«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРДАҒЫ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР елордалық меймандардың көңілінен шықты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облысқа жұмыс сапарымен Парламент Сенатының “Өңір” депутаттық тобының мүшелері мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының басшылығы келді. Олар Петропавлдағы бірқатар әлеуметтік нысандарды, кәсіпорындар мен құрылыс алаңдарын аралап көрді. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов қонақтарға облыста жүзеге асырылып жатқан тың жобалар жөнінде ақпарат берді.

Елордалық меймандар алдымен Оқушылар сарайына барды. Мұнда балаларға қосымша білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар туралы айтылды. 92 үйірмеге 2500-ден астам бала барып жүр. Өрендер би, ән, аспаптарда ойнау, театр өнерін игеріп, жаңа технологияларды үйрету мақсатында ашылған робототехника, 3D-модельдеу, химия-биология зертханаларында тәлім алады.

Қонақтар М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің жаңа оқу-зертханалық корпусының құрылысымен танысты. Бұл нысанды салу өткен жылдың маусым айында басталған. 11 қабатты ғимаратта 73 зертхана орналасады. Жоғары оқу орнының академиялық мәселелер жөніндегі басқарма мүшесі Рената Апергенованың айтуынша, АҚШ-тың Аризона университетімен әріптестік байланыс орнатылып, соның аясында жергілікті түлектер 2 диплом алады.

– Американдық университет инновация саласы бойынша әлемнің үздік 50 жоғары оқу орнының қатарына кіреді.

Сондай-ақ аталмыш білім ордасы “NASA”-мен тығыз байланыс жасайды. Бұл, әрине, түлектеріміздің шетелде тәжірибе өткеруіне де мүмкіндік береді деп ойлаймын. Халықаралық талаптарға сай маман даярлау үшін жыл сайын оқытушыларымыз біліктіліктерін арттырады. Биылдың өзінде заманауи бағдарламаларды игеру мақсатында 70 ұстаз Назарбаев университетінде біліктіліктерін арттырды, – деді Рената Апергенова.

Петропавлда құрылыс қарқын алуда. Оған дәлел – облыс орталығында “Жас өркен”, “Береке” және “Орталық” шағынаудандарында тұрғызылып жатқан жаңа көпқабатты үйлер. Қалада бірқабатты баспаналар да салынып жатыр. Мәселен, “Солнечный-2” кентінде жер үйлер салынуда. Олар әкімдікте кезекте тұрған тұрғындарға мемлекеттік бағдарлама арқылы берілуде. Қазір кезектегілер саны 11 мыңнан асып жығылады. Шаһар басшысы Болат Жұмабековтің айтуынша, биыл шағынауданға инфрақұрылымдық желілер тартылды. “Солнечный-2” кентінің аумағы 500 гектардан астам жерді алып жатыр. Оның 220 гектарына біртипті жер үйлер салынады. Қалғанына көпқабатты үйлер немесе коттедж қалашығын тұрғызу ойда бар екен. 2022 жылдың ортасына дейін жолдар салынып бітеді.

– Жаңа шағынаудан қалаға жақын орналасқан. Ең бастысы, инфрақұрылым желілері тартылған. Қалалықтар тек үйдің құрылысына қаражат жұмсайды. Шамамен бірнеше типті үйлер болады. Тұрғындар қалаған жобаны таңдап, баспаналарын тұрғыза алады, – деген Құмар Іргебайұлы жылу және кәріз желілері орталықтандырылған жүйеге қосылмайтынын айтты.

Бұл жобаға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков ерекше қызығушылық танытты.

– Бұл жақсы бастама екен. Мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланып, жерлерді тегін үлестіру ісі ойдағыдай жүзеге асса жақсы болар еді. Елімізге шеттен көшіп келіп жатқан қандастарымызға осындай мүмкіндікті ұсынуға болады деп ойлаймын, – деді Зауытбек Қаусбекұлы.

“Өңір” депутаттық тобының мүшесі, Парламент Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов соңғы деректер бойынша елімізге оралғысы келетін қандастардың саны 10 мыңнан асатынын айтты. Қаракөздердің жартысын солтүстікке көшірсе, өңірдегі демографиялық ахуал едәуір жақсарар еді.

Алдағы уақытта Жұмысшы кентінің сыртында “Оңтүстік” деп аталатын жаңа шағынаудан пайда болмақ. Онда да бірқабатты баспаналар тұрғызылмақшы. Әзірге, қаланың бұл аумағынан жеке тұрғын үй салуға 974 жер телімі берілмек.

Астанадан келген меймандар 625 орынға шақталған көпсалалы аурухананың құрылысымен танысты. JCI стандарты бойынша салынып жатқан нысан облыс орталығындағы өзге денсаулық сақтау мекемелерінен ерекше болмақ. Бірнеше корпустан тұратын нысанда науқастарға сапалы ем-дом көрсетіледі. Мекемеде жер асты автотұрағы болады.

Жұмыс сапары аясында қонақтар “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сабын жасайтын кәсіпорнының тынысымен танысты. Мұнда айына 350 тонна сабын шығарылады. Келер жылдың соңынан серіктестік санитарлық-гигиеналық қағаз өндірісін қолға алады. Жылдық қуаттылығы 5400 тоннаны құрамақ. Сондай-ақ “Зеленый север” жылыжай кешенін тұрғызбақшы. Онда көкөністің түр-түрі өсіріліп, тауардың 70 пайызы Қазақстан нарығында, 30 пайызы Ресейдің көршілес облыстарына саудаланады. Жоба құны – 5,7 млрд. теңге. Бұл жылыжай іске қосылғанда 65 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp