Әр адамға кір жуып, кіндік кескен жері қымбат. Мен үшін алтын бесік – ауылымның орны ерекше. Жамбыл ауданындағы Баян ауылында өсіп-өніп, өркен жайдым. Әлі де сол жерде тұрып жатырмын. Өйткені Баянды басқа қонысқа айырбастамаймын. Қазір жасым 85-те. Қартайған шағымда қолыма қалам алуға түрткі болған жағдай – ауылдағы бүгінгі ахуал. 20 жасымнан бастап жыл сайын жаздырып алып оқитын қарт басылым – “Soltüstık Qazaqstan” газеті арқылы базынамды билікке жеткізуді жөн көрдім.
Бізбен көршілес Архангелька ауылында 1947 жылдан 2000 жылға дейін үлкен емдеу мекемесі болды. Баян, Қаратал, Киров, Айтуар, Үлгі, Орталық, Троицк және Архангелька сияқты 8 ауылдың тұрғындары осы ауруханаға қаралатын. Науқастар жатып ем қабылдайтын. Жүкті әйелдер үшін босану бөлімшесі болды. Мұнда жылдар бойы тұрғындарға қалтқысыз қызмет етіп, алғысқа бөленген ақ халатты абзал жандар аз болмады. Олар тұрғындардың денсаулығы үшін алаңдап, қай уақытта болмасын қол ұшын созуға даяр тұратын. Сондай білікті мамандардың арқасында көптеген науқастар өлімнен аман қалды.
Ерлі-зайыпты дәрігерлер Виктор мен Инна Мартыновтар осы ауруханада 40 жыл еңбек етті. Зайыбы балалар дәрігері еді. Екеуі зейнетке шыққаннан кейін де осы емдеу мекемесінде 3 жылдай жұмыс істеді. Ерлі-зайыптылар өте білімді, тәжірибелі еді. Бірнеше мәрте аудандық ауруханадан шақыру түссе де, олар ауылды қиып кете алмады. Тек жақында ғана қалаға көшті.
Ауруханада тіс дәрігері болған Наталья Валакина да көп жыл жұмыс істеп, зейнет демалысына шықты. Осы ауылдың тумасы еді. Оның ауылдан көшіп кеткеніне де бірталай жыл болды. Қазір іш ауырса, тіс ауырса, 50 шақырым жердегі аудан орталығы Пресновкаға қатынауға тура келеді.
Архангелька ауылында емхана ғимараты болғанымен, жұмыс істейтін маман жоқ. Сондықтан ауыл тұрғындары басы ауырып, балтыры сыздаса, дәрігер таба алмай дал болады. Таяқ тастам жердегі Баян ауылында да бір жарым жылдан бері дәрігер жоқ. Тіпті дәрі сатып алайын десең, дәріхана да таппайсың. Елді мекенде қазір 500 адам тұрады. Адам ауырмай-сырқамай тұрмайды. Дәрігері жоқ ауылдың тұрғындары енді қайтып күн көреді? Жоғарыда атаған сегіз ауылдың жағдайы мәз емес.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттырып, медицина саласына қомақты қаржы құю керек екенін, бұл қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалатынын айтқан болатын. Алайда Мемлекет басшысының тапсырмасын ауылдық жерде дұрыс орындамай жатқандар барын айту керек. Ауыл тұрғындарына да медициналық көмек қолжетімді болуы тиіс қой. Сондықтан жергілікті атқамінерлер біздің жағдайымызға назар аударып, мәселемізді шешуге ықылас танытса, нұр үстіне нұр болар еді. Ауылды көркейту осындай мәселеден бастау алады.
Арғысын айтпағанда Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды қазақтың небір марғасқа ұлдары дүниеге келген ауданда адамдарға лайықты жағдай жасалып, тым құрыса дәрігер тапшылығы мәселесі шешілсе, бізге одан артық не керек? Ауыл адамдарымен ажарлы. Медициналық көмек тиісті деңгейде көрсетіліп, мектептер жұмыс істесе, тұрғындар да қалаға қарай үдере көшпес еді. Сондықтан құзырлы органдардан нақты жауап күтемін. Қазыналы қарттың тілегі ескерусіз қалмайды деп ойлаймын.
Тілеу БАЙТҰРҒАНОВ,
зейнеткер.