«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАТ АҒЫМНЫҢ ЖЕТЕГІНДЕ КЕТПЕСІН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасы көпэтносты және көпконфессионалды мемлекет болғаннан кейін этносаралық және конфессияаралық келісімнің сақталуы аса маңызды. Еліміздегі 18 діни бірлестік пен 130-дан астам этностың тату-тәтті өмір сүруі мемлекеттің саясатының дұрыс бағытта екеніне бірден-бір дәлел. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде мешіттеріміз жамағатқа толып, құлшылық жасаушы­лардың қатары артты. Осы орайда еліміздің болашағы – жастардың дінге бет бұрғаны қуантарлық жағдай. Алайда олардың дінге деген ынта-ықыласы күшейген уақытта, діни білім мен діни ақпаратқа деген мұқтаждықтың туындайтыны заңды құбылыс. Сонымен қатар дінді тереңінен оқып білуге бет бұрған жастардың шетелдік діни оқу орындарына түсіп, жалған діни ағымдардың жетегіне еріп, деструктивті идеологиямен улану қаупі бар екенін естен шығармауымыз керек. Ислам дінінің қайнар көзі, қияметке дейін өзгермейтін мәңгі мұғжизасы саналатын қасиетті Құран Кәрімнің алғашқы түскен аяты да: “Оқы, Жаратқан Раббыңның атымен оқы”, – деп адам баласын оқу-білімге үндейді. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің хадис-шарифтеріне де зер салып қарайтын болсақ: “Білімді тал бесіктен жер бесікке дейін талап қыл”, “Ілім іздену барша мұсылман ер мен әйелге міндет”, – деп ислам дініндегі ғылым мен білімнің орынын тайға таңба басқандай етіп ашық көрсеткен.

Ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізген уақытта діни білім алуға деген сұраныс артып, шетелдік оқу орындарының есіктері айқара ашылған болатын. Жастардың жаппай шетел асып, Мысыр, Ливан, Иордания, Сауд Арабиясы сынды араб мемлекеттерінде ислам дінін тереңінен оқуға барып, кейбірі деструктивті діни ағымдардың жетегінде кетіп, елге оралған уақытта жалған, дәстүрлі емес діни идеологияны ала келгенін көрдік. Халқымыздың салт-санасы, әдет-ғұрпы мен тарихына үш қайнаса сорпасы қо­сылмайтын деструктивті діни идеологияны діни уағызшылар аудио-видео форматта әлеуметтік желі мен интернет беттерінде таратып, дінге бет бұрған жастардың санасын сиқыршыдай улауда. Жалған діни идеологияның уағыз-насихаттарына иланған Қазақстан жастары исламды қате түсініп, террористік ұйымдардың сойылын соғып, жиһадшылар жалауын желбіретіп, бөтен елде өлім құшқанын бұқаралық ақпарат құралдарынан талай естідік. Өңіріміздегі түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқандардың арасында ислами діни білім аламын деп шетел асып, санасы террористік ұйымның идеологиясымен уланып, қолға қару алып, соғысқа қатысқандар да бар. Шам еліне жиһадқа барамыз деп алданып қалғандар “Жусан” гуманитарлық жобасы аясында елге қайтарылғаны белгілі. Түзету мекемелерінде оңалту жұмыстарын жүргізу барысында жазасын өтеушілер дін үйренемін деп дінбұзарлықты бойларына сіңіргендерін ашық мойындайды.

Елдің ұйыған татулығы мен бірлігін бұзбас үшін елімізде ашылған Нұр-Мүбарак ислам мәдениеті университеті мен тоғыз медресе-колледж – дәстүрлі діни бағыт, Ханафи мазхабы мен Матуриди ақидасын қазақы салт-санаға сай тереңдете оқытатын білім ордалары. Еліміздегі діни оқу орындарын тамамдап, шетелдік, әлемге әйгілі университеттерге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жолдамасымен оқуға түскен талапкерге қауіпсіздік жағымен қатар жүйелі білім алуына бірден-бір кепілдік жасалады. Ал өздігінен білім ізденушілер интернетте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіт-медреселердің сайттары мен әлеуметтік желілердегі парақшаларын қарап, жергілікті атқарушы органдардың дін мәселелерін зерттеу және талдау орталықтарының ақпараттарын оқыса, деструктивті идеологияның ықпалынан сақтана алады.

Қанат МҰСТАФИН,

“Қоғамдық даму және ақпарат орталығының” теолог маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp