Облыс полицейлерінің бастамасымен “Соли и спайсы. Дорога в никуда” атты фильмнің екінші бөлімі түсірілді. Деректі туындыда синтетикалық есірткілердің зияны жайлы баяндалады.
Бұл фильмнің бірінші бөлімі үш жыл бұрын жарыққа шыққанды. Онда қаскөйлердің жастар арасында есірткінің жаңа түрлерін тарату жолдары туралы айтылды. “YouTube” желісінде оны 600 мыңнан астам адам қарады. Бұдан бөлек, бейнежазбаны полицейлер нашақорлық фактілерін азайту мақсатында өңірдің білім беру мекемелерінің оқушыларына көрсетті.
– Биыл облыста 7 есірткі зертханасы жойылды, оның 3-уі “синтетикалық есірткі” өндірумен айналысқан. Тұз бен спайс сататын 13 интернет-дүкен жабылды, есірткіні өткізумен айналысқан 24 адам ұсталды. Заңсыз айналымнан 4 килограмнан астам “синтетикалық есірткі” алынды – бұл мыңдаған доза. Петропавлдың орталық көшелеріндегі үйлердің қабырғаларының сиқын кетірген есірткі граффитилер боялды. Бұл оң өзгерістер фильмнің екінші бөлімінде баяндалған, – дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаров.
Фильмді “QZ media” ұжымы түсірсе, “Green help” үкіметтік емес ұйымы демеушілік жасаған.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.