Облыс полицейлері тұрмыстық зорлық-зомбылық пен нашақорлықтың алдын алуға ерекше екпін береді. Жақында үкіметтік емес ұйымдармен осы саладағы өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөнінде кеңес өткізді.
– “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы аясында полиция жұмысының сервистік моделі адамдармен тікелей диалог жүргізуді, оларды толғандырған мәселелерін түсінуді, құқықтық тәртіптің жай-күйіне тікелей әсер ететін проблемаларды шешудің бастамашыл жолын көздейді, – деді кеңес отырысында облыстық полиция ведомствосының басшысы, полиция генерал-майоры Марат Төлебаев. – Бұл бағытта, әсіресе мемлекеттік органдар мен халық арасын байланыстыратын көпір ретінде үкіметтік емес ұйымдардың рөлі маңызды. Біздің бірлескен жұмысымыз нақты адамға бағытталған, көмекке мұқтаж әрбір азаматқа жетуі қажет.
Облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Иван Терзиди бүгінгі таңда нашақорлықтың алдын алуда заманауи форматтағы бейнероликтер, флешмобтар, “Instagram” желісіндегі челлендждер, “Tik-tok” және басқа да әлеуметтік желілер үлкен әсер ететінін атап өтті. Солтүстікқазақстандық полицейлер олардың тиімділігін өз тәжірибесінен біледі. Республикада алғашқы болып “Сенің таңдауың-2021” есірткіге қарсы кең ауқымды интернет-челленджін өткізді, оған 100-ден астам жас қатысты. “Жастар мәслихаты” үкіметтік емес ұйымының қолдауымен “Тұздар мен дәмдеуіштер. Ешқайда жоқ жол. 2-бөлім” деректі фильмі түсірілген. Тағы бір жарқын мысал – “Қамқор” волонтерлік ұйымымен бірлескен жұмыс. Кездесуде ұйым өкілі Екатерина Галата сөз сөйлеп, еріктілердің профилактикалық жұмыстарға, “есірткі граффитилерін” бояуға, спорттық іс-шараларды өткізуге және т.б. шараларға тұрақты қатысатыны туралы айтты.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Александр Розбах әңгіме өрбітті. Ол отбасылық-тұрмыстық қатынас саласындағы қылмыстардың саны биылғы он айдың қорытындысы бойынша 18,5 пайызға азайғанын айтты. Үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жұмыс полицейлерге зорлық-зомбылық құрбандарын өздерінің құқықтары мен оларды қорғау механизмі туралы кеңінен ақпараттандыруға жол ашады. Күн тәртібіндегі мәселе туралы “Әйелдерді қолдау орталығы” қоғамдық бірлестігінің басшысы Алина Орлова өз ойымен бөлісті. Бірлестік жанында жұмыс істейтін тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарына арналған баспанаға биылғы жылы жәбір көрген 22 әйел мен 43 бала орналастырылған.
Тәуелсіздіктің 30 жылында ішкі істер органдары жүйесінде қол жеткізген жетістіктері хақында облыстық полиция департаменті кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Александр Майер сөз сөйледі. Полиция жұмысының тиімділігін арттыру үшін тәуелсіз мемлекетіміздің құқықтық базасын қалыптастыру, полицияны тән емес функциялардан босату және жоспарлы цифрландыру аса маңызды. Қылмыстық істерді және қызмет көрсетуді электронды форматта жүргізуді енгізу, бейнебақылау жүйесін кеңінен пайдалану аса қажет. Ең бастысы, полицейлер ашықтық пен қолжетімділік принциптерін іске асыруды жетістік деп санайды. Кездесу алда болатын оныншы азаматтық форум қарсаңында өткізілді.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің аға инспекторы.