«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КИЕЛІ ТӘУЕЛСІЗДІК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Тәуелсіздік” – деген тарихи ұғым. Ол – жеке адамның, не жеке қауымның, не жеке мем­лекеттің тә­уелсіздігі. Оның замана деңгейіне қарай ішкі мазмұны, оған септік ететін ортасы өзгеріп отырады. К.Маркстан сүйікті қыздары: “Сізді жабырқататын қандай іс?” – деген сауалға: – “Біреуге тәуелді болу”, – деп жауап берген екен. Ата-бабаларымыз жақын адамдарға бата бергенде: “Жаманға ісің түспесін”, – дейтін.

Ерте кездегі тәуелсіз жан – “еркін адам”, “сайын даланың еркесі”, “сайын даланың сер­кесі”, “дала рыцары” – бір сөзбен айтсақ “қазақ” деген сөз. Сонда сол еркіндікті аңсаған ата-бабамыз тәуелсіз жан деп өзінің болмысын жаратқан бір тәңір деп білетін, өзінен де артық еркіндікті сүйетін әр адамды санады. Ол – тәуелсіз жан деп өзінің болмысын дүниеге әкелген ата-ана­сы деп сыйлайтын, бірақ өз еркіндігін оған да қимайтын ірі адамды атады.

Ол тәуелсіз жан деп бір тәңірге, Аллаға табынып, ата-анасына жағынып, өз тірлігі үшін бір өз еңбегіне жалынып жүрген пірі адамды көрді де, таныды да. Ол тәуелсіз жан деп – өз еркіндігін құрбандыққа шалмайтын, бас бостандығы үшін ар сатуға бармайтын, қауіпті күнде аспандағы айға атылатын қас қабыландай ешнәрседен жалтарып таймайтын ер адамға сыйынды. Осылай тәуелсіздік үшін ата-бабамыз өз өмірін бәйгеге тікті.

Алайда жеке адам өз тәуелсіздігін сақтай алмайтын күн туды. Оны тек ұжымдық (ру-тайпалық), ұлттық мемлекеттік деңгейде қорғайтын замана туды. Осындай өр қазақ, ер қазақ, ірі қазақ, пірі қазақ өзі тіккен қазақ мемлекеттігінің тәуелсіздігінен сонау 1582 жылдан бастап, бірте-бірте айырыла бастады. Сайын даланы орыс империясы тұтас жаулап алуына 282 жыл уақыт кетті. Қазақ ұлттық тәуелсіздігі үшін 400 жылға жуық алысты да шабысты. Осы кезде тәуелсіздіктің мағынасы жоғарылап, киелі ұғымға ұласты.

Бұл заманада мемлекеттік тәуелсіздік деп қазақ халқы ұлт рухының ұран болуы, ұлт перзентінің қыран болуы, жау қолында қалған сайын даланың қайтадан Тұран болуы деп білді.

Азаттықты аңсаған халық ұлтазаттық күрес жолында оянды, тәуелсіздік жолы есіл ерлердің алқызыл қанына боянды. Дірілдеп күмбірлеп, тулап атом қырсығына шалдыққан, топырағы тозаң болған жерлер ыңырсып жатты, елі қансырап, береке-құты қалтырап, өз елінде өзі азшылыққа айналған тұста отаршылықтың ойраны жанға батты.

Тәуелсіздік таңы атты. Осы тұстағы бүгін 10 жасқа келген балғын тәуелсіздік туралы түсінігіміз де кеңи түсті.

Біз бүгін тәуелсіз ел деп кіндік қаламыз астананың асқаралы болуын, ордамызға құт-береке қонуын, ұлт пен ұлыстар арасы ынтымаққа толуын айтамыз.

Бүгін біз тәуелсіз ел деп Отанымыздың иелі болуын, ана тіліміздің киелі болуын, ата тарихымыздың жүйелі болуын айтамыз.

Біз бүгін тәуелсіз ел деп демостың еркіндіктен еңсесі көтеріліп, бірпартиялық диктатура­дан көппартиялыққа, плюрализмге көшуін, азамат құқығының өсуін айтамыз.

Біз бүгін тәуелсіз ел деп нарықтық инфрақұрылымының бар болуын, қаржылық-экономикалық жүйенің бай болуын, отандық өндірістің нар болуын, халқымыздың шетелдіктер алдында жалбақтамай, қалбақтамай, табаны таймай, тілі күрмелмей, бойы дар болуын айтамыз.

Біз бүгін тәуелсіз ел деп барлығын бір құдай береді, мемлекет көмекке келеді, жеміс, егін өзі өнеді – деген психологиядан аттап өткен, азаттығы азаматтыққа, жарқындығы жасампаздыққа жарқ етіп жеткен, білімі-ғылымы асқан, мәдениеті тасқан, өркениетті ел деген даңқы бар, ата салты қажырлы халықты айтамыз.

Біз бүгін тәуелсіз ел деп ұлттық қауіпсіздігі мен аймақтық тұтастығын қорғайтын, мемлекетіміздің ұжымдық қауіпсіздік саясатын қолдайтын, ұлының ұлағатты, қызының инабатты, халқы салауатты болуына барлық мүмкіндіктерді жолдайтын мемлекетті айтамыз.

Біз тәуелсіз ел деп халықаралық ұйымдарға емінбей еркін кіретін, көгілдір байрағымызды желбіретіп басқа елдің төріне ілетін, әлемдік қоғамдастықта қай елдің өкілдері болса да қаз-қатар алдыңғы легінде жүретін, елі аман, жұрты тыныш, шекарасы бүтін, көңілі көтеріңкі, қабағы ашық, жүзі жарық саясаткер көсемі бар парламенттік республикалық мемлекетті айтамыз.

Ендеше Тәуелсіздік деген біздің бас ұранымыз, көгілдір туымыз, біздің болашақ бағымыз, атар нұрлы таңымыз!

Тәуелсіздігіміз баянды болсын, ұлтымыз рухты болсын, Қазақстан халқы ұлықты болсын, ел іші ырысқа толсын!

Елдікке жетпей, теңдікке жетпейтінің жадыңда болсын, ағайын!

Манаш ҚОЗЫБАЕВ.

Алматы, 2001 жыл.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp