«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨСИЕТІҢІЗГЕ АДАЛМЫЗ, АРДАҚТЫ АҒА!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елiмiздiң Тәуелсіздік алған күнінен бастап жаңаша тарихтың ту ұстаушысы болған Манаш Қозыбаев елін сүйген адал азамат, ұлттық зиялы қауымның озық ойлы өкілі, терең білімді ғалым, батыл пiкiр бiлдiрген оқымысты еді.

Манаш Қозыбаев еліміз Тәуелсіз­дік алғаннан кейін отандық тарих ғылымының жаңа бағытын, әдістемелік нұсқасын белгілеп берді. Тоталитарлық, коммунистік тәртіптің ұранымен қалыптасып қалған сүреңсіз, кедей тарихы бар қазақ ұлтының көп ғасырлардағы тіршілігі мен мемлекеттік құрылысын жаңаша танытуға біздің осы Мәкең бас болған еді. Бұл тұрғыда ол алғаш рет Алматыдағы ғылыми-теориялық конференцияда: “Егеменді мемлекет ретінде Қазақ КСР-ның территориялық тұтастығы тұғырнамасының теориялық-методологиялық аспектілері” деген тақырыпта баяндама жасады. Қазақстан тарихшыларының алдағы iзденiстерiне ғылыми бағдар берген осы баяндамасында ол тарихшылардың жаңа буынының бетін ұлт мүддесіне бұрды. Қызбалыққа салынбай, салқынқанды, сабырмен жасалған осы баяндаманың ғылыми терендігі, қазақ халқының арғы-бергі тарихын кең әрі жан-жақты баяндағаны, егемендік тұрғысынан терең талдағаны әлі есімізде.

Манаш Қабашұлы Қазақстан тарихын мектептен бастап оқытудың сапасын көтеру, тарихи оқиғалар мен құбылыстарды зерттеп, талдау үстінде ұлттық сананы сергітіп, отансүйгіштікке тәрбиелеу қажеттігін үнемі көрсетіп отыратын. Мысалы, бiздiң университетте өткен бір үлкен конференцияға катысып, баяндама жасады. Сонда Мәкең жастарға қарап тұрып былай деген еді: “Біздің қазақ халқының тарихы – ХХ ғасырда, тіпті одан әрі “Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұламадан” берi көздің жасымен, жүректің қанымен жазылған тарих. Бір ғасырдың өзiнде бiздiң халық бiрнеше нәубетті бастан кешті. Әсіресе қазақ халқы 1916 жылы бір қансырады. Тек қана Жетісу өңірінде 4 мыңға жуық адам Қытай шекарасынан өтiп, атамекенінен алыста аңырап күн кешті. Ал 1921-22 жылдары 2 млн. 300 мың адам аштыққа ұшырады”.

Сонау бір алмағайып нәубетті жылдарда жазықсыз жапа шегіп, қаза болған азаматтардың есімін ұрпақтарына қайтарудың бір жолы ретінде әр облыс пен аймақта “Азалы кітаптар” құрастыру жөніндегі М.Қозыбаевтың ұсынысы бүкіл елiмiзде кең қолдау тауып, көп жұмыстар атқарылды. “Біздің бостандығымыз үшін, біздің азаттығымыз үшін күрескен әрбір азамат бүгінгі және келер ұрпақтың мәңгі жадында болу керек. “Өлі разы болмай, тірі байымайды” деген. Сондықтан елдігіміз, егемендігіміз үшін күрескен ерлерге әрқашан дұғамызды оқып, құрмет көрсетуге борыштымыз”, – деп отырушы еді Манаш Қабашұлы. Бүгінгі ұрпақ ғалымның дуалы аузынан шыққан осы аманатты орындап келе жатыр. Оған біз күн сайын куәміз.

Манаш Қабашұлының ғалым ретіндегі өзгелерден ерекше, өзіміз көрген, куә болған қасиеті – әрбір ортаға сүйкімді, ақынжанды, алғыр адам болғанын атап ету парыз. Ғылым әлемi дәлдікке, тек қана нақты деректерге сүйенген салқынқанды прозаға тән екенiн әркім біледі. Ал ел тағдыры, жер қайғысы, Тәуелсіздік, жарқын болашағымыз туралы сөз болғанда Макең жарқырап, жалыңдап кетуші еді. Оның тақталап түсіп отыратын тақпақтай көсемсөзі, ақсақал абыздай ұлағатты өнеге-өсиеті әлі құлағымызда. Сол бір кездерде Манаш ағамыз ту байлап, жауға шапқан қазақ батырларындай асқақ көрінуші еді. Бәріміз сол Манашқа ұқсағымыз келетін. Қазiр қарап отырсақ, оның өмiрiнiң соңғы он жылында ғана жарық керген оннан аса монография мен жинақтың, екі жүздей мақаланың өне бойындағы жаңалықтар қаншама? Сонын бәрі, айталық, Жалаңтөс батырдан Абылай ханға дейін, Шоқаннан Ахмет пен Мағжанға дейін, тіпті бүгінгі замандастарына арнаған мақалалары таңғы шықтай мөлдір сезімге толы. Тарих қойнауынан тауып алған сирек маржандай қымбат, бүгінгі ұрпаққа бабалар заманынан жеткен касиетті қобыз үніндей естiледi. Оның Отан туралы толғау деп атауға тұрарлық ғылыми мақалаларының тақырыптары мынадай болып келетін: “Ата тарихы туралы сыр”, “Халқым, қайда барасың?”, “Қандай елміз, қандай болуға тиіспіз?”, “Батыр ел қорғаны”, “Сөз түйіні – ел тағдыры”, “Ұлттың ұяты мен мияты” тағы сол сияқты. Бұл тұрғыда Манаш ағамыз Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Мұхаметжан Тынышбаевтың, беріде Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұлан мектебінің талантты шәкiртi, лайықты ізбасары ретiнде көрiндi. Алғыр ойлы азамат, алмас тiлдi шешен, қандай тақырыпқа сөз бастаса да елім, жерім деп соққан жүрегінің лүпiлiмен үндес сөйлейтін.

Манаш Қозыбаев туралы айтар сөз көп. Оның бай мұрасы, артында қалған саналы ұрпақтың зерделеп оқуына, зерттеуіне, таңданып мақтан тұтуына әбден лайық. Ғалым есiмiн иеленген университетiмiзде жыл сайын алғашқы сабақтар Манаш Қозыбаевтың ғылыми мұрасына арналады. Болашақ тарихшылар “Манаштану” деген арнайы курс тыңдап, академиктің өмір жолына, зерттеушілік – ұстаздық қызметіне, ғылыми-әдістемесіне, публицистикасына ден қояды. Сөз жоқ, ұлан-байтақ еліміздiң көптеген мектептерi мен жоғары, орта оқу орындарында Манаш Қозыбаев есiмiне қатысты, оның еңбектері туралы күн сайын айтылып жатады. Өйткені ғалымның сөзі дананың хатындай, әркімге қажет, жанына жақын әрі түсінікті.

Сөзімізге арқау болған қазақтың даңқты азаматы Манаш Қабашұлының өмірі мен қызметі бүгінгі ұрпаққа өнеге. Ғалымның өзі өмірінің соңында айтып кеткен мына бір сөздерін тағы бір еске алсақ, артық болмас еді: “…Өмірге, ғылымға, ортаға масыл болғаным жоқ. Есімім, еңбегім шартарапқа танылды. Ортама сыйлымын, халқыма қалаулымын, еңбекте дүбірлі, түбірлі қауымның ортасындамын. Шүкір, тоба, қанағат етемін. Елмен бірге аман болайық, қолдан келсе нар болайық”.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,

Қазақстан Жоғары мектебі ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp