«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Музей – тарих айнасы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңіріміздегі іргелі оқу орны М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті тарихы музейінің қазығы 1977 жылы қағылды. Мыңдаған түлектерді тәрбиелеген білім шаңырағының тарихын, жеткен жетістіктері мен бағындырған биіктерін музей сөрелерінде жайғасқан жәдігерлерден аңғаруға болады.

Облыс орталығындағы Абай кө­шесінде орналасқан универ­ситет музейі қайта жөндеуден өтіп, ел егемендігінің 20 жылдық мерекесін атап өту шеңберінде салтанатты түрде ашылды.

Музейде М.Қозыбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған, археология және этнология, мұғалімдер институты, педагогикалық және политехникалық институттар, Солтүстік Қазақстан университетінің тарихынан сыр шертетін залдар бар. Университет өміріне қатысты мол деректерді студенттерге арналған дәріс залындағы мультимедиалық кешен арқылы көруге болады. Онда университеттегі әр факультеттің, кафедра мен мамандықтың білім ордасы құрылған 1937 жылдан бастап қазіргі күнге дейінгі тарихы қамтылған. Сонымен қатар тарлан тарихшы Манаш Қозыбаевтың өмірі мен шығармашылығына, археологиялық қазба жұмыстарына арналған деректі фильмдері керсетіледі. Залда дәрістер, кездесулер, тақырыптық кештер, көрмелер ұйымдастырылады.

Университеттің оқытушылары мен студенттері үшін залда академиктің жастық, бозбала шағын, өмірінің соңына дейін атқарған іргелі жұмыстарынан хабар беретін суреттер, ғылыми еңбектері, фотоматериалдар мен бейнематериалдары, жеке заттары жинақталған. Бұл зал академиктің зайыбы Сара Пішенбайқызының тікелей басшылығымен ұйымдастырылды.

Музейге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Салық Зиманов, Кенжеғали Сағадиев, Аманжол Қошанов сияқты, тағы да басқа академиктердің, Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев сынды қазақтың мақтаныштарының, Дүкенбай Досжан, Кәкімбек Салықов бастаған ақындар мен жазушылардың құрметті қонақ болғаны біз үшін мақтаныш.

М.Қозыбаев атындағы СҚУ музейі білім ордасының рухани мәдениетін, әдебиетін, тарихын жас ұрпақ бойына сіңіруде, оларды отаншылдыққа, елжандылыққа үндеуде орасан зор рөл атқара беретініне сеніміміз зор. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, академик М.Қозыбаевтың 90 жылдығына орай университеттің тарих музейінің бірінші қабатында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі заман талабына сай келетін өзгертулер жасалуда. Бірінші қабатта орналасқан археология және этноло­гия, Манаш Қозыбаев залы, дәріс залдары жөндеуден өтеді. Дәріс залы студенттер үшін демалатын, дәріс тыңдайтын орын болады. Аталған жұмыстарға университет тарапынан арнайы қаржы бөлінді.

Ботагөз ҚОЖАБЕКОВА,

М.Қозыбаев атындағы

СҚУ тарихы мұражайының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp