«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕР – ҚАЗАҚТЫҢ БАЙЛЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2016 жыл ел тарихында сан түрлі оқиғалармен есте қалды. Солардың ішінде Тәуел­сіздігіміздің ширек ғасырлық мерейтойын ерекше атап өткен жөн. Ел бойынша мыңдаған шара ұйымдастырылды. “Ұлы даладағы мыңжылдық тарихтың жаңа дәуірі” тақырыбымен өткен салтанатты жиналыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев егемендіктің жеті теңдессіз табысына тоқталған болатын.

Біріншіден, әлемнің жаңа кар­тасында жас мемлекет пайда бол­ды. Мемлекеттік шекарамыз ха­лықаралық деңгейде шегенделді. Екіншіден, халықаралық сарап­шы­лардың пікірінше, Қазақстан­ның даму қарқыны көпті тамсан­дырып отыр. Мәселен, Нобель сыйлығының лауреаты Финн Кид­ланд: “Қазақстан әлемде мейлін­ше жылдам дамып келе жатқан елдердің бірі және оның даму қарқыны таңдандырады”, – деген болатын. Қазақстан әлемнің ең дамыған елу елінің қатарына кірді, ендігі меже – отыздық. Жалпы Тә­уелсіздік жылдары экономика­мыз 20 есеге өскен. Тағы бір табысы­мыз – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде керегесінің кеңеюі. Бай тіліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының төрінен ес­ті­луде. Бір кездері алып Алма­тыда жалғыз ғана қазақ тілді мек­теп болса, 25 жыл ішінде, яғни 2016 жылға дейін бір мыңнан ас­там білім ошағы ашылған екен.

Ұлы мұрат жолында жүзеге асырылған тағы бір игі жоба – елордамыздың Сарыарқа төріне көшіріліп, көрсең көз тоймайтын әсем шаһардың салынуы. “1990 жылдардың ең ауыр кезеңдерінде астана бізге үміт қанатын сый­лады және үлкен қиындықтарды еңсеруді үйретті. Қиын кез бола­тын. Бәрі жетіспейтін. Еңбекақы, зейнетақы төленбеді. Бірақ біз сол қиындықтардың бәрін ештеңеге қарамастан еңсеріп, елордамыз­ды салдық”, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Халықтың әл-ауқаты­ның жақсаруы, тағдырдың жазуы­мен шекарадан шет қалған қан­дастарымызды атамекенге шақы­ру, ядролық қарудан ада ел құру және осы асыл мақсатқа өзгелерді шақыру бастамалары да Қазақ­станның азаттық жылдары жеткен жетістіктерінің бір парасы еді.

Еліміздің азаттық алғанына ширек ғасыр толған 2016 жыл Солтүстік Қазақстан облысы үшін де жемісті болды. Мәселен, 2016 жылы 38,0 млрд. теңге кіріс жи­нал­ған. 2015 жылмен салыстыр­ған­да өсім қарқыны 18,5 пайызға тең. 2016 жылы облыс экономика­сына алдыңғы жылмен салыстыр­ғанда 1,9 пайыз өсіммен 165,7 млрд. теңге инвестиция тартыл­ды. Инвестицияның басым бөлігі ауыл шаруашылығына (34,3 па­йыз), өнеркәсіпке (27,4 пайыз) жә­не көлік пен қоймалауға (16,9 па­йыз) тиесілі. Өңірдің негізгі кәсібі – агроөнеркәсіп. Саланың үлесіне өңірлік жалпы өнімнің ширек бөлігі тиесілі. 2016 жылдың қорытын­дысы бойынша ауыл шаруашы­лығы өнімдерінің көлемі 1,8 па­йыз­ға өсті және 416,7 млрд. тең­гені құрады.

Қазақстанның жер көлемі 2,7 млн. шаршы километрді құрайды, бұл көрсеткіш бойынша әлемде тоғызыншы орындамыз. Баты­сында Еділдің төменгі ағысынан, шығысында Алтай тауларына дейін 3000 километр, солтүстіктегі Батыс Сібір жазығынан, оңтүстік­тегі Қызылқұм шөлі мен Тянь-Шань тау жүйесіне 1600 кило­метрге дейін созылып жатыр. Же­рі­міз үлкен болғанымен, оны кім көрінгеннің иеленуге құқығы жоқ. Жер – қазақтың байлығы. 2016 жылы Жер кодексіне енгізілген тү­зетулерге халық қарсылық біл­діріп, кейін мораторий жария­ланды. Қазақстанда 8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы кәсіп­орны, 178 мыңнан астам шаруа және фермерлік қожалық, 1,5 миллионнан астам жеке қосал­қы шаруашылық бар. Бұдан былай ауыл шаруашылығы мақсатында­ғы жер шетелдіктерге немесе шетелдік үлесі бар компаниялар­ға сатылмайтын және жалға да бе­рілмейтін болды. Бұл жаңалыққа барша қауым, соның ішінде ырыз­дығын жерден тауып отырған отандық шаруалар қатты қуанды. Әсіресе негізгі кәсіп көзі жермен тығыз байланысты Солтүстік Қа­зақстан облысының диқандары бөркін аспанға атты. 2016 жылы облыс диқандары гектарынан орташа есеппен 17,2 центнерден өнім алып, барлығы 5,5 мил­лион тонна астық жинады. Осы жылы ауыл шаруашылығы өн­дірісіне демеуқаржы үшін бюд­жет­тен 31,5 млрд. теңге бөлінді, бұл 2015 жылғы деңгеймен са­лыстырғанда 1,8 есе көп. Өңірде егіншілікпен қатар мал шаруашы­лығы да дами түсті. Статистика департаментінің жедел деректе­ріне қарағанда, 2016 жылдың қорытындысы бойынша шаруа­шы­лықтардың барлық санатта­рын­да ірі қара басы – 1,1 пайызға, ал ұсақ мал мен жылқы 2 пайыз­дан астамға көбейді. Соның нә­тижесінде ет өндірісі – 1,3 пайыз­ға, сүт 4,3 пайызға ұлғайды.

2016 жылдың қорытындысы бойынша “2020 жылға дейін өңір­лерді дамыту” бағдарламасы шең­берінде екі елді мекенде (тұрғын­дар саны – 12042 адам) сумен жабдықтау жақсарды, 2 ауылға (елді мекен тұрғындарының саны – 453 адам) ауызсу берілді. Ауылдардың орталықтандырыл­ған суға қолжетімділігі 56,3 па­йызға дейін өсті (2015 жылдың соңында 55,8 пайыз). 2016 жылы 619 пәтерлік 7 тұрғын үй, сондай-ақ “СевКазЭнерго” АҚ қызметкер­леріне арналған 90 пәтерлік бір үй салынды. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдар­ламасы аясында жұмысшы жас­тарға арналған 5 қызметтік тұрғын үй және облысымыздың бес ауданында 135 пәтерлік 6 жатақ­хана пайдалануға берілді.

Білім беру саласында 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқумен қамту 98 пайызға жетті. “Нұрлы жол” бағдарламасы ая­сында 320 орындық бала­бақша­ның құрылысы аяқталса, 200 орындық балабақшаның құрылы­сына жеке инвестиция тартылды. 2016 жылы облыста мектеп жа­сына дейінгі тәрбиемен қамтитын ұйымдарда 893 орын ашылды, оның ішінде 287 орын мемлекеттік тапсырыстарды жекеменшік мек­тепке дейінгі ұйымдарда орна­ластыру жолымен іске қосылды.

Қыркүйек айының бірінші жұл­дызы – Білім күні обылымызда үш бірдей мектеп есіктерін айқара ашты. Нақтырақ айтқанда, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишимка ауылын­да, Тайынша қаласында және Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылында жаңа оқу ордалары пайдалануға берілді. Бұл өңірдегі үш ауысымда оқитын мектеп­тердің проблемасын шешкен еді. Бәйтерек – облыс орталығына жақын орналасқан, негізінен шетелден көшіп келген қандаста­рымыз тұратын елді мекен. Ауыл балалары бұған дейін аудан орталығына автобуспен қатынап оқыған. 300 орындық білім ошағы екі тілде оқытқанымен, балалар­дың басым бөлігі қазақ сыныпта­рына барған. Мектепті салуға қазынадан 827 млн. теңге қаражат жұмсалғанын да айта кеткен жөн. Жалпы 2016 жылы облыс бо­йынша 72803 бала оқуға барса, 8582-сі алғаш рет мектеп табал­дырығын аттады.

Елдің саяси өмірінде де бұл жылы өзгерістер көп болды. Наурыз айында Мәжіліс депу­тат­тарының кезектен тыс сайлауы өтті. Парламентке “Нұр Отан”, “Ақ жол” және Қазақстан коммунистік партиясының өкілдері өтті. Бұл Қа­зақстан тарихындағы жетінші пар­ла­менттік сайлау еді. Солтүстік Қазақстан облысында жасақтал­ған 667 сайлау учаскесіне келген өңір тұрғындары елдің ертеңі үшін дауыс берді. Біздің өңірден заң шығарушы органға үш өкіл – “Ас­тық СТЕМ” ЖШС-нің директо­ры Сергей Звольский, “Радуга” ЖШС-нің бас директоры Петр Шарапаев және “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры, журналист, ақын Кәрібай Мұсырман сайланды.

2016 жылы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министр­лігі, Дін істері және азаматтық қо­ғам, Ақпарат және коммуни­кация министрлігі құрылды. Аталған министрліктердің басшылығына Бейбіт Атамқұлов, Нұрлан Ермек­баев және Дәурен Абаев таға­йындалды. Елбасы Жер кодексіне 2021 жылдың соңына дейін тү­зетулер енгізуге мораторий жа­рия­­лағанын жоғарыда айттық. Со­нымен қатар Еңбек кодексіне, Азаматтық процессуалдық кодек­ске, Экстремизм мен терроризмге қарсы заңға, тұтынушылар құқы­ғын қорғау туралы заңға өзгеріс­тер енгізілді. Рақымшылық жасау туралы заң, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мен “Париж келісімін ратификациялау туралы” заң жобасы қабылданды.

Өмірде ақ пен қара аралас жүреді ғой. 2016 жылы елімізде жақсы жаңалықтармен қатар, әр жерден қаралы хабарлар да естіліп қалып жатты. 5 маусым кү­ні Ақтөбеде “Паллада”, “Пантера” қару-жарақ дүкендеріне, Қазақ­стан Ұлттық ұланының №6655 әскери бөліміне шабуыл жасал­ды. Атыс кезінде 21 адам қаза бо­лып, 38-і жарақат алды. 18 шілде күні Алматыда да теракт болды. Құқық қорғау органдарының 9 қызмет­кері мен 2 бейбіт тұрғынды өл­тіріп, тағы 3 адамның өмірін қимақ болған Руслан Кулекбаев кейін өлім жазасына кесілді.

Апат айтып келмейді. 2016 жылдың көктемі теріскей тұрғын­дарын аяғынан тік тұрғызды десек қателеспеспіз. Күрт еріген қар суы бірнеше елді мекенді әбірге сал­ды. Тайынша, Есіл, Қызылжар, Ақ­қайың, Ғабит Мүсірепов атындағы және тағы басқа аудандарында ондаған үй су астында қалды, мал шығыны болды. Қуанышымызға орай, құтқарушылар дер кезінде көмекке келіп, адамдарды аман алып қалды. Есіл арнасынан асып, Петропавл қаласының шеткі аудандарына және саяжай­ларға қызыл су кірді.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеу аясында облыста тұр­ғындардың көпшілігінің қатысуы­мен 12 мыңнан астам мәдени-бұ­қаралық іс-шара өткізілді. “Елім­нің бақытын тербеткен Тә­уелсіздік”, “Ауылдың үздік мәдени мекемесі – 2016”, “Солтүстік Қазақстан облысының үздік медиатекасы”, “Үздік мұрағаттық ме­кеме”, “Облыстың үздік мұра­жайы”, “Үздік мұрағатшы”, “Үздік кітапханашы” атты облыстық байқау-конкурстар өтті. Жеңім­паз­дарға алғаш рет жалпы құны 13,9 млн. теңгеден астам сома­ның ақшалай сертификаттары табысталды.

2016 жылы белгілі жерлес­те­ріміз Сәбит Мұқановтың, Иван Шуховтың, Ермек Серкебаевтың, Герольд Бельгердің және Есім Шайкиннің мерейтойларына ар­нал­ған шаралар өтті. Кейкі ба­тырдың бас сүйегінің табылуы – ел көлеміндегі үлкен жаңалық еді. Венгер ғалымдары Кейкі ба­тырдың келбетін толықтай қалпы­на келтірді. Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлы – 1916 жылғы Тор­ғайда болған ұлт-азаттық көтері­лісінің батыры, атақты мерген.

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен ХХХІ жазғы Олимпиада ойындары мәресіне жетті. Төртжылдықтың басты додасы Қазақстан құрамасы үшін сәтті болды деуге толық негіз бар. Қазақстаннан әлемдік бәсекеге 26 спорт түрінен 104 спортшы қатыс­ты. Отандастарымыз барлығы 17 медаль (3 алтын, 5 күміс, 9 қола) алып, ел спорты тарихында күміс және жалпы жүлделер саны жө­нінен рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Алтыны аздау демесек, ел қоржынына түскен бұл жүлде­лердің бәсі жоғары. Жаһандық жарысқа Солтүстік Қазақстан облысынан 5 спортшы аттанды. Жерлестеріміз боксшы Дариға Шәкімова мен балуан қызымыз Эльмира Сыздықова қола жүлде­гер атанды. Облыста осы жеңіс­терден шабыт алған 170 мыңнан астам адам немесе өңір тұрғын­дарының 30 пайызы дене шынық­тыру және спортпен айналысуды ұйғарған. Бұл көрсеткіш жөнінен облыс республика бойынша ал­дың­ғы орындардың бірінде. Мұн­дай нәтижеге қол жеткізуге, ең ал­дымен, жаңа спорт нысандарын салу және барларын қалпына келтіру жұмыстары сеп­тігін ти-гізді.

2016 жылдан бері де бес жыл зу етіп өте шыққанын көріп отыр­мыз. Мәңгілік ел болуды мақсат тұт­қан Қазақстанның күннен-күнге мәртебесі өсіп, Ұлы дала төсінде қарыштап дамыған, төрт құбыла­сы тең мемлекетке айналып ке­леді. Бабаларымыздан аманат бо­лып қалған кең байтақ жерде ша­ңырағын көтеріп, уығын тік­теген, керегесін жайған ордалы елі­міздің болашағы жарқын бол­ғай!

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp