«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бізді де ұмытпаса екен

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әр адамға кір жуып, кіндік кескен жері қымбат. Мен үшін алтын бесік – ауылым­ның орны ерекше. Жамбыл ауданындағы Баян ауылында өсіп-өніп, өркен жайдым. Әлі де сол жерде тұрып жатырмын. Өйткені Баян­ды басқа қонысқа айырбастамаймын. Қазір жасым 85-те. Қартайған шағымда қо­лы­ма қалам алуға түрткі болған жағдай – ауыл­дағы бүгінгі ахуал. 20 жасымнан бас­тап жыл сайын жаздырып алып оқитын қарт басы­лым – “Soltüstık Qazaqstan” газеті ар­қы­лы базынамды билікке жеткізуді жөн көр­дім.

Бізбен көршілес Архангелька ауылында 1947 жылдан 2000 жылға дейін үлкен ем­деу мекемесі болды. Баян, Қаратал, Киров, Айтуар, Үлгі, Орталық, Троицк және Архан­гелька сияқты 8 ауылдың тұрғындары осы ауруханаға қаралатын. Науқастар жатып ем қабылдайтын. Жүкті әйелдер үшін боса­ну бөлімшесі болды. Мұнда жылдар бойы тұрғындарға қалтқысыз қызмет етіп, алғыс­қа бөленген ақ халатты абзал жандар аз болмады. Олар тұрғындардың денсау­лы­ғы үшін алаңдап, қай уақытта болмасын қол ұшын созуға даяр тұратын. Сондай білікті мамандардың арқасында көптеген науқас­тар өлімнен аман қалды.

Ерлі-зайыпты дәрігерлер Виктор мен Инна Мартыновтар осы ауруханада 40 жыл ең­бек етті. Зайыбы балалар дәрігері еді. Екеуі зейнетке шыққаннан кейін де осы емдеу мекемесінде 3 жылдай жұмыс істеді. Ерлі-зайыптылар өте білімді, тәжірибелі еді. Бірнеше мәрте аудандық ауруханадан шақыру түссе де, олар ауылды қиып кете алмады. Тек жақында ғана қалаға көшті.

Ауруханада тіс дәрігері болған Наталья Валакина да көп жыл жұмыс істеп, зейнет демалысына шықты. Осы ауылдың тумасы еді. Оның ауылдан көшіп кеткеніне де бір­талай жыл болды. Қазір іш ауырса, тіс ауыр­са, 50 шақырым жердегі аудан орта­лығы Пресновкаға қатынауға тура келеді.

Архангелька ауылында емхана ғимара­ты болғанымен, жұмыс істейтін маман жоқ. Сондықтан ауыл тұрғындары басы ауы­рып, балтыры сыздаса, дәрігер таба алмай дал болады. Таяқ тастам жердегі Баян ауы­лында да бір жарым жылдан бері дәрігер жоқ. Тіпті дәрі сатып алайын десең, дәріха­на да таппайсың. Елді мекенде қазір 500 адам тұрады. Адам ауырмай-сырқамай тұр­майды. Дәрігері жоқ ауылдың тұрғындары енді қайтып күн көреді? Жоғарыда атаған сегіз ауылдың жағдайы мәз емес.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ха­лыққа арнаған биылғы Жолдауында ден­сау­лық сақтау жүйесінің тиімділігін артты­рып, медицина саласына қомақты қаржы құю керек екенін, бұл қаражат инфрақұ­ры­лымға, маман даярлауға және халықты дә­рі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсала­ты­нын айтқан болатын. Алайда Мемлекет бас­шысының тапсырмасын ауылдық жер­де дұрыс орындамай жатқандар барын ай­ту керек. Ауыл тұрғындарына да меди­циналық көмек қолжетімді болуы тиіс қой. Сондықтан жергілікті атқамінерлер біздің жағдайымызға назар аударып, мәселемізді шешуге ықылас танытса, нұр үстіне нұр бо­лар еді. Ауылды көркейту осындай мәсе­леден бастау алады.

Арғысын айтпағанда Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды қазақтың небір марғасқа ұлдары дүниеге келген ауданда адамдарға лайықты жағдай жасалып, тым құрыса дәрігер тапшылығы мәселесі ше­шілсе, бізге одан артық не керек? Ауыл адам­дарымен ажарлы. Медициналық кө­мек тиісті деңгейде көрсетіліп, мектептер жұ­мыс істесе, тұрғындар да қалаға қарай үдере көшпес еді. Сондықтан құзырлы ор­гандардан нақты жауап күтемін. Қазыналы қарттың тілегі ескерусіз қалмайды деп ой­лаймын.

Тілеу БАЙТҰРҒАНОВ,

зейнеткер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp