “Pfizer” вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілгені белгілі. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой балалардың, жүкті және бала емізетін әйелдердің коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 4 млн. 230 доза вакцина сатып алынғанын мәлімдеген еді. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша штаттан тыс педиатр-дәрігер Анар Сарбасова балалар арасында вакциналау науқаны қалай жүргізілетінін айтты.
– Жақында елімізде 12 және 17 жастағы балалар мен жасөспірімдерге екпе егу науқаны басталады. Сондай-ақ жүкті келіншектер мен бала емізетін әйелдер де вакциналау шарасына қатысады. Екпе салу тұрғындар арасында аурудың таралуына тосқауыл қойып, эпидемиологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған. “Pfizer” – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы балалар мен жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге егуді мақұлдаған алғашқы вакцина. Әлемнің 20 елінде аталмыш екпе кең қолданыста. Менің білуімше, Қытайда бұл вакцинаны балалар 3 жастан бастап алады. Қазақстанда 12 жастан асқан балаларға екпе ата-аналардың немесе кәмелетке толмағандар мен жасөспірімдердің өзге де заңды өкілдерінің келісімімен қойылады, – деген дәрігер Анар Серікқызы балаларды вакциналау оқу орындарындағы егу пункттерінде жүргізілетінін жеткізді. Екпе егу пункттері барлық санитарлық талаптарға сай болуы тиіс.
Педиатрдың айтуынша, вакцинаны алар алдында балалар тексеруден өтіп, екпе қойылған соң да жіті бақылауда болады. Егер қарсы көрсеткіштер болса, вакцина қойылмайды. Бала уақытша сырқаттанған жағдайда, екпе қою кейінге шегеріледі. Медициналық қызметкер екпенің жанама әсерлері болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Жалпы кез келген екпеден кейін адамның өзін жайсыз сезінуі қалыпты құбылыс. Мәселен, вакцина алған соң балалардың басы ауруы, дене қызуы көтерілуі мүмкін. Бірақ бұл уақытша құбылыс.
Дәрігер клиникалық зерттеуден өткен вакцина бала денсаулығына қауіпсіз екенін айтып, коронавирус инфекциясы таралуының үшінші, төртінші толқындарында жеткіншектердің арасында ауру жұқтыру көрсеткіші ұлғайғанын ерекше атап өтті. Тіпті кейбірінде түрлі асқынулар орын алған екен. Сондықтан балада қорғаныш қабілетін қалыптастырып, аталмыш аурудың кең таралуы мен ауыр түрде өтуіне жол бермеу үшін маман екпе алудың пайдасы мол екенін айтады. Жыл басынан бері облыстық балалар ауруханасындағы стационарда коронавирус жұқтырған 453 бала ем қабылдағанын айтып өткен жөн.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.