Спорт еркелікті көтермейді. Сәл босаңсысаң, саптан шығып қаласың. Талай жыл төккен терің мен еңбегің еш кетеді. Бұған бабы келіссе де, бағы жанбаған жұлдыздарды айтуға болады. Бір кездері жасындай жарқ етіп, кейін көрінбей кеткен футболшылар тізімін ұсынамыз.
Виталий ЛИ. Бір кездері “Қайрат” сапындағы талантты жас футболшылардың санатында болған Виталий Лиді көп жанкүйер әлдеқашан ұмытты. 2010-2014 жылдар аралығында (U17, U19, U21) Қазақстан жастар құрамасының негізгі ойыншысы болған футболшы 2013 жылы Владимир Вайсстың кезінде алматылық клубтың сапында өнер көрсеткен. 16 ойын өткізіп, 4 гол соққаннан кейін Ли “Астана” сапына ауысқан. Алайда елордалық клуб құрамында 5 рет алаңға шығып, бірде-бір гол соға алмай, Алматыға қайта оралды. Одан кейінгі екі жылда 32 ойын өткізгенімен, шабуылшы ретінде жарытып гол да соға алмады. Кейін футболшы “Ертіс”, “Атырау”, “Ордабасы”, “Қыран” командаларында доп тепті. Қазір оның нақты немен айналысып жүргені беймәлім. Өйткені футболшы “Қыран” сапына 2020 жылы ауысқанымен, жасыл алаңға шығып, жақсы ойын өрнегін көрсеткені туралы еш жерден ақпарат кездестіре алмадық.
Жамбыл КӨКЕЕВ. Бір кездері еліміздегі мақтаулы аяқдопшылардың бірі осы Жамбыл Көкеев болатын. “Уэмбли” стадионында Англия құрамасының қақпасына гол соғып, әп-сәтте жұлдызы жарқырап шыға келген. “Шахтерде” өткізген тамаша маусымнан кейін “Қайрат” құрамына ауысып, үздіктермен бірге бір командада тер төкті. Кейін клуб басшыларымен арақатынасы бұзылды ма, жоқ өзінің тәртібі дұрыс болмады ма, әйтеуір, Жамбыл алматылық команда сапында алаңға шығуды қойды. Осыдан кейін футболшының ойынында құлдырау басталды. “Қайсар” мен “Ақтөбе” клубтарында мандытып ойнай алмады. Қазір Көкеев клубсыз жүр.
Бауыржан ЖОЛШИЕВ. Футболдағы алғашқы қадамын алматылық “Цеснадан” бастаған Бауыржанның футболшы ретіндегі мансабы тәп-тәуір басталған. “Атырауда” 2009 жылы Қазақстан кубогын жеңіп алды. Одан кейін “Тобылда” өзін жақсы қырынан көрсеткен соң “Астанаға” шақырту алды. Елордалық командада футболшы ретіндегі ең үздік кезеңдерінің бірін өткізді. Чемпиондар лигасында Станимир Стойловпен бірге алысқа шапты. Бауыржанның ойынын әлі күнге дейін сағынышпен еске алатындар көп.
Футболшыға шетелдік клубтар қызығушылық танытқанымен, Жолшиев дұрыс таңдау жасай алмады. Бауыржанның агенті Рустам Раджабовтың сөзіне сенсек, оның Грекия, Норвегия, Португалияда спорттық мансабын жалғастыруға жақсы мүмкіндіктері болған. Оның айтуынша, Мәскеудің “Динамосы” да ойыншыға жылына 600 мың еуро төлеуге дайын болған. Бірақ футболшы бас тартқан. “Егер Ресей болса, онда 1,5 миллион еуро, ал клуб Еуропадан болса – бір миллион!” деп талап қойған. Ол отандық футбол клубтарымен де қаржы жағынан келісе алмай, уақытын текке өткізіп алды. Осылайша Бауыржан 2015 жылы 25 жасында футболды тастап кетті.
Рауан САРИЕВ. Бразилияға барғандардың арасында аты көп аталған, тіпті сол жақтың клубтарынан шақырту алған Рауан Сариевтің де спорттағы жолы жарқын болмады. Рауан 2013 жылы бразилиялық “Атлетико Минейродан” алматылық “Қайрат” сапына ауысқан. Бірақ жарытып ойнай алмаған соң, Владимир Вайсс футболшыны қосалқы құрамға жіберді. Алматыда жолы болмаған Сариев 2015 жылғы маусымды Талдықорғанның “Жетісу” командасымен бастады. Туған жерінде де жарытып ойнамады. Кейін “Ордабасы” клубына ауысты. Содан кейін Рауанды жанкүйерлер жоғалтып алды. Қазір тіпті қайда жүргенін ешкім білмейді.
Біз сөз еткен футболшылардың әрқайсысының спорттағы тағдыры әрқилы. Бірі мол қаржының соңына түсемін деп клубсыз қалса, енді бірі жарақатының кесірінен қатардан шығып, қайта бабына келе алмады. Ал жанкүйерлер болса, олардың ойынын енді тек сағынышпен еске алары сөзсіз.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.