Қарашаның 15-і – Ұлттық валютамыздың айналымға енгізілген күні. Сонымен қатар бұл күні қаржы жүйесі қызметкерлері төл мерекелерін атап өтеді. Қазақстанның қаржы жүйесі 1921 жылы құрылды, демек бұл саладағы жұмыстың басталғанына бір ғасыр болып отыр.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тиімді қаржы жүйесі құрылды. Мемлекеттік кірістер органдарының жұмысы бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни мемлекеттік қызметшілердің, бюджеттік және әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақысының уақтылы төленуі, зейнетақылар мен жәрдемақыларды дер кезінде беру, еліміздің ішкі және сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құқық қорғау органдарын материалдық қамтамасыз ету осы органның үйлесімді және тиімді жұмысына тікелей байланысты.
Республикалық бюджеттен өңіріміздің әлеуметтік саласын дамытуға қомақты қаражат бөлінеді. Облыста заманауи ауруханалар, спорт сарайлары, мектептер және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандар салынуда. Осының бәрі салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің толық және уақтылы түсуін қамтамасыз ететін қаржы жүйесінің маңызды буындарының бірі болып табылатын мемлекеттік кірістер органдары жұмысының нәтижесі.
Салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру жоспарлы түсімдердің асыра орындалуына ықпал етті. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша бюджеттің кіріс бөлігі соңғы 5 жылда 1,5 еседен астам өсті. 2021 жылдың алдын ала қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдерінің күтілетін сомасы 114 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде жергілікті бюджетке 67 млрд. теңге немесе 2016 жылмен салыстырғанда 1,7 еседен астам түсім түседі.
Үстіміздегі жылы пандемияға байланысты шағын және микро бизнеске көрсетілген жеңілдіктерге қарамастан, түсімдердің тұрақты өсуі сақталып отыр. Мәселен, 10 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке түскен қаржы өткен жылдың деңгейінен 14,2 млрд. теңгеге артық, оның ішінде жергілікті бюджетке 10 млрд. теңге түсті немесе 121,9 пайызға тең.
Мемлекеттік кірістер комитетінің барлық жұмыс үрдісін, қызметтерін цифрландыру және ақпараттық жүйелерді интеграциялау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 38-қадамын орындау үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар сыртқы экономикалық қызметті мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру саласындағы серпіліс деп танылды. Қазіргі уақытта тауарларды қағаз түрінде кедендік декларациялау толығымен алынып тасталды. Тауарларды кедендік тазарту «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады, барлық кедендік рәсімдер бойынша электрондық декларациялау енгізілді.
Электрондық декларациялауды енгізудің арқасында тауарларға арналған декларациялардың 67 пайызы санаулы минуттарда «жасыл дәліз» арқылы автоматты режімде шығарылады. Осыған байланысты сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың белсенділігі артты, облыстың сыртқы сауда айналымы 2 есе өсті, үшінші елдердің аумағынан әкелінетін тауарлар импорты 1,4 есе өсті.
Шот-фактураларды электрондық түрде беру бағдарламасын енгізу көлеңкелі экономикаға қарсы пәрменді күрес тетігі болып табылады және жалған шот-фактураларды жазып беретін кәсіпорындар санын күрт қысқартуға мүмкіндік берді, бұл декларациялар мен салық базаларындағы кірістердің ұлғаюына әкеледі. Үстіміздегі жылдың 9 айында 392125 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Электрондық қызметтердің үлес салмағы 99,4 пайызды (389 917 қызмет) құрады.
Өңірімізде салық қызметкерлері мен кеденшілердің кәсіби командасы құрылды. Тәуелсіз еліміздің қаржы және салық қызметі құрылуының бастауында тұрған қызметкерлер туралы ерекше айтқым келеді. Дәл осы адамдар өздерінің ұзақ жылғы тәжірибелерін жас әріптестеріне үйретті. Зияда Бекназарова, Наталья Овденко, Бауыржан Құлжанов, Сейіт Уақпаев бастаған ардагерлеріміздің есімдерін ерекше атап өткен жөн. Сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдарының қазіргі үздіктері де мақтауға лайық. Ирина Кузнецова, Олег Белоусов, Наталья Сосновская – өз ісінің нағыз майталмандары.
Қаржы жүйесінің барлық қызметкерлерін кәсіби мереке – қаржыгер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Өңірдің экономикалық тұрақтылығы мен дамуы аталмыш орган қызметкерлерінің кәсіпқойлығына, жауапкершілігіне, адалдығына, алға қойған күрделі міндеттерді жүзеге асыруға деген талпыныстарына байланысты. Әріптестеріме, жемісті жұмыс, мақсатқа жетуде шыдамдылық пен батылдық, мықты денсаулық тілеймін!
Төлеген ҚАБДӨШЕВ,
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы.