«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҮГІНГІ ЖАРНАЛАР — ЕРТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Республиканың барлық өңірлерінде дерлік шектеу шараларының сақталуына қарамастан, БЖЗҚ са­лымшыларының жеке зейнетақы шоттарына жарналар жүйелі түрде түсіп жатыр. Оларға 2020 және 2021 жылдары есептелген инвестициялық табыс өткен жылдардың көрсеткіштерінен асып түсті. БЖЗҚ салымшылар мен алушыларға өз шоттарын бақылау және басқа да зейнетақы қызметтерін алу мүмкіндігін жеңілдету үшін барынша заманауи әрі ыңғайлы қызметтерді ұсынуда. Бұл туралы Қордық Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Рамазан Мұқановпен әңгімелескен едік.

– Рамазан Жарылғасұлы, үстіміздегі жылы зей­нетақымен қамсыздандыру мәселелеріне елеулі өзгерістер енгізілді. Олардың ең бастыларына тоқ­талып өтсеңіз.

– Ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі – қа­зақстандықтардың өз жинақтарының бір бөлігін кезек күт­тірмейтін қажеттіліктерге, атап айтсақ, тұрғын үй жағ­дайларын жақсарту мен емделуге пайдалану құқығы. Сондай-ақ инвестор болу – инвестициялық портфельді бас­қарушыны таңдау және оған өзінің зейнетақы жинақ­тарының бір бөлігін аудару мүмкіндігі пайда болды. Жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану және ин­вестициялық портфельді басқарушыларға аударудың басты шарты – жинақтардың жеткіліктілік шегінен аса­тын бөлігінің болуы. Басқаша айтқанда, бұл мүмкіндікті көптеген жылдар бойы тұрақты түрде (қазақстандық жинақтаушы зейнетақы жүйесіне биыл 23 жыл толып отыр) аударымдар жасаған және жинағы зейнетақының ең төменгі мөлшерінен асатындар пайдалана алады.

Зейнетақы жинақтарының ұлғаюына және кейін оларды ұзақмерзімді пайдалануға ықпал ететін басқа да маңызды жаңалықтар бар. Мысалы, БЖЗҚ-дан төле­нетін зейнетақы төлемдері әдістемесінің, ерікті зейнет­ақы жарналарын ашу және төлеу шарттарының өзгеруі.

– Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пай­да­лану үдерісінде БЖЗҚ-ның атқаратын рөлі қан­дай?

– Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-да міндетті зейнет­ақы жарналары (МЗЖ) және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптасты­рылған зейнетақы жинақтары бар адамдар өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдай­ларын жақсарту және емделу ақысын төлеу үшін пай­далана алады, ол үшін:

– жеке зейнетақы шотындағы МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен жинақталған зейнетақы қаражатының сомасы жинақталған зейнетақы қаражатының ең аз жеткіліктілік шегінен асып түсуі тиіс. Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемінің мөлшері салымшының МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен жинақталған зейнетақы қара­жатының сомасы мен жинақталған зейнетақы қаража­тының ең аз жеткіліктілік шегі арасындағы айырма со­масынан аспауға тиіс;

– ал отставкадағы судьялар үшін зейнетақы мөлше­рі Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіп­пен айқындалатын 40 пайыздан төмен емес деңгейде алушының орташа айлық табысын алмастыру коэф­фициентін қамтамасыз етеді. Орташа айлық табысты алмастыру коэффициентін есептеу кезінде алушының зейнеткерлікке шығу күнінің алдындағы, бірақ респуб­лика бойынша орташа айлық табыстан аспайтын табы­сы ескеріледі. Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемінің мөлшері салымшының (алушының) МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтары мөлшерінің 50 пайызынан аспауға тиіс;

– сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шар­тын жасағандардың бір жолғы зейнетақы төлемінің мөл­шері салымшының (алушының) жеке зейнетақы шотта­рындағы МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен жинақ­тал­ған зейнетақы қаражатының мөлшерінен аспауға тиіс.

Ең алдымен, азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асыру үшін өздерінің зейнетақы жинақтарын тексеріп, БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотында алуға қолжетімді соманың бар екеніне көз жеткізулері тиіс. Қордың “enpf.kz” корпо­ративтік сайтындағы жеке кабинетте, сондай-ақ БЖЗҚ жаңартылған мобильді қосымшасында осы жылдың қаңтар айынан бастап алу үшін қолжетімді сома туралы ақпаратты онлайн режімінде тексеру мүмкіндігі іске асы­рылды. Зейнетақы жинақтары туралы қажетті мәлімет­терді “eGov.kz” порталы арқылы да алуға болады.

БЖЗҚ-дағы өзінің зейнетақы жинақтарын тексерген­нен кейін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында зейнетақы жи­нақтарының бір бөлігін пайдалану туралы шешім қа­был­да­ған салымшылар арнайы шот ашу және элек­трон­дық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана оты­рып, біржолғы зейнетақы төлеміне өтініш беру үшін уәкі­летті операторға интернет-портал арқылы жүгінуге тиіс.

Бұл ретте уәкілетті операторға төлем жасауға өтініш берген кезде салымшы біржолғы зейнетақы төлемі ке­зін­де жеке табыс салығын (ЖТС) төлеу тәсілін өзі таң­дауы тиіс. Яғни азаматтар БЖЗҚ-ға салықты біржолғы зейнетақы төлемі сомасынан қай уақытта ұстап қалу керектігін өздері көрсетеді. Оның екі жолы бар: бірден толық көлемде немесе кейінге қалдырылған кезеңде (зейнетақы төлемдерінің кестесі бойынша зейнетақы жасына жеткен кезде ай сайын тең үлестермен).

Уәкілетті оператор екі жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-ға электрондық хабарлама жібереді. Оны алғаннан кейін Қор 5 жұмыс күні ішінде уәкілетті операторға салым­шының (алушының) біржолғы зейнетақы төлемінің со­ма­сын аударады, ол өз кезегінде оны салымшының ар­найы шотына салады.

Біржолғы зейнетақы төлемінің сомасы уәкілетті опе­раторда ашылған салымшының арнайы шотында 45 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде болуы мүмкін. Осы мерзім ішінде уәкілетті операторға нысаналы мақсат­тарға арналған құжаттар ұсынылуы қажет. Олар көрсе­тілген мерзімде берілмеген жағдайда біржолғы зейнет­ақы төлемі салымшының БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына қайтарылады.

Биылғы 2 қарашадағы жағдай бойынша БЖЗҚ са­лым­шылардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарын пайдалануға берген 485772 өті­ні­шін орындады. Уәкілетті оператор-банктерде ашыл­ған қазақстандықтардың арнайы шоттарына 1,96 трлн. теңге аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орта­ша сомасы – 4,0 млн. теңге.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша осы кезеңде 6214 салымшы 12385 млн. теңге зейнетақы жинағын тұр­ғын үй жағдайын жақсартуға аударды. Салымшылар­дың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған бір­жолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы 2 млн. теңгені құрады.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 2021 жылғы 2 қарашаға дейін 666 салымшыға емделу төлеміне 507 млн. теңге зейнетақы жинақтары аударылды. Осы­лай­ша емделуге жіберілген біржолғы зейнетақы төлем­дері­нің орташа сомасы 0,7 млн. теңгені құрады.

– Әрине, тұрғын үй алуға және емделуге алынған бір­жолғы төлемдер болашақ зейнетақының мөлше­рі­не әсер етуі мүмкін екенін елемеуге болмайды. Зей­­нет­­керлікке шыққан кезде салымшы үшін бір­жол­ғы зей­­­нетақы төлемдерінің салдары қандай бо­луы мүмкін?

– Сіз дұрыс айтасыз, жинақтардан алынған кез кел­ген біржолғы төлем салымшының болашақ зейнет­ақы­сына әсер етеді. Болашақта ол біржолғы төлем алу мүмкіндігін пайдаланбаған салымшыларға қарағанда төмен зейнетақы алатынын есте ұстаған жөн.

Зейнетақы жинақтарын алуға мүмкіндік беретін зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілігінің шегі әрбір жас үшін, тым болмағанда ең төмен жалақыдан тұрақты жарналар кезінде салымшы өзінің жеке зейнетақы шотында базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшерін алып тастағандағы (2021 жылы – 43272 теңге) бір ең төмен зейнетақы мөлшерінде БЖЗҚ-дан ай сайынғы төлемдерді алу үшін жеткілікті сомаға (2021 жылы – 18524 теңге) ие болатындай етіп есептел­ген. Басқаша айтқанда, Қордан берілетін ең төменгі ай сайынғы төлемдер 24748 теңге болмауы мүмкін (2021 жылғы есеп бойынша).

Болашақ зейнетақыңыздың мөлшерін БЖЗҚ-ның болжамды зейнетақы калькуляторы қызметі (“enpf.kz” сайтында немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасында) ар­қы­лы болжауға болады. Ол көпдеңгейлі зейнетақы жүйе­сіндегі зейнетақының барлық құрамдауыштарын: мемлекеттік бюджеттен берілетін базалық төлемнің және жасына байланысты зейнетақының (ортақ зейнетақының) болашақ мөлшерін, сондай-ақ БЖЗҚ-дан төленетін (міндетті зейнетақы, міндетті кәсіптік зей­нетақы және ерікті зейнетақы жарналары есебінен) жинақтаушы зейнетақыны есептейді.

БЖЗҚ-дан төленетін болашақ төлемдерді есептеу табыстылықтың күтілетін деңгейін ескере отырып, үш (пессимистік, шынайы және оптимистік) сценарийде ұсы­нылған. Бұл ретте барлық болжамды нәтижелер нақты (яғни болжамның тиісті кезеңінің инфляциясын ше­гергенде) құндық мәнде ұсынылады. Есептеулер са­лымшының нақты жинақтарына негізделеді (дерек­тер калькуляторға жеке кабинеттен жүктеледі) және өз зей­нетақысын жоспарлауға мүмкіндік береді, соның ішінде біржолғы зейнетақы төлемдерін алу кезінде оның қаншалықты азаятынын көрнекі түрде көруге болады.

Сондықтан зейнетақы жинақтарын баламалы мақ­саттарға пайдалану салымшылардан қаржылық сауат­тылықты, күтілетін зейнетақыны бағалау қажеттілігін, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін мұқият екшеуді талап етеді.

– Осыған байланысты зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға аудару мәселесін қозғағым келеді. Бұл жаңалық салымшылар арасында танымал ма?

– 2021 жылғы қаңтардан бастап азаматтарға өз­де­рінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағ­дайларын жақсарту және емделуге ақы төлеу үшін ғана емес, сондай-ақ инвестициялық портфельді бас­қарушы (ИПБ) компанияларға инвестициялық басқа­руға беру үшін де пайдалану құқығын беретін заңна­малық нор­малар күшіне енді. Бұл зейнетақымен қам­сыз­дандыру нарығында қосымша бәсекелестік туды­рып, БЖЗҚ са­лымшыларына өз жинақтарын қалау­ларынша инвести­циялауға мүмкіндік берді. Яғни ақша жүйеден шығарыл­майды, сонда қалады және көбейеді. Басқарушы компа­нияны таңдау үшін, мүмкіндігінше, оның қызметімен танысу керек. Негізгі ақпарат – инвес­ти­циялық деклара­ция, комиссиялық сыйақы туралы мә­лімет.

Қазіргі уақытта БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенім­герлік басқару туралы төрт ИПБ-мен, атап айтсақ, “Jusan Invest” АҚ-ы, “Halyk Global Markets” АҚ-ы, “BCC Invest” АҚ-ы және “Сентрас Секьюритиз” АҚ-ы келісімшарттарға қол қойды.

Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға сәйкес жеке кәсіпкерлер инвестициялық басқару үшін комис­сиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ-лардың комиссия­лық сыйақысының шекті шамасы алынған инвестиция­лық табыстың 7,5 пайзынан аспауы тиіс. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ басқару органы бекітеді және ол жылына көп дегенде бір-ақ рет өзгертіледі.

Зейнетақы жинақтарын бір немесе бірнеше ИПБ-ға аудару үшін салымшы БЖЗҚ-ға өтінішпен жүгінуі керек. Өтініш “enpf.kz” сайтындағы жеке кабинет арқылы не­месе БЖЗҚ-ның кез келген өңірлік бөлімшесіне барған жағдайда берілуі мүмкін.

БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін алғаннан кейін ИПБ оларды Ұлттық банк басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы №10 қаулысымен бекітілген инвестиция­лық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген және ИПБ инвести­циялық декларациясында көзделген рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайды.

Салымшы зейнеткерлік жасқа толғанға дейін Ұлттық банктің басқаруында болатын зейнетақы жинақ­тарына инфляция деңгейі ескеріле отырып сақталу кепілдігі қолданылады. Зейнетақы жинақтары ИПБ-ның басқаруына аударылған жағдайда, мемлекеттік кепілдік басқарушы компанияның зейнетақы активтерінің ең төменгі кірістілік деңгейін қамтамасыз ететін кепілдігі­мен алмастырылады. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі нарықта әрекет ететін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігін негізге ала отырып, есептелінеді.

Басқарушы компаниялардың қандай табыс табаты­ны туралы ақпаратты салымшылар сайттағы жеке каби­нет­тен немесе мобильді қосымшадан алатын өздерінің зейнетақы шотынан үзінді көшірмеде көрсетілетін мәліметтер арқылы қадағалай алады. Әрбір ИПБ-ның инвестициялық қызметіне жалпы шолу “enpf.kz” сайтындағы “Көрсеткіштер” бөлімінде жарияланады.

Зейнетақы активтері ИПБ-ның сенімгерлік басқа­руына алғаш берілгеннен кейін салымшы:

– БЖЗҚ-ға өзінің зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екінші ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға беру туралы жылына тек бір рет өтініш беруге;

– БЖЗҚ-ға ИПБ-ы сенімгерлік басқаруындағы зей­нетақы жинақтарын Ұлттық банктің сенімгерлік басқа­руына қайтаруға (зейнетақы жинақтары ИПБ-ның сенім­герлік басқаруына алғаш берілгеннен кейін екі жылдан ерте емес) өтініш беруге құқылы.

Салымшы зейнетақы жасына жеткенге дейін күнтіз­белік 10 күн бұрын салымшының зейнетақы жинақтары Ұлт­тық банктің инвестициялық басқаруына қайтарыла­ды. Үстіміздегі жылдың 2 қарашасындағы жағдай бойын­ша шамамен 5,4 млрд. теңге аударылды, БЖЗҚ 2 мың 912 өтінішті орындады. Аударымның орташа сомасы – 1,9 млн. теңге.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мәлімет келті­ретін болсақ, 2021 жылғы 2 қарашаға дейінгі көр­сеткішке сәйкес 41 салымшы зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегінен асқан сомасынан 18 млн. теңгені басқарушы компаниялардың сенімгерлік басқаруына аударды. Аударымдардың орташа мөлшері 0,4 млн. теңгені құрады. Зейнетақы жинақтары сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі егжей-тегжейлі статистика да “enpf.kz” сайтындағы “Көрсеткіштер” – “Басқарушы компанияларға зейнетақы жинақтарын беру” бөлімінде қолжетімді екенін атап өткім келеді.

– 2021 жылғы ең көп талқыланып жатқан мәсе­ле­­лердің бірі – БЖЗҚ-дан төлем жасау әдістемесінің өзгеруі, түзету неге байланысты енгізілді?

– 2021 жылдың 1 сәуіріне дейін қолданыста болған әдістемеге сәйкес БЖЗҚ-дан кесте бойынша зейнетақы төлемдерінің ай сайынғы сомасының мөлшері жыл сайын қайта есептеліп, алушының тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының қалдық сомасын олардың ағымдағы құнының коэффициентіне көбейтіндісінің он екіден бірін құрады. Ағымдағы құн коэффициенттері 2000 жылдардың басында өзекті болған өмір сүру ұзақтығы, кірістілік және т. б. өлшемдерді ескере отырып айқындалды.

Алайда зейнетақыны жоспарлаудың әлемдік тәжі­рибесін, әлеуметтік және демографиялық факторларды ескере отырып, бұл өлшемдерді жаңарту қажеттігі туын­дады. Мысалы, Қазақстанда алушының зейнеткерлік жастан бастап (2021 жылы ерлер – 63 жас және әйелдер – 60 жас) күтілетін өмір сүру ұзақтығы бүгінгі күні ерлер мен әйелдер үшін, тиісінше, 80 және 82 жасты құрайды. Сондықтан зейнетақы жинақтарының неғұрлым ұзақ мерзімге төленуі жайлы мәселе туындады.

Мұнымен қатар қауіпті және зиянды салалар қызметкерлері, мүгедек адамдар тәрізді азаматтардың жекелеген санаттарының ерекшеліктерін ескеру қажет. Өйткені олардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы Қазақстан бойынша орташа көрсеткіштен өзгеше. Сондықтан арнайы санаттағы алушылар үшін көтермелеп түзету коэффициенттері қарастырылған.

Осы сәттердің барлығы жаңа әдістемеде көрсе­тілген, соған сәйкес 2021 жылғы 1 сәуірден бастап зей­нетақы төлемдерін жүзеге асырудың бірінші жылын­дағы жылдық сома зейнетақы жинақтары сомасының зейнетақы жинақтары төлемдерінің 6,5 пайыз мөл­шерлемесіне көбейтіндісі ретінде есептелетін болды. Содан кейін бұл нәтиже 12-ге бөлінеді, сол арқылы біз БЖЗҚ-дан ай сайынғы төлем мөлшерін аламыз. Келесі жылдары ол жыл сайын зейнетақы төлемдерін ин­декстеу мөлшерлемесіне өсетін болады – 5 пайыз.

2021 жылдың басынан бастап БЖЗҚ-дан берілетін төлемнің ең төменгі мөлшері өсті. Егер бұрын ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құраса, қазір ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы (немесе 24011 теңге) болды. Осылайша көптеген алушылар үшін төлем мөлшері артты.

2018 жылдың 1 қаңтарына дейін БЖЗҚ-дан төлем­дерді ала бастаған азаматтар үшін зейнетақы төлемінің жыл сайынғы мөлшері ең төмен зейнетақының отыз еселенген мөлшерінен кем болмайды (2021 жылы 30 х 43272= 1298160 теңге). Төлемдер бұрын таңдалған кесте бойынша жүзеге асырылады.

БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 2021 жылғы 31 наурызға (қо­са алғанда) дейін іске асырған адамдарға зейнетақы тө­лемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асырудың жаңа әдістемесіне сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ай сайынғы зейнетақы төлемдері зейнетақы төлемдерін индекстеудің 5 пайыз мөлшерлемесіне ұлғайып отыра­ды. Кейіннен жыл сайын индекстеліп отыратын болады. Осылайша жаңа әдістеме индекс­теудің болуына байла­нысты азаматтарға кейінгі жылдары зейнетақы төлем­дерін жүзеге асырудың түсінікті, қарапайым және бол­жам­ды тәртібін қамта­масыз етеді. Бұл азаматтардың жеке қаржысы мен отбасылық бюджетті жоспарлау кезінде маңызды.

– Болашақ зейнетақымызды көбейтудің маңыз­ды құралы – ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) ту­ралы білгім келеді, бұл мәселеде қандай өзгерістер болды?

– Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) – бұл салым­шылардың өз бастамасы бойынша БЖЗҚ-ға салатын ақшасы. Оларды жеке тұлғалар өз пайдасына, жеке және заңды тұлғалар үшінші тұлғаның пайдасына ауда­ра алады. Бұл ретте ЕЗЖ мөлшері мен төлеу кезең­ділігін жеке немесе заңды тұлға дербес белгілейді. ЕЗЖ төлеудің артықшылықтарының бірі – жеке тұлға ЕЗЖ-ны өз табысы есебінен жеке пайдасына төлеген кезде салық заңнамасында ЕЗЖ төленген сомаға салық шеге­рімінің көзделгендігі. Бұдан басқа, 2021 жылдың 1 қаң­та­рынан бастап салық агенті (жұмыс беруші) өз қаражаты есебінен қызметкердің пайдасына төлейтін ЕЗЖ корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатқызылады. Сонымен қатар жұмыс беру­шінің қызметкердің пайдасына төлеген ЕЗЖ сомасы қыз­меткердің табысына салық салу кезінде ескерілмейді.

Айта кетейік, үстіміздегі жылдың 1 мамырынан бастап ЕЗЖ есепке алынатын жеке зейнетақы шотын ашу үшін БЖЗҚ-ға келіп түскен алғашқы ерікті зейн­ет­ақы жарнасы негіз бола алады. Осылайша салымшыға (алушыға) Қор кеңсесіне барудың қажеті жоқ. Пайда­сына ЕЗЖ есептелінетін жеке тұлғаны сәйкестен­діру ЕЗЖ аудару кезінде төлем тапсырмасының электрон­дық форматында көрсетілген дербес деректер (ТАӘ, ЖСН, туған күні) бойынша жүзеге асырылатын болады. Ал жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын қолда­ныс­тағы құжаттың деректемелері, тұрақты тұратын жері туралы барлық қажетті мәліметтерді БЖЗҚ мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін алу құқығы зейнетақы жинақтары бар:

1) елу жасқа толған;

2) мүгедек болып табылатын;

3) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен шетел­діктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету ниетiн немесе дерегiн растайтын құжаттарды ұсынған;

4) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы Қорындағы және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорындағы ерікті зей­нетақы жарналары мен оларға есептелген инвестиция­лық кіріс сомалары шегінде кемінде бес жыл зейнетақы жинақтары бар адамдардың ерiктi зейнетақы жарна­лары есебiнен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы Қоры­нан зейнетақы төлемдерiне құқығы туындайды.

Бұл төртінші санат заңнамаға 2021 жылғы 1 мамырдан бастап енгізілді. Осы жаңашылдыққа сәйкес ЕЗЖ бойынша төлемдерді ерікті зейнетақы жарналары зейнетақы жүйесінде кемінде бес жыл болған барлық адамдар ала алады. Осылайша ЕЗЖ есебінен қаражат жинауды мысалы, 20 немесе 30 жастан бастай отырып, тиісінше, 25 немесе 35 жасқа толған кезде салымшылар өздерінің алғашқы төлемдерін ала бастайды.

Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-ға ЕЗЖ төлеуді екінші деңгейдегі банктер немесе “Қазпошта” АҚ-ы арқылы жүзеге асыруға болады. Жекелеген екінші деңгейдегі банктер жарналарды онлайн режімде (мобильді қосымша немесе өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы) аудару мүмкіндігін де ұсынады. Бұдан басқа, жұмыс берушіге өтініш беру мүмкіндігі тағы бар, оның негізінде жұмыс беруші БЖЗҚ-ға ЕЗЖ-ны өтініш берушінің не үшінші тұлғаның пайдасына тұрақты түрде аударатын болады.

– БЖЗҚ салымшылар мен алушыларға қызмет­тер ұсынудың жеделдігімен және жоғары сапасы­мен ерекшеленеді. Өз салымшыларыңызға қандай қыз­мет түрлерін көрсететіндеріңізді және адамдар­дың қандай өтініш беру тәсілін жиі таңдайтын­да­рын айтып берсеңіз.

– БЖЗҚ көрсететін қызметтер саны жыл сайын артып келеді. Сонымен қатар біз салымшыларымыздың қандай да бір қызмет түрлеріне деген қажеттіліктерінің өсіп жатқанын көріп, бұл сұраныстарды қанағат­тандыруға тырысып, тіпті алдын ала болжай аламыз. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында БЖЗҚ өз салымшыла­ры­на 30 миллионнан астам қызмет көрсетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46 пайызға көп. Электрондық форматта 22,2 миллионға жуық қызмет көрсетілді, бұл қызметтердің жалпы көлемінің 73 пайыздан астамын құрайды.

БЖЗҚ-ның сайтында да, мобильді қосымшасында да салымшылардың қызметтерді кез келген уақытта және кез келген жерде алу мүмкіндігі бар екенін естеріңізге сала кетейін. Оған мысалы, жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алу, деректемелерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу, ЖЗШ-ның болуы туралы анықтама алу, мерзімсіз уақытқа 1 немесе 2 топтағы мүгедектіктің белгіленуіне байланысты зейнетақы төлем­дерін тағайындау туралы өтініш беру, төлемге өтініштің орындалу мәртебесін қадағалау және т.б. жатады. Айтпақшы, биыл заңнамалық өзгерістердің енгізілуіне байланысты тағы да қажетті қызметтер қосылды. Мысалы, қазір азаматтар алу немесе ИПБ-ға аудару үшін жеткілікті соманың шотта бар-жоғын 2-3 минут ішінде тексере алады. Жинақтардың жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін ИПБ-ға аудару да “enpf.kz” сайты арқылы жүзеге асырылады.

Қызметтердің бір бөлігі автоматты форматқа ауыс­тырылды. Бұрын айтқанымдай, қазір МЗЖ бойынша да, ЕЗЖ бойынша да салымшылардың өтініштерінсіз-ақ шот ашуға болады. Бұл салымшылардың уақытын едә­уір үнемдеуге көмектеседі. 2021 жылдың 26 қазанынан бастап тағы да заңнамалық өзгерістер күшіне енді, соған сәйкес міндетті кәсіптік жарналар есепке алынатын шоттар да өтініш бермей-ақ ашылады. Бұл жарналардың осы түрін төлейтін жұмыс берушілер үшін өте ыңғайлы.

2021 жылдың 1 қазанына автоматты форматта 5,1 миллионнан астам қызмет немесе жалпы көлемнің шамамен 17 пайызы көрсетілді. Нәтижесінде БЖЗҚ-ның 90 пайыздан астам қызметін үйден немесе кеңседен шықпай-ақ алуға болады. Алайда шектеу шаралары кезеңінде біз салымшыларымыздың көпшілігінің қызметтерді Қор бөлімшелерінен тікелей алуды қалайтындарын байқадық. Айтқандай, олар 1,7 миллионнан астам қызметті еліміз бойынша тікелей БЖЗҚ-ның 183 қызмет көрсету кеңселерінен алды.

Қор бөлімшелері жоқ елді мекендерде қызметтердің бір бөлігін (хабарлау тәсілін, салымшының қосымша де­ректемелерін өзгертуді) “Қазпошта” АҚ-ы бөлімшелері­нен алуға болады. БЖЗҚ-да көшпелі қызмет көрсету бө­лімдері бар. Олар қатаң санитарлық-эпидемиология­лық шараларды сақтай отырып жұмыс істейді. Бұл ретте алдын ала кеңес беру (оның ішінде қызметтерді онлайн алу мүмкіндігін тексеру) жүзеге асырылады. Осылайша БЖЗҚ қызметтері ірі қалалар мен шал­ғайдағы шағын елді мекендердің тұрғындарына да бір­дей қолжетімді деп айтуға болады.

Қордың Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы биылғы тоғыз айда зейнетақы жинақтарын төлеуге 3663 өтінішті, зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйым­дарына аударуға 119 өтінішті өңдеді, салымшылардың қосымша деректемелеріне өзгерістер енгізу бойынша 13029 операция жүргізді, жеке зейнетақы шоттарынан 19550 үзінді көшірме, зейнетақы шарттарының 5438 телнұсқасы берілді және жеке зейнетақы шоттарының жай-күйі туралы хабардар ету тәсілдерін өзгерту бойынша 8765 қосымша келісім жасады.

Қосымша анықтама ретінде мынандай деректерді келтіруге болады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы Қо­ры салымшыларының шоттарында шамамен 13,1 трлн. теңгеден астам зейнетақы жинақтары бар. Жарналар­дың барлық түрлері бойынша БЖЗҚ-дағы жеке зей­нетақы шоттарының саны 11,7 млн. бірлікті құрады. 2021 жылдың 1 қаңтарынан 1 қазанына дейінгі аралық­та таза инвестициялық табыс 1,1 трлн. теңге болды. Жыл басынан бері БЖЗҚ салымшыларына 2,1 трлн. тең­геден астам қаражат төледі. Солтүстік Қазақстан облы­сында биылғы 1 қазанға дейін МЗЖ есепке алу бойын­ша жинақталған жеке зейнетақы шоттарының саны – 351241, зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 358 млрд. теңге болды. МКЗЖ есепке алу бойынша жи­нақталған жеке зейнетақы шоттарының саны – 8109, зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 4 млрд. теңге, ал ЕЗЖ есепке алу бойынша – 1589 шоттың зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 32 млн. теңгені құрады.

– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен

Әсет ҚАНАФИН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp