Облыстық полиция департаментінің мұражайы ашылғаннан бергі 32 жылда алғаш рет келушілерді бейнеконференция форматында қарсы алды. Бұл карантиндік шектеулерге байланысты жасалып отыр. Қалалық және облыстағы он үш аудандық полиция бөлімдерінің жас қызметкерлері мен ардагерлері бейнеконференцияға қосылды. Конференцияның жүргізушілері – мұражай меңгерушісі Любовь Осинская мен облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің басшысы Сән Жұмағазина мұражайдың тарихын баяндап берді. Мұражай – бес мыңнан астам экспонат орналастырылған төрт үлкен залдан тұрады. Өткен жылдары ведомство музейіне 45 мыңнан астам адам келген. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткізілген бірінші республикалық конкурстың қорытындысы бойынша музей Ішкі істер министрлігінің үздік ведомстволық полиция музейі деп танылды.
Конференцияға қатысушыларға негізгі экспозициялар көрсетілді. Соның бірі – «Жеке ерлігі үшін» орденімен марапатталған жалғыз солтүстікқазақстандық тәртіп сақшысы – милиция майоры Алексей Щербаковқа арналған. Аққайың ауданының орталығындағы көшелердің бірі оның есімімен аталады. Жалпы облысымызда бес көшеге қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болған қызметкерлеріміздің есімдері берілген. 1935-1995 жылдары аралығында қылмыскерлермен күресте сегіз қызметкер қаза тапқан. Жепіс жыл бұрын қылмыскердің қолынан қаза тапқан қатардағы милиционер – Ғазиз Есімов солтүстікқазақстандық полицейлердің мәңгі есінде.
Облыстық полиция музейінде резонанстық қылмыстар жайлы да ақпарат бар. Солардың бірі – 2007 жылы Уәлиханов ауданында қатыгездікпен бес адамды өлтіру фактісі. Келесі бір бірегей жәдігер – отызға жуық есірткі қылмысын ашуға септігін тигізген Рекс есімді иттің тұлыбы. Төртінші залдағы экспозициялар Тәуелсіздік жылдарына арналған, мұнда бүгінгі күн батырларының ерліктері және өз мамандығы бойынша үздік деп танылған қызметкерлердің есімдері көрсетілген.
Бейнеконференцияны қорытындылаған облыстық полиция департаменті кадр саясаты басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Әбілғазы Ғабдуллин ішкі істер органдары музейлерінің жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі маңызы жайлы айтып берді.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің аға инспекторы.