1993 жыл. Қарашаның жартысы өтіп, ауылдағы ағайынның алды соғым союға кірісе бастаған кез. Кеңес одағы ыдырағанымен шаруашылықтардың түтіні әлі де болса тік ұшып тұрған шақ. Әйтеуір, қиындық пен қайғының не екенін әлі білмейтін менің бала көңілімде сол күндер мамыражай кезең ретінде есте қалыпты. Ал ересектердің тапшылықтың тобықтан шала бастағанын, қиындықтардың бәрі алда екенін сезгені анық еді. “Ақшаның түрін ұмыта бастадық.” Үлкендердің ара-тұра осылай күңкілдесіп қалатынын құлағымыз шалады. Ол рас. Өзіміз де дүкенге баруды сиреттік. Тәтті тоқаш, лимонад секілді жеңсік асымыз тізіліп тұрғанмен, оны бізге кім жай береді.
Бір күні әкем бөлімшенің кеңсесінен бір дорба ақша әкелді. Үйреншікті Күнкөсем емес, әл-Фараби, Сүйінбай, Шоқан, Абай, Абылай мен Әбілқайыр ханның суреті басылған ақша. Теңге. Кеңес үкіметі кезінде үлкендер сом дейтін, ақшаның өзінде де солай жазылғандықтан, қазақшасы осы екен деп жүргенбіз. Оған басты аса қатыра қойған жоқпыз, есіл-дертіміз, біз дейтінім інім мен қарындасым үшеулеп, ақша санауға көмектесіп жүрміз. Теңгелерді бөлек алып, тиындарды бізге ұстатты. Жалма-жан киініп, дүкенге жүгірдік. Біз ғана емес, ауылдың бар баласы осында екен. Бір-бірін кимелеп, сөредегі тәтті дегеннің бәрін алып жатыр. Қас-қағым сәтте сөрелерді сиыр жалағандай қылдық. Міне, мен теңгемен осылай танысып едім.
Әр мемлекеттің Туы, Әнұраны, Елтаңбасы секілді төл теңгесі де тәуелсіздігін айғақтайтын қымбат нышан болып табылады. Тарихта Ұлы дала елінің өз ақшасы болғанын құжаттар мен археологиялық қазбалар кезінде табылған жәдігерлер арқылы жақсы білеміз. Ал еліміз егемендік алғаннан кейін пайда болған теңгенің тарихын білеміз бе?
1992 жылы 27 тамызда Ұлттық банк теңге купюраларының үлгісін бекітті. Оның авторлары, суретшілер – Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов пен Қайролла Әбжәлеловтар ертеңіне Англияға аттанып кетті. Бұл ақша Ұлыбританияда басылып шықты. 1993 жылдың 12 қарашасында Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы” Жарлыққа қол қойды. 3 күннен кейін, яғни қарашаның 15-і таңғы сағат 8:00-ден ақша айырбастау басталды. Бастапқыда 1 теңгені “сабан ақша” атанған КСРО-ның 1000 рубліне айырбастау туралы шешім болғанымен, ақыры 500 рубльге тоқтады. Теңге еркін айналымға кірген күні 1 АҚШ доллары 4,75 теңге болып бекітілді.
Одақ ыдыраған кезде көптеген мемлекеттер бірден өз валютасын енгізсе, Қазақстан мен тағы бірнеше ел екі жыл бойы “рубль аймағында” қалып қойды. Оған басты себеп – елімізде банкнота шығаратын фабрика мен монета сарайының болмауы. Осының кесірінен 1961-1991 жылдар аралығында шығарылған кеңестің ескі 1 рублін алу үшін 2 рубльдің тауарын беріп отырдық. 1993 жылдың қарашасына дейін эмиссиялық қызметті КСРО-нің мемлекеттік банкі, кейін Ресейдің орталық банкі атқарып келді. Ал 1992 жылы 26 шілде күні Ресей өзінің төл ақшасын енгізіп, “рубль аймағындағы” Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан секілді елдердің қаржылық жүйесін бөліп жібергенін хабарлады. Осыған байланысты құпия жолмен біздің алғашқы валюталарымыз 1, 3, 5, 10, 20, 50, 100 номиналдағы банкноталар түрінде пошта маркілері мен банкнота жасауды кәсіп еткен төрт ғасырлық тәжірибесі бар Британның “Харрисон және ұлдары” компаниясымен өзара жасалған келісімшарт аясында шығарылды. Ал оған дейін Ресей орталық банкі Қазақстанның нышандары бар рубль шығарып бермек болды. Ол үшін Қазақстан федерацияның субъектісі ретінде құрамына кіруі және Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жинаған 700 миллион АҚШ долларына пара-пар алтын-валюта резервін Ресейдің орталық банкіне тапсыруы керек. Бір сөзбен айтқанда, бодандықтың қамытын қайта киюді ұсынды. Осыдан бастап елімізде Кеңес одағының ақшасы ғана қалды және басқа елдерден келуіне шек қойылмады. Рубль сол құлдырағаннан оңа алмады, инфляция деңгейі 2900 пайыздан асты.
1992 жылы елімізде Ұлттық банк құрылып, эмиссиялық банк ретінде қызметіне кірісті. Қазіргі күні Алматы қаласында Банкнот фабрикасы мен Өскеменде Монета сарайы бар. Міне, төл валютамыздың дүниеге келу тарихы осныдай. Ал Солтүстік Қазақстанға теңге қалай келді? Ақша айырбастау процестері қалай жүргізілді. Осы сауалдарға сол кездегі банк қызметкерлерінен жауап алып көрдім.
Петр Стальков Ұлттық банктің Солтүстік Қазақстандағы филиалында ашылған күннен, яғни 1992 жылдан бастап еңбек етті. Біздің өңірімізде теңгені алғашқы болып ұстағандардың бірі де сол.
– 1992 жылы, қарашаның басында құпия түрде түнде әуежайға бардық. Ұшақпен ақша әкеледі. Ол кезде брондалған автокөлік те жоқ, мен ПАЗ автобусының жүргізушісімін. Инкасаторларға, басқа қызметшілерге көмектесіп, ақшаны көлікке тиедік. Жан-жағымызда қарулы күзет, бәрі сұсты. Құдды кинодағыдай болды. Милиция көліктерінің қарауылымен қалаға, банкке әкелдік. Тек әуежайдан ғана емес, басқа облыстардан да әкелінді, – деп еске алды сол күндерді Петр Стальков.
Күлзия Тастамбекова 1993 жылы Ұлттық банктің жергілікті филиалына экономист болып орналасқан. Теңгені айырбастау кезінде басы-қасында жүргендердің бірі.
– Қарашаның 15-і таңғы 8:00-ден 20-сы кешкі 8-ге дейін тынымсыз жұмыс істедік. Бірақ біз қазақтар қанша шаршасақ та білдірмеуге тырысатынбыз. Өйткені бұл біздің ұлттық ақшамыз. Кәдімгідей арқаланып, қуанып, жүрегімізді мақтаныш сезімі кернеді. Өзге ұлттарға қарағанда біз барымызды салып істедік десек өтірік болмас, – дейді Күлзия Қадешқызы.
Иә, төл теңгеміздің рухымызды оятып, еңсемізді көтергені рас. Дербес мемлекет екенін айқындайтын негізгі нышандардың бірі. Алты күнге созылған ақша айырбастауға Ұлттық банктің облыстық басқармасы, қалалық, аудандық, ауылдық есеп айырысу-кассалық орталықтардың барлығы жұмылдырылды. Тіпті әкімшілік ғимараттарда банк қызметкерлері де орталық ашып, ақша айырбастаған екен. Сол кезде Петропавл қалалық есеп айырысу-кассалық орталығына басшылық еткен Төлепберген Тілегенов:
– Банктің облыстық басқармасында, қалалық, аудандық және ауылдық жерлердегі есеп айырысу-кассалық орталықтарында қызмет істейтіндер екі ауысыммен жұмыс істеді. Жұмысшыларды таңғы сағат 7-8-де алып кетеді үйден, түнгі 2-ге қарай әкеліп тастайды. Шамалы демалып, қайта жиналамыз. Өте ауыр болды, еске түсірудің өзі қызық. Бір жағынан төл теңгеміз пайда болды деп қуансақ, екінші жағынан өте жауапты іс. Халық ашулы, нөпірмен келіп жатады. Ұзын-сонар кезек. Әйтеуір, абыроймен атқардық, – деді.
Иә, күн демей, түн демей жұмыс істеген қаржыгерлердің арқасында ақша айырбастау науқаны өңірде сәтті аяқталды. Бұл жұмысқа Ұлттық банктен басқа екінші деңгейлі 12 банк филиалы, Қазпошта да жұмылдырылды. Жергілікті басқару органдары өкілдері ұйымдастыру жағын өз мойнына алып, абыроймен өткізді дейді ардагерлер. Жалпы сол кезде облысымызда айналымнан 1961-1992 жылы шыққан 19,6 миллиард рубль алынған екен. 362 мың адамның ақшасын айырбастаған. Жалпы республика бойынша 950 миллиард теңге төленді. Бүгінде теңгеміз дизайны жағынан әлемдегі ең әдемі банкноталардың қатарына кіреді. Оған халықаралық байқауларда жүлделі орын алуы куә. Бұған қоса, қорғанышы жағынан да алдыңғылардың қатарында. Теңге банкноталарының 18 түрлі қорғанышы бар.
Бізге, қағаз ақша ұстаған әрі алғашқы ұлттық валютаны көрген буынға теңгенің мәні мен маңызы ерекше екені өтірік емес. Қазіргі цифрлық технологиялар заманында көбіне пластик карталар арқылы есеп айырысатындықтан, ақшаны да сирек ұстаймыз. Ал ұстаған кезде осыдан 28 жыл бұрынғы оқиға есіме түседі. Теңге қолға тиген күні тәттіге бір тойып едік.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.