«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЫРҚАТТАНҒАНДАР ТЫМ КӨП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс қазан айының 2-нен бері “қызыл” аймақта. Коронавирус жұқтыру көрсеткіші бойынша елімізде бірінші орында келеді. Пандемия басталғалы өңірде 30,5 мың адам қауіпті инфекциямен ауырған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Солтүстік Қазақстан облысында коронавирустық инфекцияның таралуы және вакцинация барысы және қазіргі жағдай туралы өткен брифингте айтылды.

14 қарашада КВИ жұқтырудың 141 жағдайы тіркелді, оның 132-сінде немесе 93 пайызында ауру белгілері бар.

– Соңғы 2 аптада облыста 2143 сырқат тіркелді. Ауру алдындағы екі аптамен салыстырғанда 2071-ден 2143-ке артқан. Соның ішінде Петропавлда ауыру 1,4 есеге, 666-дан 953-ке дейін өсті, – деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.

Жақында өңірде 12 және одан жоғары жастағы жасөспірімдерге, жүкті және бала емізетін әйелдерге екпе егу басталады. “Бастапқы кезеңде КВИ-ға қарсы профилактикалық екпе салу 16 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдерден басталады. Одан кейін кезекпен басқа жас топтарындағы жасөспірімдер – 15, 14, 13 және 12 жастағылар кезекпен егіледі. Қазақстанда жасөспірімдерді егу ерікті түрде және олардың ата-аналары мен заңды өкілдерінің келісімімен ғана жүргізіледі, – дейді облыстың бас санитар дәрігері.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Аймановтың айтуынша, “Pfizer” компаниясының вакцинасын өңірде 42705 адамға егу жоспарланған.

– Қазіргі уақытта денсаулық сақ­тау басқармасы білім басқарма­сының көмегімен ата-аналардың, балалардың заңды өкілдерінің, жүкті және емшекте баласы бар әйелдердің вакцинацияға көзқа­ра­сын біліп жатыр. Екпе салды­ра­тындардың тізімі жасалады. Әр ем­ханада осы санатқа жататын­дар­ға арналған бөлек екпе пункті құрылады. Сондай-ақ мектеп­тер­де көшпелі екпе пункттері жұмыс істейді, – дейді Нұрлан Айманов.

11 қараша күні өңірге “Pfizer” ком­паниясының 33 мың дана вак­цинасы жеткізілді. Бірер күнде ек­пе егу басталмақ. Қазіргі уақытта өңірде 14 бала стационарда, 158 бала амбулаторлық ем алып жа­тыр. 646 жүкті әйел вирус жұқты­рып, емделіп шыққан. 38 жағдай­да болашақ ананың өмірін сақтап қалу үшін жүктілікті ерте кезеңде тоқтатуға тура келген. Өкінішке қа­рай, дәрігерлер үш сәбидің өмірін сақтап қала алмады. “Әлі күнге дейін қоғам коронавирустың емі жоқ екенін түсінбейді. Бұл инфек­ция емделмейді. Біз тек оның белгілерімен күресеміз. Біз сыр­қат­тарды стационардан шығар­ған­нан кейін де олардың жағдайы бір жылға дейін дұрысталмайды. Бірақ мұны отбасында корона­вируспен ауырғандар болмаса, көз­бен көрмесе көбі түсінбейді. Қа­уіпті инфекция, ең алдымен, өк­пені зақымдайды. Ал ол – адам ағ­засындағы өмір сүруге аса қажет негізгі органдардың бірі”, – дейді Нұрлан Айманов.

Облыста қазіргі уақытта вакци­наның бірінші компонентін 255 мың адам алды, бұл жоспардың 69 пайызы. Толық курстан 238 мыңнан астам адам өтті. Әлі де 115 мыңнан астам адам екпе алуы қажет. Олардың басым бөлігі – 60 жастан асқандар.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp