«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАБЫ КЕЛІСКЕНМЕН, БАҒЫ ЖАНБАҒАНДАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Спорт еркелікті көтер­мейді. Сәл босаң­сысаң, саптан шығып қаласың. Талай жыл төккен терің мен еңбегің еш кетеді. Бұған бабы келіссе де, бағы жанбаған жұлдыздарды айтуға болады. Бір кездері жасындай жарқ етіп, кейін көрінбей кеткен футболшылар тізімін ұсынамыз.

Виталий ЛИ. Бір кездері “Қай­рат” сапын­дағы талантты жас футболшы­лардың санатында болған Виталий Лиді көп жанкүйер әлдеқашан ұмытты. 2010-2014 жылдар ара­лығында (U17, U19, U21) Қазақ­стан жастар құрамасының негізгі ойыншысы болған футболшы 2013 жылы Владимир Вайсстың кезінде алматылық клубтың сапында өнер көрсеткен. 16 ойын өткізіп, 4 гол соққаннан кейін Ли “Астана” сапына ауысқан. Алайда елордалық клуб құрамында 5 рет алаңға шығып, бірде-бір гол соға алмай, Алма­тыға қайта оралды. Одан кейінгі екі жылда 32 ойын өткізгені­мен, шабуылшы ретінде жарытып гол да соға алмады. Кейін футболшы “Ертіс”, “Атырау”, “Ордабасы”, “Қыран” командаларында доп тепті. Қазір оның нақты немен ай­налысып жүргені беймәлім. Өйт­кені футболшы “Қыран” сапына 2020 жылы ауысқанымен, жасыл алаң­ға шығып, жақсы ойын өрнегін көрсеткені туралы еш жерден ақ­парат кездестіре алмадық.

Жамбыл КӨКЕЕВ. Бір кездері еліміздегі мақтаулы аяқдопшылардың бірі осы Жамбыл Көкеев болатын. “Уэмбли” стадионында Англия құрамасы­ның қақпасына гол соғып, әп-сәтте жұлдызы жарқырап шыға келген. “Шахтерде” өткізген тамаша маусымнан кейін “Қай­рат” құрамына ауысып, үздіктермен бірге бір командада тер төкті. Кейін клуб басшыларымен ара­қатынасы бұзылды ма, жоқ өзінің тәртібі дұрыс болмады ма, әйтеуір, Жамбыл алматылық команда сапында алаңға шығуды қойды. Осыдан кейін футболшының ойынында құлдырау басталды. “Қайсар” мен “Ақтөбе” клубтарында мандытып ойнай алмады. Қазір Көкеев клубсыз жүр.

Бауыржан ЖОЛШИЕВ. Футболдағы алғашқы қада­мын алма­тылық “Цеснадан” бастаған Ба­уыржанның футболшы ретіндегі мансабы тәп-тәуір басталған. “Атырауда” 2009 жылы Қазақстан кубогын жеңіп алды. Одан кейін “Тобылда” өзін жақсы қырынан көрсеткен соң “Астана­ға” шақырту алды. Елордалық командада футболшы ретіндегі ең үздік ке­зеңдерінің бірін өткізді. Чемпиондар лигасында Станимир Стойловпен бірге алысқа шапты. Бауыржанның ойынын әлі күнге дейін сағыныш­пен еске алатындар көп.

Футболшыға шетелдік клубтар қызығушылық танытқанымен, Жолшиев дұрыс таңдау жасай алмады. Бауыржанның агенті Рустам Раджабовтың сөзіне сенсек, оның Грекия, Норвегия, Португалияда спорттық мансабын жалғастыруға жақсы мүмкіндіктері болған. Оның айтуынша, Мәскеудің “Динамосы” да ойын­шыға жылына 600 мың еуро төлеуге дайын болған. Бірақ фут­болшы бас тартқан. “Егер Ресей болса, онда 1,5 миллион еуро, ал клуб Еуропадан болса – бір миллион!” деп талап қойған. Ол отандық футбол клубтарымен де қаржы жағынан келісе алмай, уақытын текке өткізіп алды. Осылайша Бауыржан 2015 жылы 25 жасында футболды тастап кетті.

Рауан САРИЕВ. Бразилияға барғандардың ара­сында аты көп аталған, тіпті сол жақтың клубтарынан шақырту алған Рауан Сариевтің де спорттағы жолы жарқын болмады. Рауан 2013 жылы бразилия­лық “Атлетико Миней­родан” алматылық “Қайрат” са­пына ауысқан. Бірақ жарытып ойнай алмаған соң, Владимир Вайсс футболшыны қосалқы құрамға жіберді. Алматыда жолы болмаған Сариев 2015 жылғы маусымды Талдықорғанның “Жетісу” командасымен бастады. Туған же­рін­де де жарытып ойнамады. Ке­йін “Ордабасы” клубына ауысты. Содан кейін Рауанды жанкүйерлер жоғалтып алды. Қазір тіпті қайда жүргенін ешкім білмейді.

Біз сөз еткен футболшы­лардың әрқайсысының спорттағы тағдыры әрқилы. Бірі мол қаржы­ның соңына түсемін деп клубсыз қалса, енді бірі жарақатының кесірінен қатардан шығып, қайта бабына келе алмады. Ал жанкүйерлер болса, олардың ойынын енді тек сағынышпен еске алары сөзсіз.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp