“Атамекен Қызылжар” микро қаржы ұйымы” ЖШС-і кәсіп бастаған азаматтарға жеңілдетілген несие бере бастады. Бүгінгі күнге дейін “Бастау-Бизнес” түлектеріне 2,5 млн. теңгенің екі несиесін берді.
Алғашқы жеңілдетілген несиені 1,5 млн. теңге көлемінде Қызылжар ауданының тұрғыны техникалық қызмет көрсету станциясын ашу мақсатында алды. Екінші несие Тайынша ауданы, Аққұдық ауылының тұрғыны Петр Завадовскийге берілді. Ол – “Бастау-Бизнес” жобасының биылғы түлегі. Аққұдықтағы үйін кепілге қойып, жылдық 6 пайызбен 900 мың теңге несие алған. Бұл қаражатқа екі сауын сиыр мен жемшөп алуды жоспарлап отыр.
– Әйелім екеуіміз шағын кәсіппен айналысуды ұйғарып, сүт фермасын ашуды қолға алдық. Бастапқыда екі сиыр аламыз деп шештік, бір жылдан кейін нәтижесін көреміз. Біз “Атамекен Қызылжар” микроқаржы ұйымына өтінім бердік. Бүгінде жеңілдетілген несие алып жатырмыз. Несие беру шарттары мені толығымен қанағаттандырды. Бұл өз ісін жаңадан бастағандар үшін өте ыңғайлы, – дейді жеке кәсіпкер Петр Забрадовский.
Жеңілдетілген несие “Бастау-Бизнес”, “Бизнес мектеп” және “Бизнес-Кеңесші” жобалары бойынша білім алған Солтүстік Қазақстан облысының азаматтарға беріледі.
– Жылжымалы және жылжымайтын мүлікті кепілдікке қойып, ауылдықтар 7,2 млн. теңгеге дейін, ал қала тұрғындары 18 млн. теңгеге дейін несие ала алады. Бизнестің түріне шектеу жоқ. Несиені өтеу мерзімі – 5 жыл. Ал ауыл шаруашылығы саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін беріледі, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Ашметов.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.