«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮТІМ ЖАСАУШЫЛАРҒА ЖӘРДЕМАҚЫ ТӨЛЕНЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2021 жылдың 24 қазанынан “Азаматтардың жекелеген са­наттарын әлеуметтік қорғау мә­се­лелері бойынша Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнама­лық актілеріне өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы” Заң кү­шіне енді. Бұл мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қам­та­масыз ету және тұрмыс сапа­сын жақсарту жөніндегі 2025 жыл­ға дейінгі ұлттық жоспар шең­берін­де мүгедектігі бар азамат­тар мен мүмкіндігі шектеулі ба­лаларды тәрбиелеп отырған от­ба­сыларды әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру мақсатында жасалып отыр.

Заңға сәйкес мүгедектік себе­біне қарамастан, І топтағы мүм­кіндігі шектеулі жандарға күтім жасайтын азаматтарға жәрдем­ақы беру көзделген. Күтім көрсе­те­тін адамға жәрдемақы бірінші топтағы мүгедек өтініш жасаған күннен бастап, мүгедектік белгі­ленген бүкіл кезеңге тағайында­лады және төленеді. Жәрдемақы мөлшері 1,4 ең төменгі күнкөріс дең­гейі немесе 48023 теңгені құ­райды. Отбасында екі және одан да көп бірінші топтағы мүм­кіндігі шектеулі адам тұрған жағ­дайда, күтім жасайтын адамға жәрдем­ақы олардың әрқайсы­сына та­ғайындалады және төле­неді.

Бірінші топтағы мүмкіндігі шек­теулі жан мен күтім жасайтын адам бір елді мекенде тұруы тиіс. Жәрдемақы тағайындау туралы өтініш пен қажетті құжаттар мем­лекеттік корпорация арқылы тап­сырылады. Сондай-ақ “элек­трондық үкімет” веб-порталы арқылы да беруге болады. Бірін­ші топтағы мүгедектік алғаш рет белгіленген кезде тұрғы­лықты же­рі бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесіне де өтініш жасауға құқылы.

Жәрдемақыны тағайындау үшін өтінішті, сондай-ақ мынадай құжаттарды ұсыну қажет:

1) көрсетілетін қызметті алу­шының жеке басын куәлан­ды­ратын құжат (жеке басты сәйкес­тендіру үшін);

2) күтім көрсетілетін адамға қам­қоршылық (қорғаншылық) бел­гіленген жағдайда – күтім көр­сетілетін адамға қамқоршылық (қорғаншылық) белгіленгенін рас­тайтын құжат;

3) мүгедектік туралы анықта­ма.

Күтім жасаушы адам үшін:

көрсетілетін қызметті алушы­ның жеке басын куәландыратын құжат (жеке басты сәйкестендіру үшін);

қандас мәртебесі бар адамдар жәрдемақы тағайындауға жүгін­ген жағдайда сәйкестендіру үшін қандас куәлігін ұсынады;

жәрдемақы беру жөніндегі уә­кілетті ұйымдағы банк шоты­ның нө­­мірі туралы мәліметтерді рас­тай­тын құжат (сәйкестендіру үшін);

күтім жасау үшін айқындалған адамның әрекетке қабілеттілігі туралы мәліметтер жеке басты куәландыратын құжат бойынша (ЖТМД ақпараттық жүйесінде) тексеріледі;

психикалық денсаулық сақтау орталығында есепте тұру факті­сі­нің болмауы туралы мәлімет­тер.

Күтімді жүзеге асыратын адам­­ға жәрдемақы кәмелетке толма­ған жағдайда, ол заңды кү­шіне ен­ген сот шешімі бойынша әрекетке қабілетсіз немесе әре­кет қабілеті шектеулі деп таныл­ғанда, психи­ка­лық саулық сала­сында меди­ци­налық көмек көр­сететін ұйымда есепте тұрған­дарға, бірінші топ­та­ғы мүмкіндігі шектеулі жан то­лық мемлекеттің қарамағында бол­ған жағдайда тағайындал­май­ды.

Сондай-ақ баланың денсау­лы­ғы­ның бұзылу және тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесін ескере отырып, заңда 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мү­гедектік топтары бойынша бө­лу көзделген. Бұл шара көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеу­меттік көмекті, оның ішінде бала­лар ауруының ауырлық дәре­жесіне қарай жәрдемақылар мөл­шері бөлігінде саралауға мүм­кіндік береді.

Бұған дейін 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға берілетін жәр­демақының мөлшері бірдей және 1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейін немесе 48023 теңгені құрайтын. Енді 7 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедек балалардың жәрдемақы мөлшері 16,7 пайыздан 37 пайыз­ғаға дейін ұлғайтылды. І топтағы мүмкіндігі шектеулі бала – 1,92 ең төменгі күнкөріс деңгейін немесе 65860 теңге, ІІ топтағы бала – 1,59 ең төменгі күнкөріс деңгейін немесе 54541 теңге, ІІІ топтағы бала өзгеріссіз, яғни 1,4 ең тө­мен­гі күнкөріс деңгейін немесе 48023 теңге мөлшерінде жәрдем­ақы алатын болады.

Сонымен қатар зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға да өзгеріс енгізілді. Егер бұған дейін зейнетақы төлемдерін тағайын­дау кезінде еңбек өтіліне 16 жас­қа дейiнгi мүгедек баланы бағып-күткен уақыт алынса, енді еңбек өтіліне 18 жасқа дейiнгi мүгедек баланы бағып-күткен уақыт алынатын болады.

Сондай-ақ жаңа заңда мүге­дек­тігі және асыраушысынан айы­рылу жағдайы бойынша жәрдем­ақыларды қатар алу құқығын бе­ру көзделген. Бұған дейін мүге­дек­тігі бар балалар мүгедектігі не­месе асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақының біреуін ғана алатын. Яғни таңдауы бо­йын­ша тек бір ғана жәрдемақы тө­ленетін. Бұл өзгеріс асыраушы­сы­нан айырылған және мүмкіндігі шек­теулі балалары бар отбасы­лардың табысын арттыруға мүм­кіндік береді.

Гүлбақыт МАНАБАЕВА,

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp