«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“СЫЛАҢ ҚЫЗ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында Жүсіпбек Аймауытовтың сатиралық шығармасы “Сылаң қыз” қомедиясының негізінде сахналанған спектакльдің тұсаукесері болды. Қойылымда өткен ғасырдың 20-шы жылдарындағы қазақ ауылының тұрмысы, сол замандағы әйел теңсіздігі әжуаланды. Әртістер бар шеберліктерін көрсетіп, көрерменді қыран-топан күлкіге қарық қылды.

– Бұл спектакль – менің алғаш­қы ре­жиссерлік еңбегім. Жүсіпбек Аймауытовтың “Сылаң қыз” пьесасын сахнаға шы­ғару біраздан бері ойымда жүр еді. Міне, соның сәті түсті. Жүсіпбек Аймауытовтың көптеген шығармаларында сол уақыттағы әйел еркіндігі, әйел теңдігі бейнеле­неді. Шығармада қыз баланың оқы­май, қараңғы түнек қоғам ішінде қалып қойғаны, өз еркімен өз теңіне қосыла алмайтыны, әке әмірі мен мал дүниеге сатылатыны және жігіттердің қызға қандай мақсатта сөз салатыны көрсетілген. Осы қойылымды сахналау арқылы біз ата-аналарға қыз тәрбиесіне көңіл бөліп, жүріс-тұрысына селқос қарамауды әзілмен жеткізуге тырыстық. Көрермендерге аз да болса ой салсақ, біз үшін бұл үлкен жетістік болмақ, – дейді Сәбит Мұқанов атындағы қазақ саз­ды-драма театрының көркемдік жетекшісі Дәурен Тойбазаров.

Комедияда қоғамның үш түрлі өкілінің сауда-саттықпен айналысатын байдың жалғыз қызы Бәтимаға сөз салған сәті суреттеледі. Өз қам-қарекетін, өмір сүру сал­тын, саяси көзқарасын қызға түсіндіремін деп қара терге түскен үш жігіттің іс-қимылынан мешеу қоғамның көрінісі көз алдыңызға елестейді. Бірақ Бәтима еркіндікті армандайды. Осы арманға қол жеткізу жолында бойжеткен көптеген оқиғаларды басынан кешіреді.

Көрермен Бәтима рөлін сомдаған театрдың әртісі Гүлмира Әлеттің өнеріне ризалық білдірді. Өзге де сахнагерлердің шеберлігіне тәнті болып, қойылымнан ерекше әсер алды.

Сержан НҰРДОЛҚЫНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp