«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕҢГЕ ТАРИХЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1993 жыл. Қарашаның жартысы өтіп, ауылдағы ағайынның алды соғым союға кі­рісе бастаған кез. Кеңес одағы ыдыраға­нымен шаруашылықтардың түтіні әлі де болса тік ұшып тұрған шақ. Әйтеуір, қиын­дық пен қайғының не екенін әлі білмейтін менің бала көңілімде сол күндер мамыра­жай кезең ретінде есте қалыпты. Ал ере­сек­тердің тапшылықтың тобықтан шала бас­тағанын, қиындықтардың бәрі алда еке­нін сезгені анық еді. “Ақшаның түрін ұмыта бас­тадық.” Үлкендердің ара-тұра осылай күң­кілдесіп қалатынын құлағымыз шалады. Ол рас. Өзіміз де дүкенге баруды сиреттік. Тәт­ті тоқаш, лимонад секілді жеңсік асы­мыз тізіліп тұрғанмен, оны бізге кім жай береді.

Бір күні әкем бөлімшенің кеңсесінен бір дорба ақша әкелді. Үйреншікті Күнкөсем емес, әл-Фараби, Сүйінбай, Шоқан, Абай, Абылай мен Әбілқайыр ханның суреті ба­сылған ақша. Теңге. Кеңес үкіметі кезінде үл­кендер сом дейтін, ақшаның өзінде де со­лай жазылғандықтан, қазақшасы осы екен деп жүргенбіз. Оған басты аса қатыра қой­ған жоқпыз, есіл-дертіміз, біз дейтінім інім мен қарындасым үшеулеп, ақша санауға көмектесіп жүрміз. Теңгелерді бөлек алып, тиындарды бізге ұстатты. Жалма-жан киі­ніп, дүкенге жүгірдік. Біз ғана емес, ауыл­дың бар баласы осында екен. Бір-бірін кимелеп, сөредегі тәтті дегеннің бәрін алып жатыр. Қас-қағым сәтте сөрелерді сиыр жалағандай қылдық. Міне, мен теңгемен осылай танысып едім.

Әр мемлекеттің Туы, Әнұраны, Елтаң­басы секілді төл теңгесі де тәуелсіздігін ай­ғақтайтын қымбат нышан болып табылады. Тарихта Ұлы дала елінің өз ақшасы болға­нын құжаттар мен археологиялық қазбалар ке­зінде табылған жәдігерлер арқылы жақ­сы білеміз. Ал еліміз егемендік алғаннан кейін пайда болған теңгенің тарихын біле­міз бе?

1992 жылы 27 тамызда Ұлттық банк теңге купюраларының үлгісін бекітті. Оның ав­торлары, суретшілер – Тимур Сүлейме­нов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов пен Қайролла Әбжәлеловтар ертеңіне Англияға аттанып кетті. Бұл ақша Ұлыбри­танияда басылып шықты. 1993 жылдың 12 қарашасында Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан Респуб­ликасында Ұлттық валюта енгізу туралы” Жарлыққа қол қойды. 3 күннен кейін, яғни қарашаның 15-і таңғы сағат 8:00-ден ақша айырбастау басталды. Бастапқыда 1 тең­гені “сабан ақша” атанған КСРО-ның 1000 рубліне айырбастау туралы шешім болға­нымен, ақыры 500 рубльге тоқтады. Теңге еркін айналымға кірген күні 1 АҚШ доллары 4,75 теңге болып бекітілді.

Одақ ыдыраған кезде көптеген мемле­кет­тер бірден өз валютасын енгізсе, Қазақ­стан мен тағы бірнеше ел екі жыл бойы “рубль аймағында” қалып қойды. Оған басты себеп – елімізде банкнота шығаратын фабрика мен монета сарайының болмауы. Осының кесірінен 1961-1991 жылдар ара­лы­­ғында шығарылған кеңестің ескі 1 рублін алу үшін 2 рубльдің тауарын беріп отырдық. 1993 жылдың қарашасына дейін эмис­сиялық қызметті КСРО-нің мемлекеттік банкі, кейін Ресейдің орталық банкі атқарып келді. Ал 1992 жылы 26 шілде күні Ресей өзінің төл ақшасын енгізіп, “рубль аймағын­дағы” Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан се­кіл­ді елдердің қаржылық жүйесін бөліп жі­бергенін хабарлады. Осыған байланысты құпия жолмен біздің алғашқы валюталары­мыз 1, 3, 5, 10, 20, 50, 100 номиналдағы банк­но­талар түрінде пошта маркілері мен банкнота жасауды кәсіп еткен төрт ғасыр­лық тәжірибесі бар Британның “Харрисон және ұлдары” компаниясымен өзара жа­салған келісімшарт аясында шығарылды. Ал оған дейін Ресей орталық банкі Қазақ­станның нышандары бар рубль шығарып бер­мек болды. Ол үшін Қазақстан федера­ция­ның субъектісі ретінде құрамына кіруі және Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жи­наған 700 миллион АҚШ долларына пара-пар алтын-валюта резервін Ресейдің орта­лық банкіне тапсыруы керек. Бір сөзбен айтқанда, бодандықтың қамытын қайта киюді ұсынды. Осыдан бастап елімізде Кеңес одағының ақшасы ғана қалды және басқа елдерден келуіне шек қойылмады. Рубль сол құлдырағаннан оңа алмады, инфляция деңгейі 2900 пайыздан асты.

1992 жылы елімізде Ұлттық банк құры­лып, эмиссиялық банк ретінде қызметіне кі­рісті. Қазіргі күні Алматы қаласында Бан­кнот фабрикасы мен Өскеменде Монета сарайы бар. Міне, төл валютамыздың дүниеге келу тарихы осныдай. Ал Солтүстік Қазақстанға теңге қалай келді? Ақша айырбастау процестері қалай жүргізілді. Осы сауалдарға сол кездегі банк қызмет­керлерінен жауап алып көрдім.

Петр Стальков Ұлттық банктің Солтүстік Қазақстандағы филиалында ашылған күн­нен, яғни 1992 жылдан бастап еңбек етті. Біз­дің өңірімізде теңгені алғашқы болып ұс­тағандардың бірі де сол.

– 1992 жылы, қарашаның басында құпия түр­де түнде әуежайға бардық. Ұшақпен ақ­ша әкеледі. Ол кезде брондалған автокө­лік те жоқ, мен ПАЗ автобусының жүргізу­шісімін. Инкасаторларға, басқа қызметшілерге көмектесіп, ақшаны көлікке тиедік. Жан-жағымызда қарулы күзет, бәрі сұсты. Құдды кинодағыдай болды. Милиция көлік­терінің қарауылымен қалаға, банкке әкел­дік. Тек әуежайдан ғана емес, басқа об­лыстардан да әкелінді, – деп еске алды сол күндерді Петр Стальков.

Күлзия Тастамбекова 1993 жылы Ұлттық банктің жергілікті филиалына экономист болып орналасқан. Теңгені айырбастау кезінде басы-қасында жүргендердің бірі.

– Қарашаның 15-і таңғы 8:00-ден 20-сы кешкі 8-ге дейін тынымсыз жұмыс істедік. Бірақ біз қазақтар қанша шаршасақ та білдірмеуге тырысатынбыз. Өйткені бұл біздің ұлттық ақшамыз. Кәдімгідей арқала­нып, қуанып, жүрегімізді мақтаныш сезімі кер­неді. Өзге ұлттарға қарағанда біз ба­рымызды салып істедік десек өтірік бол­мас, – дейді Күлзия Қадешқызы.

Иә, төл теңгеміздің рухымызды оятып, еңсемізді көтергені рас. Дербес мемлекет екенін айқындайтын негізгі нышандардың бірі. Алты күнге созылған ақша айырбас­тауға Ұлттық банктің облыстық басқар­масы, қалалық, аудандық, ауылдық есеп айырысу-кассалық орталықтардың бар­лығы жұмылдырылды. Тіпті әкімшілік ғима­раттарда банк қызметкерлері де орталық ашып, ақша айырбастаған екен. Сол кезде Петропавл қалалық есеп айырысу-кассалық орталығына басшылық еткен Төлеп­берген Тілегенов:

– Банктің облыстық басқармасында, қа­ла­лық, аудандық және ауылдық жерлердегі есеп айырысу-кассалық орталықтарында қызмет істейтіндер екі ауысыммен жұмыс істеді. Жұмысшыларды таңғы сағат 7-8-де алып кетеді үйден, түнгі 2-ге қарай әкеліп тас­тайды. Шамалы демалып, қайта жина­ла­мыз. Өте ауыр болды, еске түсірудің өзі қызық. Бір жағынан төл теңгеміз пайда бол­ды деп қуансақ, екінші жағынан өте жа­уапты іс. Халық ашулы, нөпірмен келіп жа­тады. Ұзын-сонар кезек. Әйтеуір, абы­роймен атқардық, – деді.

Иә, күн демей, түн демей жұмыс істеген қаржыгерлердің арқасында ақша айырбас­тау науқаны өңірде сәтті аяқталды. Бұл жұ­мысқа Ұлттық банктен басқа екінші дең­гейлі 12 банк филиалы, Қазпошта да жұ­мылдырылды. Жергілікті басқару органда­ры өкілдері ұйымдастыру жағын өз мой­нына алып, абыроймен өткізді дейді арда­герлер. Жалпы сол кезде облысымызда айналымнан 1961-1992 жылы шыққан 19,6 миллиард рубль алынған екен. 362 мың адамның ақшасын айырбастаған. Жалпы республика бойынша 950 миллиард теңге төленді. Бүгінде теңгеміз дизайны жағынан әлемдегі ең әдемі банкноталардың қатарына кіреді. Оған халықаралық байқау­ларда жүлделі орын алуы куә. Бұған қоса, қорғанышы жағынан да алдыңғылардың қатарында. Теңге банкноталарының 18 түр­лі қорғанышы бар.

Бізге, қағаз ақша ұстаған әрі алғашқы ұлттық валютаны көрген буынға теңгенің мәні мен маңызы ерекше екені өтірік емес. Қазіргі цифрлық технологиялар заманында көбіне пластик карталар арқылы есеп айы­рысатындықтан, ақшаны да сирек ұстай­мыз. Ал ұстаған кезде осыдан 28 жыл бұ­рынғы оқиға есіме түседі. Теңге қолға тиген күні тәттіге бір тойып едік.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp