«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАРА ДАРЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі жыл еліміз үшін мерейлі оқиғаларға толы. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойын атап өту барлық қазақстандықтар үшін қымбат болса, сонымен қатар “Тәуелсіздіктің жаршысы” атанған академик Ма­наш Қабашұлы Қозыбаевтың туғанына 90 жыл толуы, оның есімін алып отырған Солтүстік Қазақстан университеті үшін ерекше маңызды.

2003 жылдың 30 мамырында Үкімет қаулысымен Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне академик Манаш Қозыбаевтың есімі беріліп, оқу ғимаратының алдына көрнекті ғалымға ескерткіш орнатылды. 2004 жылдан бастап жыл сайын дәстүрлі “Қозыбаев оқулары” халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізіліп келеді. Оған еліміздің, алыс-жақын шетелдердің ғалымдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысып, ғылыми ізденістері мен салиқалы ойларын ортаға салады.

Манаш Қозыбаев – 800-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 30 монографияның (оның 18-і бірлескен авторлықта), 50-ден астам ұжымдық еңбектің, оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Ғалымның еңбектерінің жартысынан көбі Қазақстанның Тәуелсіздік кезеңінде жарияланған. 50-ден астамы Тәуелсіздік мәселелеріне арналған. Ғалым өз еңбектерінде қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятуға, мемлекеттілік идеологиясын нығайтуға, Қазақстан Республикасының этнотерриториялық тұтастығына назар аударады.

1995 жылы академик Манаш Қо­зыбаевтың жетекшілігімен “Қазақстан Республикасында тарихи сананың қалыптасу тұжырымдамасы” атты қазақстандықтардың тарихи санасын қалыптастыру процесіне ықпал еткен алғашқы әрі маңызды құжаттардың бірі әзірленді. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты қазақстандықтардың та­рихи санасын қалыптастырудағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарын айқындау, тарихи зерттеулер әдіснамасының проблемасы және жинақталған тарихи білімдерді қайта бағалау, қазақ халқының этногенезі мен этникалық тарихының маңызды тұстары, ұлттық мемлекеттілік пен ұлттық қауіпсіздік мәселесі болды.

Ұлы ғалымның ғылыми мұрасы маңызды әрі өзекті болып қала береді және елдің ғылыми ойының дамуының идеялық негізіне айналды. Манаш Қозыбаев тарих ғылымында алғаш рет Еуразия кеңістігіндегі дала өркениетінің дамуы туралы тұжырымының негізін қалыптастырды. Ол тәуелсіз Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін зерттейтін ғылыми мектептің негізін құрды.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің қалыптасу және даму жылдарында еліміздің тарихшылары академик Манаш Қозыбаевтың басшылығымен тарихи зерттеулер әдіснамасының мәселесі, жинақталған тарихи білімдерді қайта пайымдау, қазақ халқының шығу тегі мен этникалық тарихы, ұлттық мемлекеттілік пен ұлттық қауіпсіздік мәселелері, Қазақстанның саяси-әлеуметтік және экономикалық даму тарихының, Қазақстанның жалпы тарих тұрғысынан әлемдік қауымдастықтағы, оның ішінде, ең алдымен, Ресей және ТМД елдерімен, Қытаймен, алыс шетелдермен қарым-қатынасына байланысты өзекті мәселелер отандық тарих ғылымының басым бағыттарына айналды.

Тәуелсіздікке дейінгі жазылған тарихты қайта қарау, ғылыми негізделген теориялық-әдіснамалық тұрғыдан зерделеу мәселесі тек Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана мүмкін бола бастады. Әрине, бірден түбегейлі өзгертіп тастау деген тым қиын дүние. Дегенмен дәл сол өтпелі кезеңде Отан тарихын зерделеу бағытында салиқалы бетбұрыс болды. Ол өзгерістер тарихшы ғалым Манаш Қозыбаевтың есімімен тығыз байланысты.

Ол бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі дәуірде өмір сүрді. Ғалымның шығармашылығын саралап қарасақ, дәуірлер арасындағы айырмашылық оның ғұмырнамасы мен шығармашылық мұрасынан айқын байқалады. Дегенмен дәуір ерекшеліктері ғалымның ізденісті еңбектерінің мазмұндық құндылығына айтарлықтай әсер ете қоймағандығын оның кешегі қандықол кеңес кезеңінде де өткір ой-тұжырымдарын өз туындыларында сомдай білген. Манаш Қабашұлының өзінің саналы ғұмырының 40 жылын ғылым жолына арнады, өзі таңдап алған тарих ғылымын дамытуға еңбек етті. Бастапқыда ғылымдағы ізденістерін өлкетану, Қазақстанның екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңісіне қосқан үлесін зерделеуден бастаған ол біртіндеп ғылыми зерттеу аясын кеңейтіп, қазақ халқының шығу тегінен бастап, оның өркениеттегі орны, ХХ ғасырдың қасіретті тағдыры туралы тұтас, кешенді де маңызды, мазмұны терең тұжырымдар жасады.

Академик Манаш Қозыбаевтың шығармашылығындағы тағы бір ерекшелік – ұлтжандылық пен ұлттық мүдде жолында қызмет ету­дегі азаматтық бейнесінің өз еңбек­терінде айқын сезілуі. Бір жағынан “Ұлт болмысы”, “Ұлт намысы”, “Ұлт тілі”, “Ұлттық мәдениет”, “Ұлттың рухы”, “Ұлтжандылық” сияқты мемлекет құруда ең қажетті де қасиетті ұғымдарды ұлттық мүдде тұрғысынан түсіндірудің жолдарын қарастырса, екінші жағынан “Тәуелсіздік жолы – үміт жолы”, “Тәуелсіздік даңғылы”, “Тәуелсіздік рухы”, “Тәуелсіздік самалы”, “Егемендік декларациясы – тәуелсіздіктің алдыңғы баспал­дағы”, “Тәуелсіздік толғаныстары”, “Халқым, қайда барасың?”, “Қандай елміз? Қандай болуға тиіспіз?”, “Аман болсын халқымыз” – деп тәуелсіздік тарихын мейірлене зерделеді. “Ұлт элитасы – қайраткер, жасампаз, дауылпаз жан. Қайраткелік ұлы істе танылады. Ұлы іс халық мүддесінен туындайды”, – деп азаттық жолындағы қазақ халқының мүддесі үшін күрескен азаматтардың тұлғалық қасиеттеріне шынайы баға береді.

Міне, Манаш Қабашұлы аңсаған күн де туды. Мемлекет тарапынын тарих ғылымына назар аударылып, мұны жай ғана ғылым ретінде немесе мамандық тұрғысынан қарамай, бүгінгі жаһандану кезеңіндегі еліміздің іргетасын бекем ұстайтын тұтас идеологиясының негізіне айналдыру қолға алынды. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің “Тәуелсіздік – бәрінен қымбат” атты бағдарламалық мақаласында қоғамдық өмірдің түрлі аспектілеріне, соның ішінде Қазақстанның тарих ғылымы саласына қатысты бірқатар маңызды және тағдырлы бастамаларын атап өтті: 1921-1922 жылдардағы жаппай ашаршылық туралы, “Қазақстан тарихы” академиялық көптомдық ба­сылымының көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі жаңа нұсқасын жазу туралы, біздің Отанымыздың қысқаша тарихын жазудың маңыздылығы туралы. Президенттің бұл бастамалары – қоғамды рухани жаңғырту, ұлттық кодты қайта қалыпқа келтіру, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау академик Манаш Қозыбаев айтқан өзекті мәселелердің заңды жалғасы болып табылады.

Университет тарапынан ғалымның құнды мұрасын насихаттауда сүбелі істер атқарылуда. Білім алушыларға арнайы “Манаштану” курсы оқытылады. “Рухани жаңғыру” әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер институтының құрамында Манаш Қозыбаев атындағы ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді. 2017 жылы университет ғалымдары әзірлеген ғалымның өмірі мен шығармашылығына, ғылыми және көркемдік жетістігіне, терең тарихи талғамына, Ұлы даланың болашағы үшін еңбек еткен қайсарлығына, тұлға ретіндегі ғибратты тағылымына арналған “Манаш Қозыбаев” тұлғалық энциклопедиясы жарық көрді. Кейін осы еңбектің жалғасы ретінде “Манаштану мәселелері” атты сериялық ғылыми жинақтың бес томы баспадан шығарылды. Көрнекті ғалымның есімімен аталып отырған жоғары оқу орны ұжымының академик Манаш Қозыбаев тұлғасына деген құрметі, оның мол шығармашылық мұрасын жастарға насихаттау бағытындағы келелі еңбектері жалғаса береді.

Академик Манаш Қозыбаевтың есімін алып отырған Солтүстік Қазақстан университетіне мемлекет тарапынан ерекше назар аударылып, оның дамуына мүмкіндіктер жасалуда. Университет базасында Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі (Назарбаев университетінің басқаруымен) және Технология, жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі (АҚШ-тың Аризона университетінің басқаруымен) құрылып, халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орнына айналдыру мәселесі қолға алынды. Осыған орай, университет базасында заманауи үлгідегі ғылыми-зерттеу ғимараты мен жатақхана құрылысы жүргізіліп жатыр. Солтүстік Қазақстан университетінің дамуымен академик Манаш Қозыбаевтың да есімі жарқырай түсетіні сөзсіз. Ғалымның ұлы мұрасы насихатталады, мәңгі жадымызда сақталады!

Ерлан ШҰЛАНОВ,

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің басқарма төрағасы – ректоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp