Ғасырлар қойнауына тереңдеп үңілген сайын саф алтындай жарқырып ұлттың баға жетпес қазыналары шыға беретіндей. Тағдыры тәлкекке түскен қазақ халқы не бір соқтықпалы соқпақтар мен тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, ғасырлар төрінен орын алатындай жауһарларын ұрпағына қалдырып кеткені де шындық. Сол сарқылмас қазынадай бабалар аманатын, ғұламалық асыл дүниесін болашаққа жеткізу – бүгінгі ұрпақтың парызы.
Кей-кейде сол бабалардың бүгінгі ұрпағы баға жетпес дүниелерге бейжәй қарайтындай көрінеді. Әйтпегенде егемендік алғанымызға 30 жыл толса да өз ұлтының отыз ауыз сөзін үйренбей, тіпті сол ана тілінде сөйлеуге арланатын ұрпақтар қатары көбеймес еді ғой. Керісінше, басқа ұлттың салт-дәстүрлерін аңсап, бүйректері сол жаққа бұрып тұратын ағайындар саны өсер ме еді? Әсіресе ұстаздар қауымының, орта буын қыз-келіншектер мен жігіттердің өзара өзге тілде сөйлеуінің өзі мәдениетсіздік пен санасыздық деуге келетін шығар.
Ұлт педагогикасын сөз еткенде, қазақ педагогикасының тарихына, оның тәлім-тәрбиесінің қалыптасуы басты назарда болуы заңды. Ұлттық білімнің дамуына ерте дәуірден бері көптеген ұлы тұлғалар үлес қосып, мол мұра қалдырғанын байқаймыз. Жалпы қазақ даласында оқу-ағарту ісіне ерте заманнан ерекше көңіл бөлінгені белгілі. Орта ғасырлық ағартушы ғұламалар арасынан Әбу Насыр әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Игүнеки, Қожа Ахмет Яссауи, Хорезми және тағы басқаларды атауға болады. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақтың жазба әдебиеті мен ұлттық тәлім-тәрбиесін қалыптастыруда А.Құнанбаев, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин еңбектерінің тарихи маңызы зор. Ал ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде игі істі Ә.Диваев, Ш.Құдайбердиев, Ғ.Қарашев, С.Көбеев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Ә.Бөкейханов, М.Жұмабаев жалғастырып, ұлттық педагогика ғылымының қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Олардың есімдері еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін ғана қайта оралды.
XIX ғасырдың екінші ширегінде сол замандағы ұлт зиялылары елді аман сақтап қалудың бірден-бір жолы – оқу, халықтың сауатын ашу екенін түсінді. Осы істе қазақтан шыққан ғұлама ұстаз Ы.Алтынсариннің еңбегі шексіз. Ол сол кездегі білім беруді ғылыми, жүйелі жолға қоя білді. Мектептер ашты, оқулықтар жазды, қазақ халқын оқу-білімге шақырды. Ы.Алтынсариннің озық ойлары мен ілімдері өзінен кейінгі қазақ ағартушыларына үлгі, өнеге, жол бастаушы шамнан жағылған шырақ болды.
Балаға жылы көзқарас білдіру, ұстазбен шәкірт арасындағы жылы қарым-қатынас, ынтымақтастық ұстанымдары Ыбырай Алтынсариннен бастау алады. Бұл өз кезегінде сол замандағы Еуропа елінің гуманистік педагогика өкілдері Ж.Ж. Руссо, Я.Коменский, И.Г.Песталоций және тағы басқаларының ілімдерімен сабақтас еді. Бабалар ілімдерінің үндестігін сөз еткенде, ұрпақтар сабақтастығын айтпай кетуге болмайды. ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарында қазақ зиялылары осы Ыбырай педагогикасы мен ілімдерін негізге ала отырып, жаңа ұлт педагогикасын жасақтады. Солардың бірі – қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушы-педагог Мағжан Жұмабаев еді. Ол көп уақытын бала оқыту, оқулықтар жазуға арнады. 1922 жылы шығарған “Педагогика” оқулығының құндылығы бүгінгі күнге дейін өзекті. Онда Ы.Алтынсариннің ілімдерін басшылыққа ала отырып, пәндерді оқытуда қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін ескеріп, сабақта пайдалану, дамыта оқыту, бала қиялын, фантазиясын өсіру, өзіндік ойлау процесіне ерекше мән берудің қажеттілігін меңзейді. Мағжанды Ыбырай Алтынсариннен кейінгі қазақ педагогикасының негізін қалаушылардың бірі деп айтуымызға әбден болады. Осы орайда Мағжанның: “Баланы заманына лайық ете отырып, оқыту керек”, – деген сөзі бүгінгі күн үшін айтылғандай-ақ.
Ыбырай Алтынсарин мен Мағжан Жұмабаевтың педагогикалық өмір жолдары өте ұқсас. Мағжан да Ыбырай сияқты өз өлең-жырларымен қазақ халқын оқу-білімге шақырды. Оқу-әдістемелік құралдар жазып таратты, балаларды оқытты, мұғалімдерді даярлады, ұстаз болды, сабақ берді. Мәселен, 1920 жылы маусымда Петропавлда бастауыш мектеп мұғалімдері үшін қысқамерзімді курс ұйымдастырып, сол курстың жетекшісі әрі мұғалімі болғаны тарихтан белгілі. Курс Романовтар үйінде (қазіргі механикалық колледждің ғимараты) орналасқан еді. Курсқа Ақмола губерниясынан бастауышта сабақ беретін 320 мұғалім жиналған. Араларында С.Мұқанов, Б.Ізтөлин болған.
Соңғы кезде Ыбырай Алтынсаринді сынайтындар да табылып жүр. Орысшыл, діннен қашық, кириллицаны енгізді деп айыптайды. Бұл – қате пікір. Ыбырайдың Ильминскиге жазған хатында: “Кириллицаны енгізіп отырған себебім, қазақ тілін татар тілінен арылтып, таза қазақ тілін қалыптастырғым келгені”, – деп айтады. Мағжан да: “Қазақтың өз тілі, өз әдебиеті, өз мектебі, оқулығы болуы керек. Біз еліктеуге дайын тұратын халықпыз, одан арылуымыз керек”, – деген ойларды айтқан болатын. Шын мәнінде, қазір шетел педагогикасына еліктеу, көрінген бағдарламаларды, оның ішінде басқа тілдерді оқыту өз ана тіліне шорқақ халықтың мәселесін одан сайын күрделендіргені жасырын емес.
Қазір кейбір жерлерде Мантессори не болмаса басқа шетелдік педагогикаға әуестену күшеюде. Сонда, әлем ойшылдары құрмет тұтып, бас иген қазақ халқының ғұламаларының тәрбие туралы ілімдері Мантессори ілімінен төмен болғаны ма? Өзге ұлттың тәрбиелік ілімдерін бала тәрбиесіне енгізген шала сауатты “даналар” өз ұлтының ұлы қасиеттерінен керең екендігін көрсетсе керек. Қазақ халқы бағзы заманнан бері тәрбие проблемаларын өзінің өзекті істерінің бірі деп санап келеді. Бұл мәселеге байланысты ой қозғап, қалам тартпаған адам кемде-кем. Әсіресе ұрпақ тәрбиесінде қазақ халқынан асар ұлт көп те емес. Игүнеки, Баласағұн, әл-Фараби, Яссауи, Абай және басқа да ғұламалардың бала тәрбиесіндегі ойлары мәңгілік және ешкімнің ілімінен кем емес. Осыларды оқып, үйрену бүгінгі күнгі мектептің басты мақсаты болуы керек.
Жаһандану барысында шетелге әуестенбей, ұлттық тәрбиеге, халық педагогикасына, этнопедагогикаға көп көңіл бөлу керек. Кезінде Ыбырай атамыз балаларды еңбекпен тәрбиелеуді алдыңғы қатарға қойған ғой. Жалпы ұлттық педагогиканы балабақшадан бастап, жоғары оқу орнына дейін жүйелі түрде оқыту қажет. “Мағжантану”, “Ыбырайтану” пәндерін енгізген жөн. Бізге жеткен ұлы бабалардың ілімдерін аяқасты қылмай, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру парыз. Мағжан: “Бір елдің тағдыры мектебінің құрылысына байланысты. Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуына, мектебінің қандай негізге құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді қазақ жанына қабысатын, үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады”, – дейді. Өкініштісі сол, көрінген реформаларды алға тартып, балалардың басын қатырып, бір емес бірнеше тілді тыққылау арқылы ұлттық оқу үрдісін жоғалтудамыз. Бұл ешқандай жақсылыққа әкелмейтіні шындық.
Бүгінгі таңда Батыс пен Шығыстың, Еуропа мен Азияның идеологиясы қайшылығының кезеңінде өзіміздің ұлттық педагогикамызды қалыптастыру ең өзекті мәселе. Әр нәрсеге еліктегіш келетін жастарды батыстың бейресми мәдениетінен, моральдық азғындаушылық іс-әрекетінен аман алып қалудың бірден-бір жолы – ұлтымыздың тарихы мен халықтық педагогикасы. Жастарды тәрбиелеуде қолданылатын ең басты тәрбие құралының бірі, біздің пайымдауымызша, халықтық тәрбие көздері. Ол үшін тәрбиенің әдіс-тәсілдерін білу, оны тиісті дәрежеде пайдалану үлкен шеберлікті талап етеді. Осы тұрғыдан келгенде, бабаларымыздың педагогикалық ілімдерін басшылыққа алғаннан ұтарымыз көп.
Ы.Алтынсариннің педагогикалық ілімдерінің өміршеңдігі неде десек, оның ілімдерінің халықтық, ұлттық нақышында жатыр. Ендеше содан айырылып қалмауымыз керек. Діни ұстанымның да өз орны бар. Мәселен, Мағжан діни сезімдер туралы былай деп сөз қозғаған: “Дін сезімдері күшті адам, яғни тәңірінің барлығына, құдіретіне сеніп, оның махаббатын алуға, қаһарына ұшырамауға ұмтылатын адам өмір бойы ізгілікке ұмтылып, жауыздықтан безбек, – деп пайымдай келе: Ізгілікті сезіну адамның жаратылысынан табиғатына берік байланған нәрсе. Адамды сыйлап істеген ізгілік риза болса, тәңірін сыйлап істеген ізеттілік те риза. Адам дүние ісін идеал үшін істесін. Ал идеал құлық тәрбиесінің биік нысаны, қол жетілудің нәтижесі, қорытындысы”, – деп тұжырымдайды. Демек, бүкіл тәрбиені коммунистік соқыр сенімге, яғни құдайсыздық идеясына бағындыруды көздеген кеңес өкіметінің толық үстемдік алған кезеңінде жазылған бұл еңбегінде педагог-ғалым үлкен батылдық көрсетіп отыр. Діни сезім адамды мейірімділікке тартып, жауыздықтан бездіруге тәрбиелемек. Мағжан бұл жерде осы мәселеге діндар болғандықтан ерекше көңіл бөліп отырған жоқ. Ол діни сезімді бала тәрбиесі тұрғысынан, соған қажетті тәрбие құралының бірі болғандықтан, аса байыптылықпен қарастырып отырғаны байқалады.
Бүгінгі жас ұрпақты ұлттың ұлы ұлдарының, оның ішінде Ыбырай Алтынсарин мен Мағжан Жұмабаевтың үлгісінде оқытып, тәрбиелеу – қазіргі заманның алға қойып отырған міндеттерінің бірі болса керек. Даналық сөздің ойшылы Эпикур: “Дүниенің ең тамаша туындысы – тамаша тәрбие алып шыққан адам болып табылады”, – дейді. Сондықтан да ертеңгі күніміздің көлеңкесіз жарық болуын ойласақ, бала тәрбиесіне бейжай қарамауымыз қажет. Олай болса, ұстаз алдындағы басты міндет – дүниежүзілік мәдениетті танып, ұлттық төл мәдениетті қастерлей білетін, рухани жан дүниесі бай, ой-өрісі дамыған, жоғары білімді, заман талабына сай белсенді ұрпақ тәрбиелеу. Бұл іс терең тарих қойнауындағы бабалар ілімін басшылыққа алғанда ғана өміршең болмақ.
Сабыр СЕҢКІБАЕВ,
педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор.