«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАБАЛАР ІЛІМІ АДАСТЫРМАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ғасырлар қойнауына тереңдеп үңілген сайын саф алтындай жарқырып ұлттың ба­ға жетпес қазыналары шыға беретіндей. Тағдыры тәлкекке түскен қазақ халқы не бір соқтықпалы соқпақтар мен тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, ғасырлар төрінен орын ала­тындай жауһарларын ұрпағына қал­дырып кеткені де шындық. Сол сарқылмас қазынадай бабалар аманатын, ғұламалық асыл дүниесін болашаққа жеткізу – бүгінгі ұрпақтың парызы.

Кей-кейде сол бабалардың бүгінгі ұр­пағы баға жетпес дүниелерге бейжәй қа­райтындай көрінеді. Әйтпегенде егемендік алғанымызға 30 жыл толса да өз ұлтының отыз ауыз сөзін үйренбей, тіпті сол ана ті­лін­де сөйлеуге арланатын ұрпақтар қатары көбеймес еді ғой. Керісінше, басқа ұлттың салт-дәстүрлерін аңсап, бүйректері сол жаққа бұрып тұратын ағайындар саны өсер ме еді? Әсіресе ұстаздар қауымының, орта буын қыз-келіншектер мен жігіттердің өз­ара өзге тілде сөйлеуінің өзі мәдениетсіздік пен санасыздық деуге келетін шығар.

Ұлт педагогикасын сөз еткенде, қазақ пе­дагогикасының тарихына, оның тәлім-тәр­биесінің қалыптасуы басты назарда болуы заңды. Ұлттық білімнің дамуына ерте дә­уірден бері көптеген ұлы тұлғалар үлес қо­сып, мол мұра қалдырғанын байқаймыз. Жал­пы қазақ даласында оқу-ағарту ісіне ерте заманнан ерекше көңіл бөлінгені бел­гілі. Орта ғасырлық ағартушы ғұламалар арасынан Әбу Насыр әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Игүнеки, Қожа Ахмет Яссауи, Хорезми және тағы басқаларды атауға болады. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақтың жазба әдебиеті мен ұлттық тәлім-тәрбиесін қа­лып­тастыруда А.Құнанбаев, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин еңбектерінің тарихи маңы­зы зор. Ал ХХ ғасырдың алғашқы шире­гін­де игі істі Ә.Диваев, Ш.Құдайбердиев, Ғ.Қа­рашев, С.Көбеев, М.Дулатов, Ж.Аймауы­тов, Ә.Бөкейханов, М.Жұмабаев жалғасты­рып, ұлттық педагогика ғылымының қалып­тасуына көп еңбек сіңірді. Олардың есім­дері еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін ғана қайта оралды.

XIX ғасырдың екінші ширегінде сол за­ман­­дағы ұлт зиялылары елді аман сақтап қалудың бірден-бір жолы – оқу, халықтың са­уатын ашу екенін түсінді. Осы істе қазақ­тан шыққан ғұлама ұстаз Ы.Алтынсариннің еңбегі шексіз. Ол сол кездегі білім беруді ғылыми, жүйелі жолға қоя білді. Мектептер ашты, оқулықтар жазды, қазақ халқын оқу-білімге шақырды. Ы.Алтынсариннің озық ойлары мен ілімдері өзінен кейінгі қазақ ағартушыларына үлгі, өнеге, жол бастау­шы шамнан жағылған шырақ болды.

Балаға жылы көзқарас білдіру, ұстазбен шәкірт арасындағы жылы қарым-қатынас, ынтымақтастық ұстанымдары Ыбырай Ал­тынсариннен бастау алады. Бұл өз кезегін­де сол замандағы Еуропа елінің гуманистік педагогика өкілдері Ж.Ж. Руссо, Я.Ко­мен­ский, И.Г.Песталоций және тағы басқала­ры­ның ілімдерімен сабақтас еді. Бабалар ілімдерінің үндестігін сөз еткенде, ұрпақтар сабақтастығын айтпай кетуге болмайды. ХХ ғасырдың 20-30-шы жылда­рын­да қазақ зиялылары осы Ыбырай педа­гогикасы мен ілімдерін негізге ала отырып, жаңа ұлт педагогикасын жасақтады. Со­лар­дың бірі – қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушы-педагог Мағжан Жұмабаев еді. Ол көп уақытын бала оқыту, оқулықтар жа­зуға арнады. 1922 жылы шығарған “Педаго­гика” оқулығының құндылығы бүгінгі күнге дейін өзекті. Онда Ы.Алтынсариннің ілім­дерін басшылыққа ала отырып, пәндерді оқы­туда қазақ халқының ұлттық ерекше­лік­терін ескеріп, сабақта пайдалану, дамыта оқыту, бала қиялын, фантазиясын өсіру, өзін­дік ойлау процесіне ерекше мән беру­дің қажеттілігін меңзейді. Мағжанды Ыбы­рай Алтынсариннен кейінгі қазақ педагоги­касының негізін қалаушылардың бірі деп айтуымызға әбден болады. Осы орайда Мағжанның: “Баланы заманына лайық ете отырып, оқыту керек”, – деген сөзі бүгінгі күн үшін айтылғандай-ақ.

Ыбырай Алтынсарин мен Мағжан Жұ­мабаевтың педагогикалық өмір жолдары өте ұқсас. Мағжан да Ыбырай сияқты өз өлең-жырларымен қазақ халқын оқу-бі­лімге шақырды. Оқу-әдістемелік құралдар жазып таратты, балаларды оқытты, мұға­лім­дерді даярлады, ұстаз болды, сабақ бер­ді. Мәселен, 1920 жылы маусымда Пет­ро­павлда бастауыш мектеп мұғалімдері үшін қысқамерзімді курс ұйымдастырып, сол курстың жетекшісі әрі мұғалімі болғаны та­рихтан белгілі. Курс Романовтар үйінде (қа­зіргі механикалық колледждің ғимараты) ор­наласқан еді. Курсқа Ақмола губерниясы­нан бастауышта сабақ беретін 320 мұғалім жиналған. Араларында С.Мұқанов, Б.Ізтө­лин болған.

Соңғы кезде Ыбырай Алтынсаринді сы­найтындар да табылып жүр. Орысшыл, дін­нен қашық, кириллицаны енгізді деп айып­тайды. Бұл – қате пікір. Ыбырайдың Иль­минскиге жазған хатында: “Кириллицаны енгізіп отырған себебім, қазақ тілін татар ті­лінен арылтып, таза қазақ тілін қалыптас­тырғым келгені”, – деп айтады. Мағжан да: “Қазақтың өз тілі, өз әдебиеті, өз мектебі, оқулығы болуы керек. Біз еліктеуге дайын тұ­ратын халықпыз, одан арылуымыз ке­рек”, – деген ойларды айтқан болатын. Шын мәнінде, қазір шетел педагогикасына елік­теу, көрінген бағдарламаларды, оның ішінде басқа тілдерді оқыту өз ана тіліне шорқақ халықтың мәселесін одан сайын күрделендіргені жасырын емес.

Қазір кейбір жерлерде Мантессори не болмаса басқа шетелдік педагогикаға әуестену күшеюде. Сонда, әлем ойшыл­да­ры құрмет тұтып, бас иген қазақ халқының ғұламаларының тәрбие туралы ілімдері Мантессори ілімінен төмен болғаны ма? Өзге ұлттың тәрбиелік ілімдерін бала тәр­биесіне енгізген шала сауатты “даналар” өз ұлтының ұлы қасиеттерінен керең екендігін көрсетсе керек. Қазақ халқы бағзы заман­нан бері тәрбие проблемаларын өзінің өзекті істерінің бірі деп санап келеді. Бұл мә­селеге байланысты ой қозғап, қалам тарт­паған адам кемде-кем. Әсіресе ұрпақ тәр­биесінде қазақ халқынан асар ұлт көп те емес. Игүнеки, Баласағұн, әл-Фараби, Яс­сауи, Абай және басқа да ғұламалардың бала тәрбиесіндегі ойлары мәңгілік және еш­кімнің ілімінен кем емес. Осыларды оқып, үйрену бүгінгі күнгі мектептің басты мақсаты болуы керек.

Жаһандану барысында шетелге әуес­тен­бей, ұлттық тәрбиеге, халық педагоги­касына, этнопедагогикаға көп көңіл бөлу керек. Кезінде Ыбырай атамыз балаларды еңбекпен тәрбиелеуді алдыңғы қатарға қой­ған ғой. Жалпы ұлттық педагогиканы ба­лабақшадан бастап, жоғары оқу орнына де­йін жүйелі түрде оқыту қажет. “Мағжанта­ну”, “Ыбырайтану” пәндерін енгізген жөн. Бізге жеткен ұлы бабалардың ілімдерін ая­қасты қылмай, оны ұрпақтан-ұрпаққа жал­ғас­тыру парыз. Мағжан: “Бір елдің тағдыры мектебінің құрылысына байланысты. Қа­зақтың тағдыры, келешекте ел болуына, мектебінің қандай негізге құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді қазақ жанына қа­бы­сатын, үйлесетін негізде құра білсек, келе­шегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге бола­ды”, – дейді. Өкініштісі сол, көрінген ре­фор­маларды алға тартып, балалардың басын қа­тырып, бір емес бірнеше тілді тыққылау ар­қылы ұлттық оқу үрдісін жоғалтудамыз. Бұл ешқандай жақсылыққа әкелмейтіні шындық.

Бүгінгі таңда Батыс пен Шығыстың, Еу­ро­па мен Азияның идеологиясы қайшы­лы­ғының кезеңінде өзіміздің ұлттық педагоги­камызды қалыптастыру ең өзекті мәселе. Әр нәрсеге еліктегіш келетін жастарды ба­тыстың бейресми мәдениетінен, мораль­дық азғындаушылық іс-әрекетінен аман алып қалудың бірден-бір жолы – ұлты­мыздың тарихы мен халықтық педагогика­сы. Жастарды тәрбиелеуде қолданылатын ең басты тәрбие құралының бірі, біздің па­йымдауымызша, халықтық тәрбие көздері. Ол үшін тәрбиенің әдіс-тәсілдерін білу, оны тиісті дәрежеде пайдалану үлкен шеберлік­ті талап етеді. Осы тұрғыдан келгенде, ба­баларымыздың педагогикалық ілімдерін басшылыққа алғаннан ұтарымыз көп.

Ы.Алтынсариннің педагогикалық ілім­де­рі­нің өміршеңдігі неде десек, оның ілім­де­рінің халықтық, ұлттық нақышында жа­тыр. Ендеше содан айырылып қалмауы­мыз керек. Діни ұстанымның да өз орны бар. Мәселен, Мағжан діни сезімдер тура­лы былай деп сөз қозғаған: “Дін сезімдері күшті адам, яғни тәңірінің барлығына, құді­ретіне сеніп, оның махаббатын алуға, қаһа­рына ұшырамауға ұмтылатын адам өмір бойы ізгілікке ұмтылып, жауыздықтан без­бек, – деп пайымдай келе: Ізгілікті сезіну адамның жаратылысынан табиғатына бе­рік байланған нәрсе. Адамды сыйлап істе­ген ізгілік риза болса, тәңірін сыйлап істеген ізеттілік те риза. Адам дүние ісін идеал үшін істесін. Ал идеал құлық тәрбиесінің биік ны­саны, қол жетілудің нәтижесі, қорытынды­сы”, – деп тұжырымдайды. Демек, бүкіл тәрбиені коммунистік соқыр сенімге, яғни құдайсыздық идеясына бағындыруды көздеген кеңес өкіметінің толық үстемдік алған кезеңінде жазылған бұл еңбегінде педагог-ғалым үлкен батылдық көрсетіп отыр. Діни сезім адамды мейірімділікке тар­тып, жауыздықтан бездіруге тәрбиелемек. Мағжан бұл жерде осы мәселеге діндар болғандықтан ерекше көңіл бөліп отырған жоқ. Ол діни сезімді бала тәрбиесі тұрғысы­нан, соған қажетті тәрбие құралының бірі болғандықтан, аса байыптылықпен қарас­тырып отырғаны байқалады.

Бүгінгі жас ұрпақты ұлттың ұлы ұлдары­ның, оның ішінде Ыбырай Алтынсарин мен Мағжан Жұмабаевтың үлгісінде оқытып, тәрбиелеу – қазіргі заманның алға қойып отырған міндеттерінің бірі болса керек. Даналық сөздің ойшылы Эпикур: “Дүниенің ең тамаша туындысы – тамаша тәрбие алып шыққан адам болып табылады”, – дей­ді. Сондықтан да ертеңгі күніміздің көлең­кесіз жарық болуын ойласақ, бала тәрбие­сіне бейжай қарамауымыз қажет. Олай болса, ұстаз алдындағы басты міндет – дүниежүзілік мәдениетті танып, ұлттық төл мәдениетті қастерлей білетін, рухани жан дүниесі бай, ой-өрісі дамыған, жоғары білімді, заман талабына сай белсенді ұрпақ тәр­биелеу. Бұл іс терең тарих қойнауын­дағы бабалар ілімін басшылыққа алғанда ғана өміршең болмақ.

Сабыр СЕҢКІБАЕВ,

педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp